26 сәуір 2022 11:59

"Өмір қымбаттап кетті". Алматыда "арзан" саналатын базардың тыныс-тіршілігі

Камила Долаева Журналист

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сурет: Әлихан Сариев Сурет: Әлихан Сариев


Былтырғы ресми статистикаға сүйенсек, қазақстандықтар ақшасының жартысын, тіпті 50 пайыздан артығын тамаққа жұмсайтыны анықталды. Алайда бүгінгі инфляциямен қалт етсе азық-түлік бағасы көтірілетін уақытта халықтың жағдайы қиындап қалғаны көрінеді. Қымбатшылық тұрғындардың өміріне қаншалықты әсер етіп жатқанын анықтау үшін Tengrinews.kz тілшісі Алматыда "арзан" саналатын "Оптовка" базарына барды.

Азық-түлік базарында әдеттегідей адам көп. Сауда сыртта да іште де жүріп жатыр. Көбінің қарап жүргені - көкөніс, ет. Қып-қызыл боп көзге бірден түсетін құлпынайларға да ел қызыға-қызыға қарап, бағасын сұрастырып жүр. Бірақ келісі 4000 теңге тұрады, әркімнің қалтасы көтере бермеген соң жай өтіп кетіп жатыр. 

Базарға кірген бойда ет сататын жағына бардық. Алты-жеті қатарда келіншектер қатар-қатар жіліктеп қойған қой, сиыр, жылқы етін сатып отыр. "Келе ғой, не керек, сұраңыз" деп өзіне шақырады әрқайсы.   

"Ет жақсы өтіп жатыр. Адамдар қазір ауызашар көп жасайды. Қазақтар етсіз болмайды ғой", - дейді солардың бірі. 

Алайда сауда жоқ деп көңілсіз отырған әйелдер де кезікті. "Қарасаңызшы, адам жоқ, қазақтар қазір ет ала алмай қиналып қалды", - дейді бірі. 

Базарда ет бағасы 2400 теңгеден жоғары. Көбіне Шымкент, Талдықорған, Ұзынағаш, Қызылордадан алып келеміз дейді саудагерлер. Базардан 2-3 келі ет сатып алған алматылық Екатерина Журавлева негізінен құс етін жиі алатынын айтады. Себебі балалары ұнатады.

"Ал бағаның өсуіне байланысты қой мен сиырды сирек ала бастадық. Жалпы денсаулық үшін де дақылдарды, көкөністерді көбірек жей бастадық. Қызанақ жақсы көреміз, жақсы күріш, кинза аламын. Сондықтан сиыр етінен қазір бірнеше келі ғана алдым. Үйде рагу жасау үшін", - дейді ол.

Екатерина Журавлева "соңғы кездері бұрынғыдай бәрін ала бермейтінін, тізім жасап, керегін ғана таңдап алатынын" айтты.  

Сол жерде азық-түлік сатып тұрған Роза да "қазір адамдар артық еш нәрсе алмайды" дейді. "Бұрын не сатса да өте беруші еді" деп күлімсірейді ол. 

"Халық негізінен ұн, қант, май, қарақұмық, жұмыртқа алады. Сауда жоқ, бұрынғыдай емес. Адамдар салыстырмалы түрде 40 пайызға аз келеді десе болады. Пандемия дедік, айлап жұмыс істемедік. Дәл осы жерді жауып тастаған еді. Баға да 15-20 пайызға өсті ғой", - дейді сатушы. 

Роза бұл жерде жалдап отырған орын мен үйіне алатын азық-түліктің ақшасын ғана шығаратынын айтты. Бұрыннан істеп келе жатқан жұмысы болған соң 54 жасында басқа қайда барарын білмейді. Оған қоса "жастар тұрғанда мені қайтеді, денсаулығым да келмейді" дейді ол. 

Төмен қарай жеміс, көкөніс, кептірілген жемістер мен сүт өнімдерін сататын жерге түстік. Мұнда да адам құжынап жүрген жоқ, десе де бар, сауда өз бабымен жүріп жатыр. Даусы жарқын-жарқын шығып жатқан сатушылардың бірі - Бибінұрға жақындадық. Ол көкөністер сатады. "Алтын ордадан кейін арзан жер біз" дейді ол. 

"Алтын орданың бағасы түссе, бізге жеңіл, біз де арзанырақ сатамыз. Олар көтерсе біз де көтереміз", - дейді ол.

Бибінұр тауардың үстінен 20 теңге қосып сататынын айтады. Мысалы, қызылшаны 380-нен алып, бағасын 400 теңге деп қойған. Ескісін 350-ден алған екен, үш күнде солып қалған соң 300 теңгеден сатып отыр. Картоп - 280 теңге. Енді шыққандары - 800 теңге.

Базарда броккали келісіне 2400-2500 теңге тұрады. Ет бағасымен бірдей. "Бұл арзандағаны қайта. Бір ай бұрын бір келісі 2000-3000 болған. Баклажан 5000 болған. Қазір баклажанның ең арзанын 1350 теңгеге сатып алдым, 1500-ге сатамын", - деп бөлісті сатушы.  

Норвегиядан Ресей мен Украина арқылы келетін қызыл балықтың бағасы да 7500-ден 9500-ге көтерілген екен.

Алдымызға тағы бір келіншек кезікті, түрлі көкөністерді таңдап алып жүрген соң оларды не істейтіні қызық болды. Сөйтсе жаттықтырушы баласына тамақ жасауға алып жатыр екен. Есімі - Алма. Үйінде тек пайдалы ас жасайтын ол "бағалар өте қымбат" дейді. Алайда денсаулық үшін бағаға қарамастан көбірек көкөніс алуға тырысатынын айтты. 

"Қызанақтың өзі 900-1000 теңге тұрады. Өмір қымбаттап кетті. Тек пайдалы нәрсені сатып аламыз, химия жемейміз. Таңертең міндетті түрде төрт жұмыртқа жейді. Себебі онда ақуыз көп. Қарақұмықтан жасалған ботқа жасаймын. Түскі аста көмірсу, кешке тек ет пен салат", - дейді Алма. 

Ары қарай кептірілген жемістерге бардық. Оразада саудалары жақсы өтіп жатыр екен. Әсіресе құрмаға сұраныс жоғары. Кептірілген жемістер доллар түскелі тіпті 200-300 теңгеге арзандаған. Оларды негізінен Иран, Сауд Арабиясы, Израиль, Тунистен алып келеді екен.  

Базарды аралап жүріп қолына бірнеше ауыр пакет ұстап алып, көңілді кетіп бара жатқан тағы бір келіншекке кезіктік. Төрт баланың анасы Роза жұбайының ауызашарына деп апельсин, мандарин алып жүр екен. Алайда бұл олардың күнделікті жеп жүрген тамағы емес.

"Айына бір рет аламыз. Сол жалақы түскенде үйдегілерді қуантып тұрамыз. Азық-түлік мүлде қолжетімді емес. Қымбаттағаны қатты сезіледі. Кейбіреулері 200 теңгеге, кейбірі одан да қымбаттап кеткен. Жалақы аз. Тапқан ақшамның барлығы дерлік тамаққа кетеді", - дейді Роза.

Сүт өнімдерін сатумен айналысатын Беглан да жыл басынан баға 100 теңгеге қымбаттағанын айтты. Ол өзі үйдің сүтін, айран, ірімшік, сүзбе, құрт сатады. Ұзынағаш, Меркеден алып келеді екен. "Қанттың артынан ірімшік те қымбаттады. Сұраныс жақсы, үйдің тамағын көп алады ғой. Қалмайды", - деді ол. 

Бегланнан төмен тұрған тағы бір сатушымен сөйлесіп көрдік. Есімі - Ләззат. Ол қаймақ, сүзбе, қатық, қолдың жұмыртқасы сұраныста екенін айтты. Өзі үстінен 50-100 теңге қосып сатады екен. "Тауар өзім кезінде сатқан бағамен маған келіп жатыр. Арзан нәрсе жоқ. Әсіресе ресейлік сұйық май қымбаттады", - дейді келіншек.

Ләззаттың өз клиенттері бар, сондықтан саудасы тоқтамай жүріп жатыр. Тек бір әттеген-айы бар. "Доллар түсті, бірақ азық-түлік көтерілмесе ешкім түсіп жатқан жоқ" дейді. Оның сөзінше, тауарлар әр апта әр түрлі бағамен келеді. Арасында акцияға ілінсе - үлкен қуаныш. 

"Сүттің өзі де оңай болып тұрған жоқ. Жем-шөп қымбат, шөп шықпай қалды ғой. Қыста тауық тумаса да қаншама жем жейді. Сүттің өзі сиырдың тілінде ғой, не берсең соны аласың. Сүт шықпайды", - деді сатушы. 

Біз сатушы, клиенттермен әңгімелесіп жүргенде базарда адам тола бастады. Сонда жүрген зейнеткер апамен де сөйлесіп көрдік. Базарға ет алуға келіпті. 2600-ден сатып алдым дейді. 60-тан асқан әйел жұбайымен ораза ұстайды, сол ауызашарына түрлі дәм алып жүр екен.  

Зейнеткер бағаларды өте қымбат десе де тіршілігі бар болған соң шүкіршілік етеді.

"Үйде сол ет асамыз, ақшамыз жеткенше ет алуға тырысамыз. Қымыз алып ішейік десек жоқ қазір. Бәрі онша емес, сапасы жоқ. Өзім сүт алып айран ұйытамын. Кейде ірімшік жасаймын. Президентіміз жақсы нұқсқау жасады. Соған сенеміз, көмектесеміз, қолдаймыз. Шүкір", - деді ол. 

 Суреттер: Әлихан Сариев

 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.26   490.7   4.83 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети