1. Басты
  2. Қара

Президент Тоқаев Жолдауында не айтты? Негізгі ойлар

16 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау жариялады.

Сурет: Bort_01

16 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау жариялады.

Жолдау Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтылды. 

Жолдау мемлекеттік телеарналардан тікелей эфирде көрсетілді. 

Жолдаудан ақпарат таратуға 48 БАҚ-тың 150-ден аса өкілі аккредитациядан өтті.

"БОРТ N1" Telegram-арнасында шараны тікелей эфирден қамтамасыз ететін режиссер пульті мен МТСС-тің суретін жариялады. 

Мемлекет басшысын Парламент ғимаратына келгенде кіре берісте премьер-министр, Сенат және Мәжіліс төрағалары, Мемлекеттік хатшы, Президент әкімшілігінің басшысы қарсы алды.

Жолдауға ресми тұлғалармен қатар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері де қатысты.

Президент Жолдауы 11.00-де басталды.

"Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Жолдауын қасіретті қаңтар оқиғасынан бастады. Ол қара жамылған отбасылардың қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. "Біз мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасаймыз" деді.

Тәртіпсіздіктер бойынша алдын ала қорытындылар дайын екенін де айтты.

"Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты. Лаңкестер мемлекеттік органдарға, стратегиялық нысандар мен бизнеске тиесілі ғимараттарға шабуыл жасады. Билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты.

Осының бәрін шетелдегі радикалды күштер өз мақсатына пайдаланғысы келді. Олар Қазақстанды қақтығыс алаңына айналдырып, елге ойран салмақ болды. Бейбіт өміріміздің тас-талқанын шығаруды жоспарлады. Президентті биліктен кетіргісі келді".

"Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл - дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет".

"Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн. Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды".

"Әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керек"

"Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын".

"Біз Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз керек. Президенттің Сенаттағы квотасын бақылаудың құралы емес, Парламентте өкілдері аз әлеуметтік топтардың үні мен ой-пікірін ескеру тетігі ретінде қарастырған жөн. Осы орайда мен Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдадым. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады".

"Парламенттің төменгі палатасында еліміздегі түрлі саяси көзқарастар көрініс табуға тиіс. Осылайша, біз Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасын жоямыз. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді". 

"Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізген дұрыс деп санаймын. Соған сәйкес, заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болады".

"Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын".

"Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Сонымен бірге аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі".

"Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынамын". 

"Партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Тіркеу шегін 4 есеге - 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды".

"Сайлаушылардың бірыңғай электронды базасын құру мүмкіндігін қарастыру қажет".

"Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез-келген адам  өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  мұндай орган  Қазақстанда болған. Сарапшылар Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме  тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын".

"Мен Прокуратура және Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжаттар  заң тәртібін күшейту және құқық қорғау қызметін ұдайы жетілдіру үшін қажет". 

"Мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек".

"Реформаларды әзірлеу және оны жүзеге асыру ісіне қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды барынша тарту қажет. Сол үшін, ең алдымен, ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттардың бәрі ашық талқылануын қамтамасыз ету керек. Бұл мәселе бойынша жасанды пікірталас өткізіп, көзбояушылық жасауға болмайды. Біз елімізде азаматтық белсенділікті жандандыруымыз керек".

"Біз  бірліктің бастауы болған дала демократиясының дәстүрін жаңғыртуымыз керек. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін  жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады".

"Ең алдымен, Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын". 

"Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады". 

"Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады".

"Мәслихаттардың өкілеттігін нақты белгілеу қажет. Өңірлерді қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қараған жөн. Қазіргі кезде ауылдық округтер жоғары тұрған әкімдерге толығымен тәуелді. Сондықтан мардымсыз қолдауға ие болуда. Әкімдер сайланатынын ескеріп, халықаралық озық тәжірибеге сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тікелей қаржыландыру тәсілін енгізген дұрыс болар еді".

"Қаржы саласында өршіп тұрған жасанды сұранысты, соның ішінде сырттан келген сатып алушылардың белсенділігінен туындаған сұранысты азайту қажет".

"Фермерлер қауымдастығымен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарау керек".

"Жаңа Қазақстанның іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесімді байланысы негізінде қалануға тиіс".

"Жаңа Қазақстан - жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты. Ендеше, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетейік, ағайын! Қастерлі Отанымыздың тұғыры мығым, абыройы биік болсын! Баршаңызға рақмет!".

Суреттер: БОРТ N1

Артынша Президент Жолдауға келген облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен кеңес өткізді.