28 желтоқсан 2020 18:27

"Солтүстік біздікі". Мұнда қазақтың ұлы батырлары жерленген

ПОДЕЛИТЬСЯ


Солтүстік Қазақстан облысында қазақтың атақты батырлары жерленген. Кейінгі уақытта солтүстік өңірі туралы тақырып қоғамда қызу талқыланып жатыр. Осыған байланысты Tengrinews.kz тілшісі Ресеймен шекаралас ауданға барып, қазақ батырлары жерленген кесенеде болды.

Петропавлдан бұл жерге жету үшін алдымен егістік, орман және кем дегенде бір таудан өту керек.

Солтүстік Қазақстан облысында Айыртау деген аудан бар. Мұнда Саумалкөл ауылы орналасқан. Ол Ресей шекарасына жақын. Тіпті, бұл жерден Қарасай мен Ағынтай батырлардың кесенесін де көруге болады.

Кесенеде шырақшы бар. Оның үйі жақын маңда орналасқан. 

Ол осында 2000 жылы көшіп келіпті.

Әңгіме барысында "Отбасымен 20 жыл бойы мұнда қалай тұрып жатыр, қорқынышты емес пе?" деген ой да келді.

Бірақ аяз бен желге қарамастан кесенеге келген зиярат етушілерді көріп, шырақшының жалғызсырамайтынын түсіндік. Шырақшы Саммидин Омаров зиярат етушілер осында жыл сайын келетінін атап өтті.

"Бұл жер - біздің мақтанышымыз, тарихымыз. Есім хан тұсында батырлар бұл жерді жаудан қорғады. Екеуі жай ғана жауынгер емес, жақын дос болды. Қарасай мен Ағынтай рухы биік, мықты адамдар еді. 1643 жылы қазіргі Омбы мен Томск маңында олар қазақ батырлары көмекке келгенше жаумен 18 күн шайқасты. Бұл өлкеде әлі күнге дейін қазақтар тұрады", - дейді ол.

Саммидин кейбір ресейлік саясаткерлердің "Солтүстік өңірде қазақтар болмаған" деген пікіріне қатысты өз ойын айтты (Осыған дейін ресейлік депутат "Қазақстан болған жоқ, Солтүстік Қазақстанда адамдар мүлде қоныстанған жоқ" деп мәлімдеген еді).

"Мен бұл пікірге қарсымын. Оған дейін мұнда қазақтар тұрған. Оны жер-су атауларынан байқауға болады. Бәрінде қазақ атаулары бар. Ол заманда қазақтың жері кең болды ғой. Халқымыз жылқы жайды. Көкшетау мен Петропавл маңында ханды ақ киізге көтерді", - дейді шырақшы.

Оның пікірінше, бұл өңірдің тарихы тереңде жатыр. Тіпті, қазіргі Ресей қалаларының атауы қазақ сөздеріне сәйкес келеді.

"Омбы, Томск, Саратов, Орынбор, Қорған, Сыктывкар, Чита, Пермь, Байкал, Түмен (Тюмень). Бұл атаулар қазақ сөзіне сәйкес келеді", - дейді ол.

Біз кесенеге жақындадық. Саммидин кіреберістегі орнатылған алып найзаларға назар аударуымды сұрады.

"Бұрында адамдардың қандай мықты болғанын елестетіп көріңізші. Найзамен жауға қарсы күресу үшін күш керек қой", - дейді шырақшы.

"Мұнда ұлы батыр Қарасай жерленген", - деп Саммидин кесененің ішіне кіріп бара жатыр. Батыр 1598-1671 жылдар аралығында өмір сүріпті.

"Қазақтың дәстүрі бойынша қабірге осындай тастар қойылған. Біреуі осында батыр жерленгенін, ал екіншісі мұнда әулие адам жатқанын білдіреді", - деп түсіндіреді ол қараңғы дәлізбен өтіп бара жатып.

"Мұнда Ағынтай батыр жерленген", - дейді шырақшы. Ол 1599 – 1672 жылдар аралығында өмір сүріпті.

Өңірдегі мәдениет басқармасы қос батырдың ерлігін қысқаша айтып берді:

"XVII ғасырда Есім хан туының астында шапырашты руынан шыққан атақты Қарасай мен арғын руынан шыққан Ағынтай батырлар бұл жерді жаудан қорғады. Жоңғар басқыншыларына қарсы күресте Есім ханның әскерін 18 жастағы Қарасай батыр басқарды. Ал арғын Ағынтай оның көмекшісі әрі адал досы болды. Батырлар 48 жыл ішінде жауға қарсы 200-ден аса шайқасқа қатысты. Екеуі де Құлшынбай төбе шоқысында жерленген".

Батырларға арналған мемориал кешені 1999 жылы салыныпты.

"Мұнда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет келгенде өз жолдауын осында қалдырды. Тастың астында капсула бар. Біз оның үстіне бетон құйып тастадық. Елбасының жолдауы сонда жатыр. Мен бір кездесуде "Құрметті, Президент, сіздің хатыңызды қашан оқуға болады?" деп сұрадым. Ол "Қазақстан егемендігінің 100 жылдық мерейтойында оны ұрпағымыз оқысын" деп жауап берді", - дейді Саммидин Омаров. 

Оның айтуынша, мұнда Қарасай мен Ағынтайдан басқа көптеген батыр жерленген.

"Белгісіз қорғандар көп, барлық жерде батырлар жерленген, зираттар көп, қыс мезгілінде оған жету қиын, қар қалың", - дейді ол.

Бұл туралы СҚО мәдениет басқармасының сайтында да жазылыпты:

"Қазба жұмыстары кезінде мұнда бойы шамамен 2 метр болатын батырдың сүйегі табылды. Оның жанында ауыр қылыш пен сауыт болған".

Кесенеге баратын жолды көрсеткен жергілікті тұрғын Аманбек Махметов те көптеген қазақстандық сияқты ресейлік депутаттардың Қазақстанның солтүстік жеріне қатысты мәлімдемесін жүрегіне жақын қабылдапты.

Аманбек Айыртау ауданының кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы екен. Алайда ол менің сұрағыма мемлекеттік қызметкер ретінде емес, Қазақстан азаматы ретінде жауап берді.

"Бойымды ашу қысты. Себебі, Қарасай мен Ағынтай батырлар аңыз әңгіменің кейіпкері болған жоқ. Олар өмірде болған адамдар. Бөгенбай, Абылай, Наурызбай, Кенесары да өмірде болды. Ал Кенесары отанымызды қорғау үшін 11 жыл жай соғысты ма? Жоқ! Тарихты бұрмалауға болмайды. Қазақтар осында тұрған, Құдай қолдап, тұра берсін! Бұл - менің жеке пікірім", - деп түйіндеді сөзін Аманбек Махметов.

Бұл ауданда тағы бір керемет орын бар.

Археологтар сонау 1980 жылы Ботай қонысы деп аталатын жерді тапқан. Табылған заттар осыдан 5,5 мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың бие сүтін ішкенін көрсетеді. Жылқыны қолға үйрету алдымен осы бөліктерде болған деп есептеледі.

Өңірдің осындай тарихы бар. 

Авторы: Ренат Ташқынбаев

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 449.57   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети