Былтыр 80 мыңға жуық шетелдік пациент медициналық қызмет алу үшін Қазақстанға келді. Бұл туралы Үкімет отырысында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов айтты, деп хабарлайды TengriHealth.
Министрдің сөзінше, медициналық туризм – туристік саланың өсуіне ықпал ететін маңызды драйверлердің бірі. Министр Қазақстанның басты артықшылығы ретінде медициналық қызметтер сапасы жоғары, ал құны салыстырмалы түрде төмен екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол еліміздегі он медициналық мекеменің беделді халықаралық JCI аккредитациясына ие екенін хабарлады.
Баяндамада айтылғандай, Қазақстанның жетекші клиникаларындағы медициналық қызметтер құны Еуропа елдері мен АҚШ-қа қарағанда бірнеше есе арзан.
Осы бағытты одан әрі дамыту үшін Туризм және спорт министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, медициналық туризмді дамытудың 2026–2028 жылдарға арналған жол картасын әзірлеп жатыр.