10 сәуір 2014 21:45

"Арыстан" – Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сурет hc-arystan.kz сайтынан Сурет hc-arystan.kz сайтынан

Шайбалы хоккейден Теміртаудың "Арыстаны" биылғы маусымдағы ел чемпионатының қола жүлдегері атанды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.


Шайбалы хоккейден Теміртаудың "Арыстаны" биылғы маусымдағы ел чемпионатының қола жүлдегері атанды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Шешуші кезеңі плей-офф жүйесімен өтіп жатқан ел чемпионатының ақтық ойындары сәуірдің басында басталған. Қола жүлде үшін Теміртаудың "Арыстаны" мен Атыраудың "Бейбарысы" кездесіп, екеуара дода өте тартысты өтті. Үш жеңіске дейін өтуі керек болған додада бес ойын толық ойналды. Жалпы есеп – 3:2.

Сөйтіп, "Арыстан" алғаш рет ел чемпионатының жүлдегері атанып, қола медаль жеңіп алды. Бұл жүлдеге "Арыстан" бірден қол жеткізді деп айта алмаймыз. Теміртау клубы үш жыл қатарынан үшінші орын үшін додаға түсіп, алғашқы екеуінде жолы болған жоқ.

2011/2012 жылдар маусымында қола жүлдені "Сарыарқамен" сарапқа салып, 0:3 есебімен есе жіберіп алған болатын. Ал 2012/2013 жылдар маусымында Көкшетаудың "Арланымен" қола жүлдеге таласып, 1:3 есебімен ұтылып қалған-ды.
"Ер кезегі үшке дейін" дегендей, Вячеслав Белан жаттықтыратын теміртаулықтар биыл үшінші мүкіндіктерінде алғаш рет ел чемпионатының жүлдегері атанып отыр.

Қола жүлде оңайлықпен келген жоқ. Алғашқы екі ойын 2-3 сәуірде Атырауда өтті. Бірінші кездесуде "Бейбарыс" 4:1 есебімен басымдық танытты. Екінші матч шектен тыс шиеленісті өтіп, ойынның негізгі уақытында жеңімпаз анықталған жоқ. Овертаймда Теміртау клубының бағы жанып, "Арыстан" 3:2 есебімен жеңіске жетті, Сөйтіп, жалпы есепте таразы басын теңестірді.

Бұдан кейінгі екі матчтың ысқырығы 6-7 сәуірде Теміртауда безілдеді. Үшінші ойында Александр Истомин жаттықтыратын "Бейбарыс" айдын иелерін 4:0 есебімен ойсырата ұтты. Бірақ "Арыстан" да айылын тартпады. Төртінші матчта 3:1 есебімен жеңіске жетіп, жалпы есепті тағы да теңстірді.

Негізі, бесінші ойын Атырауда өтуі керек болатын. Бірақ 3 сәуірдегі ойында жергілікті атыраулық жанкүйерлер тәртіп сақтамаған. ҚР шайбалы хоккей федерациясының мәлімдеуінше, көрермендер мұзайдынға әр түрлі заттар лақтырып, төрешілерге былапыт сөздер айтып, сес көрсеткен. Сондықтан бесінші, яғни шешуші ойын бүгін Астанада өтті.

Бесінші матч та аса тартысты өтіп, жеңімпаз негізгі уақытта анықталмады. Овертаймда тағы да "Арыстанның" асығы алшысынан түсіп, 5:4 есебімен жеңіске жетті.

Жалпы, "Арыстан" мен "Бейбарыс" арасындағы бес ойында өте тартысты өтті. Тіпті хоккейшілердің дөрекілік танытқан сәттері де болды. Айбынды "Арыстан" күш-қайратының арқасында тәжірибелі "Бейбарыстан" басым түсті.

Үшінші орын үшін. (үш жеңіске дейін).
/3/ "Бейбарыс" (Атырау) – /4/ "Арыстан" (Теміртау – 2:3 (4:1, 2:3 ОТ, 4:0, 1:3, 4:5 ОТ)

P.S.
Ал финалда Павлодардың "Ертісі" мен Көкшетаудың "Арланы" кездесуде. Төрт жеңіске дейін созылатын ақтық матчта екпінді "Ертіс" азулы "Арланға" еңсе көтертер емес. Жалпы есеп – 3:0. Алда – "Ертіс".

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.77   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети