23 қыркүйек 2014 16:25

10 жылдан соң Қытайдың Қазақстанға көші-қоны артуы мүмкін

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қытайдан келген мигранттар. ©wotanjugend.info Қытайдан келген мигранттар. ©wotanjugend.info

Қазақстанға қытайлардың көшіп келуі мәселесі Алматыда сарапшылар арасында өткен "дөңгелек үстелде" талқыланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша, алдағы 5-10 жылда Қытайдан келетін көші-қон ағыны ұлғаюы мүмкін. 


Қазақстанға қытайлардың көшіп келуі мәселесі Алматыда сарапшылар арасында өткен "дөңгелек үстелде" талқыланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша, алдағы 5-10 жылда Қытайдан келетін көші-қон ағыны ұлғаюы мүмкін. 

Пікірталас барысында сарапшылар Қазақстанға қытайлардың жаппай келуінен болатын қауіптің бар-жоғын саралауға тырысты. Жұмалының айтуынша, Қытай өз тарихында өзгелерге "күрессіз басып алу" өнерін байқатып келді. Сарапшының сөзіне қарағанда, ел үкіметі ҚХР-дың бейбітшіліксүйгіш держава екенін, онымен ынтымақтастықтан кез келген мемлекеттің ұтатынын дәлелдеуге тырысып келеді, Қытай осындай әдіспен негізгі мақсаты - әлемдік экономикадағы көшбасшы мәртебесіне жетуді көздейді.

"Қытай - соңғы 23 жылда Орталық Азияда позициясы нығайып келе жатқан жалғыз ірі держава. Біз әлі күнге дейін қытайлықтарды білмейміз, бұл - біздің осал тұсымыз", - деді саясаттанушы. Оның айтуынша, қытай көші-қоны ҚХР-дың саяси құралы болуы мүмкін. Қытай диаспораларының көбі жергілікті халықпен сіңіспейді, олар өз ұлттық ерекшеліктерін сақтап, отандарымен тығыз байланыста болады.

Сарапшының мәліметінше, қазірде әлемнің 140 елінде 80 млн қытайлық өмір сүріп жатыр. Бұл мигранттардың активтері 1,5-нан 2 триллион долларға дейін жетеді. Малайзияда халықтың үштен бірі - қытайлар, олар елдің ұлттық байлығының 70 пайызына иелік етеді. Таиландта 15 пайыз қытай тұрады, олар осы елдегі ақша ресурстарының 80 пайызына ие. Индонезияда халықтың төрт пайызы - қытайлар, олар экономиканың 75 пайызын бақылайды. Филиппинде қытайлардың саны - бір пайыз, олар елдегі ұлттық байлықтың 60 пайызын бақылауына алған.

"Бұл статистикаға қарағанда, қытайлардың Орталық Азияға жасайтын көші-қоны үлкен қауіп туғызбайды. Көші-қонның өлшемі Америка мен Оңтүстік-Шығыс Азияға қарағанда, аз. Қытай үшін біздің жаққа қарай көшу әзірше басым бағыт болмай тұр. Дегенмен 5-10 жылдан соң жағдай өзгеруі мүмкін, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданындағы демографиялық көрсеткіштер өзгеріп, ол Қазақстанға әсер етуі ықтимал", - дейді Жұмалы.

Ресей ғылым академиясы халық шаруашылығын болжау институтының Көші-қон зерттеулері орталығы жанындағы ТМД елдері көші-қоны жөніндегі Зерттеушілік кеңес сарапшысы Елена Садовская бұдан өзгеше пікір айтты. Оның пікірінше, Қытайдың Қазақстан экономикасына араласуы 2000 жылдардың басынан бері артып келеді. Дегенмен Қытай миграциясында этникалық қытайлардың саны өте аз. "Мұны қытайлардың көшіп келуі емес, Қытайдан келетін көші-қон деп қарастыру керек, өйткені мигранттардың құрамы көпұлтты, олардың арасында қазақтар да, ұйғырлар да, дүнгендер де, корейлер де, өзбектер де, басқа да ұлттар бар", - деді спикер.

Сарапшының айтуынша, Қытайдан Қазақстанға көшіп келгендер ҚР азаматтығын өте сирек қабылдайды және қазақстандықтармен аралас некеге тұра бермейді. Садовскаяның мәліметінше, 16 жыл ішінде этникалық қытайлар мен қазақтар арасында 74 неке тіркелген. 1993-2012 жылдар аралығында Қазақстанға Қытайдан 44,5 мың адам тұрғылықты мекенжайға көшіп келген, олардың 43 130-ы немесе 96,8 пайызы - этникалық қазақтар.

"Біздің үрейімізді сейілтетін бір жайт - біз геосаяси тұрғыдан Қытай үшін басым бағыт емеспіз. Біз - қауіпсіз тылмыз. Қытайдың басты көздейтіні - АҚШ, Жапония, Тайвань және басқа елдер", - дейді Садовская. Ол Қазақстандағы еңбек нарығында қытайлық жұмыс күші ықпалының өте аз екенін баса айтты.

 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 448.73   490.7   4.76 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети