09 тамыз 2020 12:28

Қазақстанда Абай күні қалай атап өтіледі?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанда Абай күні қалай атап өтілетінін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанда Абай күні қалай атап өтілетінін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Биыл Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады. 10 тамыз Абай күні болып жарияланды, бұл күн мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілген болатын.

Президент жазғандай, Абайдың құрметіне "мемлекеттік және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі ойын-сауық үшін емес, сана-сезімімізді, көкжиегімізді кеңейтіп, рухани даму үшін жасалады".

Мәдениет министрлігі биыл коронавирустың өршуіне байланысты көптеген іс-шара онлайн форматта өтетінін хабарлады.

Абай күніне орай 10 тамызда сағат 21:00-де Қазақконцерт сахнасында жанды дауыста "Абай арманы" мерекелік онлайн концерті өтеді. Ұлы Абайдың музыкалық мұрасын Бибігүл Жанұзақ, Азамат Жылтыркөзов, Медет Шотабаев, Ерлан Рысқали, Ардақ Балажанова, Асқар Мұқият, Аяулым Қамажан сынды белгілі өнер жұлдыздары паш етеді. Ол YouTube-тегі Qazaqconcertlive арнасында көрсетіледі.

Сонымен 10 тамызға Семейдегі Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мəдени жəне əдеби-мемориалдық қорығы "Хəкім Абай" атты арнайы мəдени бағдарлама дайындап, іс-шаралар легін Qazaqstan ұлттық телеарнасындағы "Таңшолпан" бағдарламасы арқылы тікелей эфирге шығумен бастайды. Осыдан кейін мереке өңірлердегі танымал мəдениет жəне өнер қайраткерлерінің Абай шығармаларын оқуымен жалғасады.

Дəл осы күні Семейдегі "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мəдени жəне əдеби-мемориалдық қорығында "Абай және ХХІ ғасыр: болашақпен сұхбат" атты халықаралық конференция өтеді. Жиынға танымал ғалымдар, абайтанушылар, Ресей Федерациясы Əдебиет академиясының академигі Г. Пряхин, түрлі мəдени жəне ЖОО басшылары қатысады.

Сонымен қоса тəулік бойы интернет арқылы Абай қорық-музейі, "Абай-Шəкəрім" кесенесіне видеоэкскурсия жасауға, Абай музейіндегі экспонаттар жайлы түрлі бейнебаяндар тамашалауға болады.

Жыл басынан бері ақынның туып өскен өлкесінде Абай есімімен байланысты тарихи-мəдени мұра нысандарға ғылыми рестоврация жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта кету керек.

Сонымен қатар 10 тамызда 15:00-де халықаралық деңгейде Абай өлеңдерін халықаралық 8 тілде оқуға арналған "Abai world challenge" атты видеомарафон бастау алады (француз, ағылшын, араб, испан, қытай, жапон, неміс, итальян тілдерінде). Аталған челленджге Абай шығармашылығын зерттеп жүрген əлемнің түкпір-түкпіріндегі ғалым-зерттеушілер, аудармашы, жазушы, зиялы қауым өкілдері, шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасының Төтенше жəне Өкілетті Елшілері қатысады.

Жалпы 10 тамыз күні республика бойынша 100-ге жуық іс-шара өтеді. Бұл іс-шараның барлығы Мəдениет жəне спорт министрлігінің əлеуметтік желідегі ресми парақшаларында көрсетіледі.

Сондай-ақ осы күні əлеуметтік бейнебаяндар мен қысқа метражды фильмдерге арналған "Абайдың мұрасы - адамзат қазынасы" атты онлайн-фестиваль басталады.

"Əлемдік деңгейдегі ойшыл өз шығармаларында еңбексүйгіштікті, білімге құштарлықты, даналықты, қайырымдылық пен отанға деген махаббатты насихаттаған. Əрі ақын ой мен жүрек тазалығына айрықша мəн берген. Хакім Абайдың даналығы мен философиялық көзқарасы ғасырлар өтсе де өзінің мəн-маңызы мен өміршеңдігін жоймақ емес.

Біз біртұтас қоғам ретінде ақын шығармаларын тек биыл мерейтой аясында ғана құрметтеп қана қоймай, шығармаларын өзімізді-өзіміз тану жолында айнымас темірқазыққа айналдыруымыз қажет", - делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетейік, мереке күні елордамыз бен өңірлерде кемеңгер ойшылды еске алу мақсатында гүл шоқтарын қою рəсімі өтеді.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.77   490.7   4.81 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети