Алматыда үнемдеу есебінен жаңа мектептер мен балабақшалар салынады

19 Сәуір, 18:15
0
Алматыда үнемдеу есебінен жаңа мектептер мен балабақшалар салынады - © krisha.kz
© krisha.kz

Алматыда жыл басынан бері жиналған үнемі есебінен халықтың аз қамтылған тобының әлеуметтік қажеттіліктеріне, мектептер мен бала бақшалар салуға, денсаулық сақтау мен қауіпсіздікке, сонымен қатар абаттандыруға жергілікті бюджеттен қосымша 13,8 миллиард теңге бөлінеді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сонымен, Мемлекет басшысының көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау шараларын күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында қосымша 2,5 миллиард теңге бөлінеді. Елбасының тапсырмасы бойынша бұрын негізсіз жобаларды қаржыландыруды оңтайландыру есебінен қалалық "Бақытты отбасы" әлеуметтік бағдарламасын жүзеге асыруға 3,1 миллиард теңге жұмсалады.

Наурызбай және Әуезов аудандарында қарттарды қолдау бойынша екі орталық, Медеу ауданында психоневрологиялы ауытқушылығы бар мүгедек балалар емделетін күндізгі бөлім және Түрксіб ауданында психоневрологиялы сырқатқа ұшыраған жандарға арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін 360 орынды Орталық ашуға қаржы бөлінді.

Білім беруде жаңа нысандар салу есебінен қазіргі кезде мектептерде орындардың жетіспеушілігі 20 пайызға, бала бақшаларда 14 пайызға азайды. Дегенмен, қала тұрғындарының саны жыл сайын орта есеппен 50 мың адамға, оқушылар саны 10-12 мыңға, мектеп жасына дейінгілер қатары 5-7 мыңға өсіп жатыр. Нәтижесінде кейбір мектептерде оқушылар саны артып кеткен. Мамыр-5,6 ықшам аудандарында 1200 орынды екі мектеп, Нұршашқан поселкесінде 600 орынды мектеп, Ақсай-3а ықшам ауданында 225 орынды, ал Думан-1 елді мекенінде 850 орынды қосалқы нысандар салуға республикалық бюджеттен 3,3 миллиард теңге бөлінді. Жас қанат, Алғабас ықшам аудандары мен Бостандық ауданында салынып жатқан үш бала бақша құрылыстарын аяқтау үшін жергілікті бюджеттен 212,6 миллион теңге жұмсалатын болады.

Бүкіләлемдік банктің бизнесті жеңіл жүргізу рейтингі бойынша Алматы еліміз бойынша бірінші орында тұр, ШОБ үлесі алғаш рет экономикада 42 пайызға және салықта 64 пайызға өсті. Сонымен қатар, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында бизнес үшін несиенің мөлшерін субсидиялауға бөлінетін 4 миллиард теңгеден өзге Алматыда қосымша тағы да 1,9 миллиард теңге бөлінеді.

Бұлардан өзге, Жастар жылы аясында олардың кәсіпкерлігін дамытуға, жоғары білікті және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға арналған "Жастар - ел тірегі" әлеуметтік жобасы қол алынды.

Мысалы, Алматы мемлекеттік колледжінің сервисі мен технологиясын, киім тігуді конструкциялау мен оның көркемдік графикасын жақсарту, тігін шеберханаларын толық қайта жабдықтау, кеңселерді көркем моделдеу мен шаштараз өнеріне баулу, оның ішінде инклюзивті білім беру үшін 100 миллион теңге бөлінді.

Өз кезегінде денсаулық сақтауға қосымша 1,8 миллиард теңге бөлу жоспарланған, оның ішінде сегіз медицина мекемесіне медициналық қондырғылар алынады және Алатау ауданындағы жедел жәрдемнің Қосалқы станциясы нысанының құрылысы аяқталады. Орталықтандыру қағидасы бойынша Наурызбай ауданында тағы 20 аула, Бостандық ауданында 60 аула күрделі жөнделеді, Жетісу ауданындағы Ратушный және Жеңіс скверлері ағымдағы жөндеуден өтеді. Бес ауданда арық және жауын желілері салынады.

Қаланың шет аумағындағы Қарасу, Ақбұлақ, Трудовик ықшам аудандарын дамыту, бұларға жол салу үшін республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге бөлінеді. Әйгерім 1,2 және Шаңырақ 1 елді мекендеріне жол салуды бастау үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөлінді.

10 елді мекендегі 58 мыңнан астам үйді қамтитын ұзындығы 256 шақырым болатын су және кәріз желілерін тарту үшін республикалық бюджеттен 3,7 миллиард теңге бөлінеді. Бұлар - Қарасу, Нұршашқан, Заря Востока, Алғабас, Әлмерек, Первомайка, Боралдай, Таужолы, Құрамыс, Жайлау елді мекендері.

Бұлардан өзге, республикалық бюджетті қайта бөлу есебінен Жас қанат ықшам ауданы мен Ақын Сара көшесінде 7 үй салу жоспарланған. Шұғыла, Жас қанат, Алғабас ықшам аудандарында жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлерге қажетті желілер тартылады. Жергілікті бюджеттен қаржыландыру үшін 115,5 миллион теңге бөлінді.

ТҮКШ модернизациялау бағдарламасы бойынша 877,6 миллион теңгеге 94 көпқабатты үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Айта кетерлігі, 2,5 жыл ішінде 367 үй жөндеуден өтіп, 512 лифт ауыстырылды.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай