Қазақ ұлттық медицина университетінің клиникалық-зертханалық диагностика пәнінің оқытушысы Айман Сәдуақас қорқытқан студенттердің үстіне жазған арызын полициядан алып кетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақ ұлттық медицина университетінің клиникалық-зертханалық диагностика пәнінің оқытушысы Айман Сәдуақас қорқытқан студенттердің үстіне жазған арызын полициядан алып кетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Еске сала кетейік, осыған дейін университет оқытушысы мен екінші курс резидентінің арасындағы жанжал жайлы айтылған болатын. Оқытушының айтуынша, студент оны өлтіремін деп қорқытқан.
"17 қаңтарда біз полиция бөлімінде отырдық. Ол менен кешірім сұрады. Мен одан жазбаша түрде кешірім жазу керектігін айттым. Содан ол университетте қазақ тілінде жазбаша түрде 16 қаңтарда болған оқиғаға қатысты кешірім сұрады. Ал мен оған "Сіздің кешіріміңізді көрдім, бірақ адам ретінде мен кешіре алмаймын" дедім. Содан кейін полицияға барып, студентке қатысты ешқандай да шағымым жоқ екенін жазып кеттім", - деді Айман Сәдуақас.
Сонымен қатар, Айман Сәдуақас ректордың атына рапорт жазғанын және айыптыларға қатысты қажетті шаралардың қолданылғанын айтты.
Қазақ ұлттық медицина университетінің дипломнан кейін білім беру факультетінің деканы Сәуле Сыдықованың айтуынша, болған жағдайдан кейін университеттегі барлық уәкілетті органға тексеріс жүргізілді. Осы жанжалға қатысы бар адамдардан түсініктеме алынып, тәртіптік комиссия жұмыс жүргізді.
"Қыздарды академиялық демалысқа жібереміз, олар қыркүйекте қайтып сабаққа келеді. Отбасылық проблемаларын шешіп, оқуға дайын болып келсін. Не дегенмен олар бюджет қаражатына оқып жатыр ғой. Олар өтініш жазды. (…) Сонымен қатар, біз оларға сөгіс жарияладық. Бұл олардың жеке іс парағында көрсетіледі. Бұйрықты қол қойдырту үшін дайындап жатырмыз. (...) Жігіт туралы айтатын болсақ, (…) оған қатаң сөгіс жариялаймыз. Бұл істі кейінірек университеттегі комиссия қарайды. Бірақ факультеттің ұсынысы мынадай: қатаң сөгіс жариялау, бірақ олар оқуларын жалғастыра береді", - деді факультет деканы Сәуле Сыдықова.