24 қыркүйек 2016 14:29

Астанада жалпықалалық сенбілікте 10 мыңнан астам көшет отырғызылды

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Астана әкімдігінің сайты © Астана әкімдігінің сайты

Бүгін "Астана - таза қала!" жалпықалалық сенбілігі барысында 10 мыңнан астам көшет отырғызылды. Жыл сайынғы шара қаланы санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жөніндегі күзгі экологиялық айлық аясында ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі елорда сайтына сілтеме жасап.


Бүгін "Астана - таза қала!" жалпықалалық сенбілігі барысында 10 мыңнан астам көшет отырғызылды. Жыл сайынғы шара қаланы санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жөніндегі күзгі экологиялық айлық аясында ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі елорда сайтына сілтеме жасап.

"Бәріміз де қаламызды жақсы көреміз, елордамызды тазартуға және көркейтуге үлес қосайық. Сенбіліктер өскелең ұрпақты да, ересектерді де тазалыққа тәрбиелейді. Осылайша, біз қаламызға деген сүйіспеншілігімізді жеткізіп, патриоттық танытамыз", - деді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев.  

Елорда басшысы қала әкімі аппараты қызметкерлерімен, мәслихат депутаттарымен бірге Сарыбұлақ өзені ауданында ағаш отырғызды.

Оның айтуынша, қалалық билік елорданы көгалдандыру, барлық аудандарда және шағын аудандарда гүлбақтар мен саябақтар санын арттыруды өз алдына міндет етіп отыр. Астанада дәстүр бойынша жыл сайын 20 мыңнан артық көшет отырғызылады, биыл Ботаникалық бақтың салынатынын ескерсек, бұл көрсеткіш екі есеге ұлғаяды. Сенбілікке қатысушылар "Алматы" ауданында ҚР Ұлттық музейі аумағына, "Есіл" ауданында - "Хан Шатыр" СОО айналасына, сондай-ақ, Еңбекшілер көшесінен "Тельман" тұрғын алабына дейін, "Сарыарқа" ауданында - Сарыбұлақ өзенінің жағалауына ағаш екті.

Сонымен қатар, білім, денсаулық сақтау мекемелерінің, кәсіпорындар мен тұрғын үй кешендерінің аумағына да ағаштар отырғызылды.

Жалпықалалық сенбілікке 89 мыңнан астам адам, соның ішінде кәсіпорындар мен ұйымдардың 4 мыңға жуық қызметкері, 45 жоғары және орта арнайы оқу орны, 133 мектепке дейінгі және білім беру мекемесі қатысты, 430 арнайы техника тартылды.

"Бүгінгі сенбілікке қатысқандарыңызға рахмет. Бәріміз бірге қаламызды таза әрі жайлы қыламыз", - деді Әсет Исекешев.

Таңертең ерте мыңдаған қала тұрғыны қолдарына сыпырғыш пен күрек ұстап жалпықалалық сенбілікке шықты. Осылайша, адамдар жас астанамызды жинауға және көгалдандыруға өз үлестерін қосты.

Астана қаласының бірнеше ауданында көшелерді тазарту және ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіліп жатыр. ҚР Ұлттық музейі мен "Астана триатлон паркі" аумағында, "Хан Шатыр" сауда, ойын-сауық орталығының жанында, сондай-ақ, Еңбекшілер көшесінен  Тельман тұрғын алабына дейін және Сарыбұлақ өзенінің жағалауына көшеттер егілді.

Шараға танымал спортшылар, олимпиада жүлдегерлері мен чемпиондары, атап айтқанда, Асхат Жіткеев, Арман Чилманов, Георгий Цурцумия да қатысты.

"Мен барлық жалпықалалық сенбіліктерге қатысамын. Сенбіліктерді жиі өткізу керек, адамдар қоршаған ортаны жинап, таза ауада уақыттарын өткізеді", - деді астаналық Роза Ахметова.

Сенбілікке қатысқандар #SmailofAstana хэштегімен суретке түсті.

Сенбілік барысында "Таза өзендер!" акциясы аясында студенттер мен еріктілер Есіл, Ақбұлақ және Сарыбұлақ өзендерінің арнасын қоқыс пен тұрмыстық қалдықтардан тазартты.

Еске салайық, 12 қыркүйектен 12 қазанға дейін елорда аумағын санитарлық тазарту, абаттандыру мен көгалдандыру бойынша күзгі экологиялық айлық өткізіледі. Апта сайын "Көше көркі - Астана көркі", "Қоршаған ортаны аялайық!", "Астана - әсем қала!" ұрандарымен халықтың, өндірістік кәсіпорындардың және басқа да ұйымдардың қызметкерлерінің қатысуымен сенбіліктер ұйымдастыру бойынша шаралар ұйымдастырылады. 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.22   490.7   4.76 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети