Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сарайшық көпірінде екі адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына себепші болған жүргізушіге қатысты айыптау үкімін шығарды. Бұл туралы Tengrinews.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Істің мән-жайы
Қаңтарда К. есімді азамат Сарайшық көпірінің бойымен Түркістан көшесінен Момышұлы көшесіне қарай келе жатқан.
Соттың мәліметінше, жүргізуші жолдың бұл бөлігі қарқынды қозғалысқа арналғанын ескермеген. Соның салдарынан ол рөлге ие бола алмай, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, қарсы бағытқа шығып кеткен және басқа көлікпен соқтығысқан.
Апат салдарынан екі жолаушы қаза тапты.
Тараптар ұстанымы мен бап санкциясы
Прокурор айыптауды қолдап, К-ға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Бап бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 7 жылға дейін көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қарастылған.
Үкім
Сот үкімімен К. кінәлі деп танылды.
Жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сот кінәні толық мойындауды, шын жүректен өкінуді, сондай-ақ жәбірленушілерге келтірілген шығынның толық өтелуін ескерді. Сотталушы қаза болғандардың туыстарына барлық шығынды өтеп беріп, олардың кешірімін алды. Сот ауырлататын мән-жайды анықтаған жоқ.
"Аталған мән-жайды ескере отырып, сот К-ға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады және қосымша жаза ретінде 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырды", - делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.