Халықтық кеңседе атаулы әлеуметтік көмек, "Бақытты отбасы" бағдарламасы түсіндірілді, - деп хабарлайды Aktobenews.kz.
Халықтық кеңседе атаулы әлеуметтік көмек, "Бақытты отбасы" бағдарламасы түсіндірілді, - деп хабарлайды Aktobenews.kz.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті бүгін көпбалалы, мұқтаж отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмек алу жолын түсіндірді. Кеңес беруге қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім, сәулет және құрылыс, жер қатынастары бөлімінің мамандары да келіп, тұрғындарды алаңдатқан сұрақтарға жауап берді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі де қабылдау жүргізді.
"Күн сайын 100-ден аса адам атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыруға келеді. Қазір қаңтар, ақпан, наурыз айларының құжаттары тексеріліп, көмек беріліп жатыр. Е-Халық порталы арқылы жеке куәлікпен тексеремін. Кейбір мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесімен интеграция болмай, қосымша ақпарат сұратамыз. Біріншіден, көбіне ажырасып кеткен ата-аналар алиментке жүгінбейді. Ал алимент табыстың бір түрі. Екіншіден, комиссия тексеруге барған кезде отбасы зейнеткер ата-енесімен бірге тұратыны анықталады", - деді қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Алтынай Маханова.
Мамандардың айтуынша, тұрғындар арасында жұмыстан шығып, атаулы әлеуметтік көмек алуды қалайтындар да бар. Кейбірі 100-120 мың теңге жалақысы бар жұмысқа шығудан да бас тартқан.
"Өзімнің 4 балам бар. Күйеуім жұмыс істемейді, сондықтан ажырасып жатырмын. Ажырасу сұрағы 6 ай қаралса, мен атаулы әлеуметтік көмек ала алмаймын", - деді қала тұрғыны Айгүл Тілеужанова. Бұл сұрақты комиссия жеке қарайтын болды. Ал комиссия отырысы әрбір бейсенбі күні өтеді.