Атырау облысы әкімдігінің өкілдері кроссовка киген журналистің ғимаратқа неге кіргізілмегенін айтты

24 Сәуір 2017, 15:13
0
Атырау облысы әкімдігінің өкілдері кроссовка киген журналистің ғимаратқа неге кіргізілмегенін айтты -

Атырау облыстық әкімдігінің өкілдері күзетшілердің кроссовкамен келген журналист қызды әкімдік ғимаратына не себепті кіргізбегенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Әкімдіктің баспасөз қызметінің жетекшісі Саламат Сабыр бұл оқиға кезінде өзінің болғанын айтып берді. "Біріншіден, ол 10-15 минутқа кешігіп қалды, - дейді Саламат Сабыр. - Екіншіден, ол облыстық мәслихаттың сессиясына шақырылғандардың тізімінде болмады. Шақыртуды мәслихаттың өзі жасайды. Ол шақырылмаған. Бірақ мен әріптесі ретінде көмектесуге бардым. Сөйтсек, ол кроссовкамен тұр. Күзетшілерден кіргізуін сұрадым, бірақ олар болмайтынын айтты. Мен оны әріптесі ретінде түсінемін, ыңғайлы киім кигенін түсінемін, бірақ әкімдікке спорттық шалбар мен кроссовка киіп келуге болмайтын болса, онда барлығы осы ережені ұстануы керек". 

Айтуынша, бұл тек журналистерге емес, әкімдікке келетіндердің барлығына да қатысты. Сырт киімнің қандай болуы керектігі жайлы құжат бар екен. Алайда жергілікті атқарушы органның өкілдері мұның қандай құжат екенін тек ресми сауал арқылы алуға болатынын айтып отыр. 

Ал журналистің өзі бұған дейін осы тектес проблемалар болмағанын айтып отыр. "Күзетшілер 100 жыл бойы ілініп тұрған бір қағазды көрсетті, ал біз бұрыннан кроссовкамен кіріп жүрдік. Ал сол күні тыйым салынған болып шықты", - дейді Зүлфия Байнекеева. 

"Бұл журналист қызметіне кедергі келтіру", - дейді наразы журналист. 

Белгілі заңгер Жохар Өтебеков бұл жағдайда журналистің құқығы бұзылды деп есептейді. Оның пікірінше, журналист кешірім сұрауды немесе тіпті моральдық шығын талап етуге құқылы.

"Бізде осы салада кемшіліктер көп, - дейді Жохар Өтебеков. - Мемлекеттік мекемеге, мемлекеттік күзеттегі нысанға кіру тәртібі мәселесі заң тұрғысында шешім таппаған. Заң тұрғысында шешілмесе, Парламент қабылдамаса, осындай асырасілтеушілік болады. Бір жағынан, тыйым салынбағанның барлығына рұқсат. Бірақ әрбір адам қайда және не үшін баратынын түсінуі тиіс, моральдық нормаларға сәйкес келе ме, жоқ па - біліп алуы керек. Бұл жағдайда оның киімі ешкімнің де көңіліне тимейді деп есептеймін".

Бірақ Зүлфия Байнекеева бұл мәселемен айналысуға уақыты жоқ екенін айтып отыр. "Журналистің жұмысында осындай келеңсіздіктер жиі болып тұрады, кейде бір күнде бірнеше жағдай болады. Әрбірімен соттаса беруге уақытымыз да жетпейді", - деді Зүлфия.

Алайда журналист өз құқығын қорғау үшін "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау халықаралық қорына шағым түсіретінін айтты.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай