24 қаңтар 2017 12:53

Атырау облысының əкімі халықты балабақша бизнесімен айналысуға шақырды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Нұрлан Ноғаев халықты балабақша бизнесімен айналысуға шақырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Нұрлан Ноғаев халықты балабақша бизнесімен айналысуға шақырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Кеше, 23 қаңтарда Атырау облысының əкімі Нұрлан Ноғаев Мақат ауданына жұмыс сапарымен барып, ауданның əлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты. Жиынға облыстың əлеуметтік саласына жауапты қызметкерлер қатысты.

Кеңесте аймақтағы білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, дене шынықтыру және спорт салаларының жағдайы талқыланды.

Cондай-ақ, облыстағы білім саласының халі туралы есеп берген білім беру басқармасының басшысы Нұрсəуле Сайлауова балабақшаларда орынның жетпей отырғанын айтты. Ол 3-6 жас аралығында кезекте тұрған өрендердің 85 пайызының ғана мектепке дейінгі мекемелерге барып жүргенін жеткізді. 3716 баланың бұған мүмкіндігі болмай үйде тәрбие алып жатыр. Соның ішінде Мақат ауданында балабақша кезегіндегі оқушылардың 10 пайызына орын жоқ екені белгілі болды.

Сонымен қатар, аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев балабақша салу жұмыстарын жеделдету керектігін айта келе, кезек проблемасын шешуге жеке кәсіпкерлерді де тарту мәселесін қозғады.

"Мемлекет балабақшалар мен мектептерді көптеп салып жатыр, салады да. Бірақ, кезек мәселесін тезірек шешу үшін бұл іске жеке кәсіпкерлерді тарту жұмысын күшейту керек. Тұрғындардың өздері бас көтеріп балабақшалар ашсын. Бұл бизнеспен айналысамын дегендерге мемлекет қолдау көрсетіп отыр", - деді Нұрлан Ноғаев.

Аймақ басшысы халық қамын тек басшылар емес, тұрғындардың өздері де күйттеп, жұмыс істеу керектігін айтты.

"Қазір балабақша ашқысы келетіндер үшін енгізілгелі жатқан қолдаудың бір түрі ретінде кезектен алып тастау мәселесін айтуға болады. Бұрын баласын жеке балабақшаға орналастырған ата-ана кезегі келгенде мемлекеттік мекемеге ауысып кететін. Ол осылайша екі жаққа да салмақ салып, басқа балалардың орналасуына кедергі келтіретін. Ендігі ортақ стандартта жеке балабақшаға орналасқан бала кезектен шығарылады деген пункт бар. Бұл жеке кәсіпкерлердің клиенттерінің тұрақты болуына көмектеседі", - деді Ноғаев.

Айта кетейік, қазір облыста жеке меншік 30 балабақша бар. Оның 28-і Атырау қаласында, біреуі Мақат, екіншісі Жылыой ауданында жұмыс істеп тұр. Махамбет ауданында бұл іске бір кәсіпкер қызығып отыр. Қалған аудандарда жеке балабақша жоқ. Ал облыста барлығы 303 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 164-і балабақша, 139-ы шағын орталық.

Читайте также
Join Telegram
Тоқаев Қытайға барады

Валюта бағамы

 448.12   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети