Биыл Жамбыл облысына - 80 жыл толды. Айтулы күнді жамбылдықтар ерекше атап өтті. Аста-төк той-думанмен емес, тарихи-мәдени нысандардың ел игілігіне берілуі соның көрінісі.
Биыл Жамбыл облысына - 80 жыл толды. Айтулы күнді жамбылдықтар ерекше атап өтті. Аста-төк той-думанмен емес, тарихи-мәдени нысандардың ел игілігіне берілуі соның көрінісі.
"Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыру аясында мәдениет және спорт саласында бірқатар нысандар ашылды.
Мерекелік іс-шаралар аясында өнер саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Асқар Тоқпановтың мүсіні облыстық драма театрдың алдында ашылу салтанаты өтті.
Облыс театрына тұлғаның есімін беру - өнерсүйер қауымның көптен бергі арман-тілегі болатын. Өйткені қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, көптеген қойылымдар сахналап, шәкірттер тәрбиелеген.
Бұл ұсынысты осыдан 10-15 жыл бұрын Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов секілді театр саңлақтары көтеріп, ұсыныс хат жазғанымен, жауапсыз қалған еді. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов игі бастаманы қолға алып, көпшілік зор қолдау білдірді.
80 жылдықтың мерекелік шаралар легі Кенен Әзірбаев ескерткішінің ашылу салтанатына ұласты. Қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерінің ескерткіші "Баласағұн" орталық концерт залы ғимаратының алдына орнатылған.
Кенен Әзірбаев ескерткішін ашу құрметі Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марал Ысқақбай және Кенен атамыздың ұрпағы Мұрат Кененовке бұйырды. Демеушілер қаражаты есебінен салынған тас мүсінді мүсінші Көлжігіт Темірхан әзірлеген.
Еліміздің атын әлемге танытып жүрген музыка өнері қайраткерлерінің шығармашылығын насихаттап, өнегелі өмір жолын бүгінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында "Әуендер әлемі" алаңы ашылды. Алаңның ортасына стелла қойылып, айналасындағы тұғыр тастарға алпыс жұлдыз белгісіне еліміздің мәдениетіне үлкен үлес қосқан тұлғалар мен өнер жұлдыздарының есімдері жазылған. Стелланың тұғырына Ж.Жабаев, Б.Шолақ, Ы.Дүкенұлы, К.Әзірбаевтың өнер туралы қанатты сөздері қашалып жазылған.
Спорт сайыстарында ел намысын абыройлы қорғаған Жамбыл жұртшылығының мерейін асырған спортшылардың құрметіне "Даңқты спортшылар алаңы" ашылып, екі шетінде травертин және граниттен жасалған құрмет тақтасына Әулиеата өңірінен шыққан даңқты 145 спортшының және 96 еңбегі сіңген жаттықтырушының есімі жазылған.
Сондай-ақ, мерейтой аясында түркі тарихынан сыр шертетін тарихнама ретінде салынған "Тектұрмас" этнотарихи кешені мен орта ғасырлық шығыс сәулеттік стиліндегі "Көне Тараз" тарихи-этномәдени кешені пайдалануға берілді.