Біз көпшіліктің Ата заңдағы 26-бапқа өзгеріс енгізу жөніндегі ұсынысқа қатысты пікіріне ерекше мән бердік - Назарбаев

10 Наурыз 2017, 17:26
0
Біз көпшіліктің Ата заңдағы 26-бапқа өзгеріс енгізу жөніндегі ұсынысқа қатысты пікіріне ерекше мән бердік - Назарбаев -

Ақорда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға жария түрде қол қою рәсімінде сөйлеген сөзін жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қадірлі қауым! Құрметті қазақстандықтар! Біз бүгін мемлекетіміз үшін мәні зор тарихи шешімнің жүзеге асатын сәтіне куә боламыз. Мен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға жария түрде қол қойғалы тұрмын. Бұл - қазіргі басқару жүйесін жаңғыртуға бастайтын маңызды қадам.

Заң билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді етуге бағытталған. Оның жобасы бір ай бойы қызу қоғамдық талқылаудан өткенін білесіздер. Соның нәтижесінде жұртшылық тарапынан 6 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті.

Арнайы құрылған жұмыс тобы бұл ұсыныстардың барлығын сараптап қарап, бір тұжырымға келді.

Біз көпшіліктің Ата заңдағы 26-бапқа өзгеріс енгізу жөніндегі ұсынысқа қатысты пікіріне ерекше мән бердік. Ұсыныстардың бәрі мұқият қаралған соң мен түпкілікті жобаны Парламент қарауына енгіздім.

Парламенттің бірлескен отырысында екі рет қаралып, қабылданған бұл заң билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөледі. Сол арқылы заң шығарушы билік пен Үкіметтің мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа рөлі айқындалады.

Біз өкілді органның құзырын кеңейтіп, Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін арттырдық.

Мен қоғамдық талқылауға белсене атсалысқан ел азаматтарының бәріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, жұмыс тобына зор алғыс айтамын. Жұмыс тобына мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары, заңгерлер, университеттер басшылары қатысты. Парламент депутаттары көп ұсыныс енгізіп, нақты жұмыс істеді. Барлық шаралар үшін рахмет айтамын. Заңмен жұмыс жүргізіп, маңызды міндет атқарған Парламент депутаттарына да көп рахмет. Осылайша, Отанымыздың басты құжаты кемелдене түсті.

Конституциядан кейін қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізіледі. Осыған орай тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Енгізілген заңды мен Конституцияның талабы бойынша Конституциялық кеңеске жіберіп, бұл заңның Конституцияға және Қазақстанның заңдарына сай екені жөнінде тағы да дәлелдеме алдым. Енді заңға қол қойып, іске асыруға болады", - деді Назарбаев. 

Еске сала кетейік, бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияға түзетулер енгізу туралы заңға қол қойған болатын. "Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды", - деп хабарланды Ақорданың Twitter желісіндегі парақшасында.

Ал 6 наурызда Парламент Қазақстан Конституциясына түзетулерді қабылдаған болатын. Біріккен комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, Президент ұсынған заң жобасында Конституцияның 19 бабына 26 түзету қарастырылған.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай