"ДАИШ" құрамында болған қазақстандық: Олар бізді алдады

26 Қыркүйек, 11:59
0
"ДАИШ" құрамында болған қазақстандық: Олар бізді алдады -

"Ислам мемлекеті" ұйымының құрамында болған азамат түрмеде ағынан жарылды, - деп хабарлайды КТК арнасы. 

Бүгінде Сириядан отандастарымызды елге қайтаруға арналған "Жусан" операциясының қорытындысы мәлім. Осы уақытқа дейін қанды қырғынның ортасынан 595 Қазақстан азаматы елге қайтарылды - 156 әйел мен 406 бала. Соның ішінде 32 бала жетім қалған. Сирияға қандастарымыз қандай мақсатпен аттанды? Бұл сұраққа құқық қорғау органдары жауап іздеуге кірісті. Жат жердегі қантөгісті көргендердің кейбірі сауықтыру мақсатында арнайы мекемелерге жіберілсе, кейбірі тергеліп жатыр.

Қазір лаңкестікке қатысы бар 13 адам сот шешімімен түрмеге жабылды. Бейбіт елде өмір сүретін азаматтардың мұндай қадамға баруына не себеп? Өздерін "Ислам мемлекетінің" сарбаздары санайтын содырлардың мақсаты не? КТК арнасына лаңкестік ұйымының құрамында болған Махамбет Қажипанов эксклюзивті сұхбат берді. Ол - "Жусан" операциясының арқасында Қазақстанға аман-есен оралғандардың бірі.

37 жастағы Махамбет Қажипановтың өмірі екіге бөлінеді. Біріншісі, "Ислам мемлекеті" ұйымының құрамына дейінгі алаңсыз күндер, екіншісі - Сириядағы соғысқа қатысқан сәті. Тұрақты жұмыс, берекелі отбасы мен жақындарының қолдауы сағымға айналған. Әсіресе, кішкентай қыздарын ойласа өзегі өртенеді. Опық жеген Махамбет Қазақстанда алаңсыз жүрген күндерін сағынышпен еске алады. Ал Сирияға кету туралы шешімді ұзақ ойланып қабылдағаны есінде.

"Оның алдында бір видео қарағанмын, бір сириялық екі қызын үйіндінің астынан суырып алып жылап жатыр. "Мұсылмандар, қайдасыңдар?" деді. Сондай видеоларды қарапқарап, маған ой келді: "Сен осылай жүрсің ғой, ертең Алланың алдына барғанда не айтасың? Сенде бәрі жақсы, мұсылмандар болса қор болып жатыр". Сол ойым маза бермей, 2015-ші жылы аттанып кеттім. 2016-шы жылы ана жаққа барып қосылғанда бәрі басқаша екеніне көзім жетті", - дейді жазасын өтеуші Махамбет Қажипанов.

Жалған құжатпен ер адам Ресей, Украина және Түркия арқылы Сирияға өтеді. 2016-шы жылы сәуірде "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымының содырларына барып қосылады. Махамбат Қажипанов Сириядағы соғысқа қатысуды өзіне мәртебе санағанын айтады. Тіпті сол үшін өмірін қиюға да әзір болатын. Шам жұртындағы шынайы өмірмен бетпе-бет келгенде бәрі тым кеш еді.

"Онда бауырмалдық жоқ. Ол жерде саған ешкімнің жаны ашымайды. Ол жерде ондай емес екенін ақыры түсінесің. Әлгі интернетте видеолардан көргендей емес, мүлдем басқаша. Ол жақта мұнай үшін соғысып жатқанын ұқтым. Қазақстаннан келгенде бізде бір топ болды. 2017де олардан бас тартып шығатын жол іздедік", -дейді Махамбет Қажипанов.

Махамбет Орал қалалық сотының шешімімен лаңкестік ұйымның құрамында болғаны үшін 8 жылға сотталған. Темір торға түскен соң мамыражай тірліктің қадірін кеш түсінгенін айтады. "Жасаған қателігім маған өмірлік сабақ болды", - дейді.

"Біз секілді Қазақстан азаматтары көп. Өліп қалды. Жан тапсырды. Өкінішті. Ол жақта көптеген аналар баласынан айырылып қалды. Біз аманесен келдік, шамалы қалғандары сол. Ер адамдардың көбісі өліп қалған. Бізде, Оралдан 50 адам болды. Соның тек үшеуі ғана келдік. Алдымен әке-шешеңізді ойлаңыз. Білімге ұмтылу керек. Дін деген ондай емес, интернеттен оқып алып, болды, жаңа жәннат тұр дейтіндей", - дейді ол. 

"Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымының құрамында болған азамат түрмеде отырса да, үмітін үзбейді. Жазасын өтеп шыққан соң қателігін түзеуге ниетті. Бар арманы - отбасы оның қателігін кешіріп, қайтадан қабылдаса болғаны.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай