Дүйсенова шахтерлердің ресми және қолға алатын жалақыларына қатысты айырмашылықты түсіндіріп берді

26 Желтоқсан 2017, 16:02
0
Дүйсенова шахтерлердің ресми және қолға алатын жалақыларына қатысты айырмашылықты түсіндіріп берді - © Тұрар Қазанғапов
© Тұрар Қазанғапов

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қарағанды облысындағы шахтерлердің жалақысы көрсетілген ресми мәліметтер бойынша тергеудің қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Қызметтік тексеріс бірінші кезекте жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесіне қатысты жүргізіліп жатыр. Себебі бұл мәліметтерді олар кәсіпорыннан алып отыр. Қазіргі уақытта біздің және жергілікті атқарушы органдармен жұмыстар атқарылып жатыр. Тергеу бір айға дейін жалғасады", - деді министр Дүйсенова.

Сондай-ақ, министр еңбекақы жайлы мәліметтің Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне емес, Ұлттық экономика министрлігінің Есеп комитетіне жолданатынын айтып түсіндірді.

"Мен ресми статистикада көрсетілген орташа жалақыны атадым. Ресми нұсқа бойынша, ол сандар дұрыс. Сіздер қазір мына кенші 140 мың алады, ал анау кенші 300 мың теңге алады деп айтып жатырсыздар. Мен ешкімнің аты-жөнін атаған жоқпын. Мен тек ресми мәліметтерді айттым. Барлығын анықтаған соң олардың не айтып, не көрсеткенін айтамын. Бұл мәселе бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр - яғни, кім бұл мәліметтерді беріп отыр, ол кәсіпорынның кадр бөлімі бар ма, жоқ па және олар қалайша бұл мәліметтерді ресми органдарға жолдап отыр", - деді еңбек және әлеуметтік қорғау министрі

Сонымен қатар, Тамара Дүйсенова қызметкерлердің әрқайсысының жалақысын жеке атап өту олардың құқықтарына қайшы екенін еске салды.

Еске сала кетейік, осыған дейін Қарағанды облысында ереуілдеп жатқан кеншілер еңбекақыларының қандай екенін айтқан болатын. "300 мың табу үшін 20 жылдық өтілің және алтыншы дәрежелі комбайнер-механик болуың керек. Менің айлығым 300 мыңға жетпейді", - деген еді кеншілердің бірі. Тағы бір кенші атын атағысы келмеді, ол орташа айлықтың 200 мың теңгеден төмен екенін айтқан еді. 

Еске салайық, 11 желтоқсанда "АрселорМиттал Теміртау" шахтерлері ауысымнан кейін жоғары қарай шықпай қойған. Наразылық танытып жатқандардың туыстары әлеуметтік желілерде жариялап жатқан мәліметтер бойынша, шахтерлер жалақыны өсіруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен болатын.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай