Дзюдодан Қазақстан чемпионының туыстары оның өлімінің мән-жайын айтып берді

18 Қараша 2018, 12:00
0
Дзюдодан Қазақстан чемпионының туыстары оның өлімінің мән-жайын айтып берді -

Көмірге талас кезінде қаза тапқан дзюдодан ел чемпионының туыстары істің бұрмаланып жатқанын айтты, - деп хабарлайды КТК.

Телеарнаның мәліметінше, Семейде көмірге талас кезінде қаза тапқан дзюдошы Жасұлан Әбиевтің өлімі үшін бір адамның ғана қамалуына туыстары наразы. Қара жамылған жақындарының айтуынша, марқұмның ата-анасы арыз жазуға барған сәтте істің бұрмаланып кеткенін көріпті. Ондағы ақпараттың куәгерлер сөзімен үйлеспейтінін білген Әбиевтер отбасы күдіктілер он адамнан көп болған дегенді айтады. Сондықтан да, бірін қалдырмай жазаға тартуды талап етіп отыр.

Қайғылы жағдай 12 қарашада түнгі сағат 00.00 шамасында болған. Туыстарының айтуынша, дзюдодан ел чемпионы Жасұлан Әбиев Қаражыра көмір карьерінің сыртындағы көліктер кезегін реттеуші болып жүріпті. Сол күнгі кезекке талас кезінде басынан алған ауыр соққыдан қаза тапқан. Осы қылмысқа қатысты бір күдікті ұсталыпты.

"Жедел жүргізілген іздеу шараларының нәтижесінде, қылмыс жасады деген күдікпен 1994 жылы туылған Семей қаласының тұрғыны ұсталды. Ол уақытша тергеу абақтысында отыр", - деді Семей қалалық ІІБ баспасөз хатшысы Елеубек Оспанов.

Әйтсе де, қайғыдан қабырғасы қайысқан Әбиевтер отбасы ұлдарын жалғыз адам өлтірді дегенге сенбейді. Өйткені, туыстары оқиға куәгерлерінен күдіктілердің арнайы топталып келгенін естіпті. Осыған сүйенген қаралы отбасы, қылмыстық іс бұрмаланып жатыр деп санайды.

"Кеше ата-анамыз арыз жазуға барғанда, бәрі бұрмаланғанын байқадық. Ол жерде екеуі ғана болған сияқты. Яғни менің ағам мен оны өлтірген жігіт. Бірақ, бізде куәгерлер көп. Олар алғашында үш адам, кейін жеті адам болды деді. Ал, кеше 15 адам болғанын айтып отыр", - деді Жасұлан Әбиевтің қарындасы Жұлдыз Әбиева.

Енді, қара жамылған отбасы топталып келгендердің барлығы заң алдында жауап беруін талап етіп отыр. Жасұлан Әбиевтің артында 3 баласы қалды. Олардың алды 6 жаста, ал кенжесі 1-ден енді асқан.

"Қанды қылмыс орын алған Қаражыра көмір кенішінде кезек те, кезек те тұрған адам да көп екені анық. Сәйкесінше куәгерлер де көп. Әйтсе де, бәлкім біреулерден именді ме, бәрі де оқиғаның қалай болғанын камераға айтып беруден бас тартты. Ал, Қаражыра карьерінің өкілдері, қанды оқиға сыртта болғандықтан, біздің еш қатысымыз жоқ деп ақталудан әріге аспады", - деді телеарна тілшісі.

Дереккөз: КТК


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай