Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" мақаласын талдау: Елімнің өркендеп, дамуы үшін не істей аламын?

11 Тамыз 2017, 15:02
0
Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" мақаласын талдау: Елімнің өркендеп, дамуы үшін не істей аламын? -

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Талдықорған қаласындағы Жастарға қызмет көрсету орталығының мәжіліс залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" мақаласын талқылау тақырыбында дөңгелек үстел өтті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.

Басқосуға саяси партия, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жаныс Сапарғалиев шараны ашып, оның мақсаты мен негізгі міндеті жайында кеңінен түсіндірді.

"Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру". Елбасының осы мақаласы арқылы қазақ елі шынымен де рухани жаңғырып келеді десек қателеспейміз. Біріншіден, ұлттың өзінің ұлттық кодын, генетикалық жадысын сақтап қалу деген дүниеге барынша мән беруге міндеттіміз. Бұл өте маңызды. Өйткені тамырынан үзілген бәйтерек ол жапырақ жаймайтыны сияқты негізгі дәстүріне тамырына сүйенбеген халық ұзақ сапарға шыдай алмайды. Екіншіден, мақаладағы ең соңғы сөйлемге назар аударсақ. Ол сөйлемде өмір сүре білу үшін өзгере білу керек, өзгере білмеген халықтар, тарихтың шаң-тозаңында қалады деген. Президент "Туған жер" бағдарламасын жасап, туған ел ұғымына айналдыру мәселесін қойып отыр. Осының барлығы ұлттық модернизацияға серпін беретін болады. Мақалада көрсетілген бағытты негізгі нысанға ала отырып, барлығымыз ел дамуы жолында аянбай еңбек етуге міндеттіміз", - деді Жаныс Сапарғалиев.

Шараға қатысқан белсенділер Елбасы осы мақаланы дер кезінде халыққа жолдағаны жайында сөз қозғады. Алматы облыстық "Жетісу" газетінің бас редкторы Әміре Әрін өз сөзінде ел тарихына қысқаша тоқталды. "Елбасы бұл мақаланы дәл осы арада жолдағаны қазақстандықтар үшін өте қолайлы болды деп ойлаймын. Өйткені батыстанудың ұшқыны бізді айналып өтпегені рас. Дәл осы арада батыстанудың алдын алып, оған үлкен қорған бола білген де осы мақала. Президент әсіресе, тарихқа, мәдениетке, салт-дәстүрге ерекше мән бергені көпшілікті қуантуда. Өйткені, әкеміздің таза қаны мен анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған осынау қазықылығымыздың ұлттық кодын біз тек осы тарих, мәдениет, салт-дәстүр арқылы білеміз. Сондықтан да, "Рухани жаңғыру" бағдарламасын біз көпшілікке түсіндіре отырып, жастардың бойындағы Отанға деген сезімді оята білсек, мұның өзі біз үшін үлкен жетістік болмақ", - деді Әміре Әрін.

Ата-бабаларымыздың тартқан тауқыметі тарих бетінде тасқа таңба басқандай жазылатынын, олардың ерлігін үнемі жастарға айтып отыруды азаматтық парыз санайтынын тілге тиек еткен облыстық "Огни Алатау" газетінің бас редакторы Атсалим Идигов сталиндік зорлық-зомбылық, геноцид пен этноцид, саяси қуғын-сүргін жайында өз ойын ортаға салды.

"Елбасы мақаласы арқылы біз қазақтың тектілігін сақтап қала аламыз. Әсіресе, батыстанудан жастарды қорғап қалуға күш салуымыз керек. Әртүрлі этнос өкілі болсақ та, біздің Отанымыз, туған жеріміз біреу. Ол - Тәуелсіз Қазақстан. Отанымызға деген жастардың патриоттық сезімін оятатын осынау мақаланы талқылауды күнделікті жұмыс тәртібіне қоссақ нұр үстіне нұр болар еді", - дейді Атсалим Саламұлы.

"Ақ жол" демократиялық партиясы қоғамдық бiрлестiгiнің Алматы облыстық филиалының жетекшісі Мейраш Шынасылованың айтуынша, әрбір адам ең алдымен өзіне: "Елімнің өркендеп, дамуы үшін не істей аламын?" деген сұрақты қоюы керек. Сондай-ақ, елдің рухани дамуын әр адам бірінші өзінен бастаса деген ұсынысын жеткізсе, "Ауыл" халықтық-демократиялық партисының Алматы облыстық филиалының жетекшісі Қаламқас Исаева еліміздің рухани жаңғыруы жолында бірден-бір қажетті әрі пайдалы "Туған жер" бағдарламасы екенін айтты. Сонымен қатар, Елбасы мақаласында ерекше атап өткен патриоттық сезімнің ең алдымен туған жерге, кіндік қан тамған ауылға қысқасы, Қазақстан деген қасиетті мекенді сыйлап, қадірлеп, құрметтеуден басталатынын ерекше атады.

Президент мақаласын талқылап, көпшілікке өз ойларын жеткізген қатысушыларға алғыс білдірген Жаныс Сапарғалиев алдағы уақытта да мұндай басқосуларды жиі өткізіп, "Рухани жаңғыру" бағдарламасының Алматы облысында жан-жақсы дамуына барынша күш салып, жұмыс істеу керектігін атап өтті.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай