Елімізде "адамның түрін тануға кедергі келтіретін" киімдерге заңмен тыйым салу ұсынылды
16 Маусым 2017, 16:51Елімізде "адамның түрін тануға кедергі келтіретін" киімдерге заңмен тыйым салу ұсынылды. Бұл туралы дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың халыққа есеп беру кездесуінде мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда Министрлік заңдарға өзгерістер енгізу топтамасын әзірлеп отыр екен. Топтама негізін "Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы" құрайды. Ол мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастың жаңа форматын ұсынады.
Топтаманың екінші бөлігі - "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар жөніндегі" Заң жобасы. Қазір ол әзірлену үстінде.
"Жоба келесі нормаларды ұсынады: шетелде діни білім алуды реттеу; қоғамдық орындарда адамның түрін тануға кедергі келтіретін киімдерге заңмен тыйым салу; діни бірлестіктердің қаржылық ашықтығын қамтамасыз ету;діни көзқарасқа қарамастан барлық санаттағы адамдардың, деструктивті (теріс) идеологиялық, соның ішінде діни ағымдардың сыртқы көріністеріне тыйым салу құқығын қорғау; мемлекеттік қызметшілердің діни қызметке қатысуын реттеу; кәмелет жасқа толмағандарды діни қызметке заңсыз тартуға жауапкершілікті күшейту", - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Бұдан басқа осы заң жобасында "құдайға құлшылық ету", "діни әдебиет", "діни радикализм", "деструктивті діни ағым" және тағы басқалар сияқты бірқатар түсініктердің анықтамасы нақтыланады.