Елорда тарихындағы жетінші әкім Бақыт Сұлтанов 9 айда қандай істер атқарды?

14 Маусым, 11:55
0
Елорда тарихындағы жетінші әкім Бақыт Сұлтанов 9 айда қандай істер атқарды? - © astana.gov.kz
© astana.gov.kz

20 жылдың ішінде елорда барлық бағытта жоғары жылдамдықпен даму үстінде. Әсіресе мұнда астаналықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шаралар көптеп жүзеге асырылуда. Елорда Инфо Бақыт Сұлтановтың бас қалаға басшылық еткен 9 айда қандай ілкімді істерді атқарғанын саралады.

Басты мәселе - баспана

Бақыт Сұлтанов ресми түрде қызметке өткен жылдың 11 қыркүйегінде кірісті. Алғашқы күннен бастап Елбасы алдына қойған міндеттерді орындауға бар күшін салды. Шаһар халқына өмір сүруге қолайлы ортаны қалыптастыруға ерекше ден қойды. Соның ішінде қол астындағы қызметкерлерге қала маңындағы елдімекендер астана мәртебесіне сай болып, кенттер тұрғындары да барлық игіліктерден шет қалмау керектігін қадап тапсырды.

Елорда халқының басты мәселесі баспана екені белгілі. Бүгінде бас қала тұрғын үй құрылысы бойынша елімізде көшбасшы орында келе жатыр. Мәселен, осы жылдың басынан бері елордада 762 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл жалпы республикалық көлемнің 18 пайызын құрайды.

Қазір қалада 45 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 20 мыңнан астамы - көпбалалы, аз қамтылған отбасылар және мүгедектер. Ал баспана кезегінде тұрғандардың жартысы - мемлекеттік және азаматтық қызметкерлер. Өткен жылы аталған санаттағы адамдарға мүмкіндікке қарай 188 пәтер ғана берілген. Биыл бюджет қайта қаралып, әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдауға бөлінген қосымша қаржының арқасында берілетін пәтерлер саны едәуір артатын болды. Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасы мүшелерімен бір кездесуінде Бақыт Сұлтанов жыл аяғына дейін 1800-1900 пәтер берілетінін айтты. 

Жыл басынан бері де бірнеше рет пәтер кілттерін мұқтаж адамдарға өз қолымен тапсырды. Үлескерлер мәселесінің шешілуіне атсалысты. Өткен күзде медицина қызметкерлері, мұғалімдер мен полицейлер, жиыны 100 отбасы "7-20-25"бағдарламасы бойынша 1 млн теңгелік тұрғын үй сертификаттарына ие болуы үшін тиісті тапсырма берді. Елорда бұл тарапта бюджет саласы қызметкерлеріне баспана алуға қажетті жағдайлар туғызған алғашқы қала болды. Кейіннен осындай жеңілдікті әлеуметтік қызметкерлер де иеленді.

Әлеуметтің әлеуетіне көңіл бөлінді

Бақыт Сұлтанов, әсіресе, көпбалалы отбасылардың мәселесінде ерекше елгезектік танытты. Оның жеке қабылдауына 800-ден аса ана жазылған еді. Солардың бәрін қабылдап, мәселелерін тыңдады, қолдан келер көмегін берді. Бұған қоса, елорданың барлық төрт ауданында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Индустрия және инфрақұрылымдық даму сынды тиісті министрліктердің басшыларымен олардың кездесуін ұйымдастырды. Сол жерде қала әкімдігі мен Үкімет тарапынан қолға алынған көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды қолдау шаралары түсіндірілді. 

Осындай кездесулердің бірінде бірқатар көпбалалы аналар жеке кәсіп ашқылары келетінін жеткізді. Әкімдік тарапынан оларға сондай мүмкіндік жасалды. Атап айтқанда, қаланың "Көше саудасы - 1000 орын" бағдарламасы бойынша жер бөлінді. Қолданбалы өнер мен қолөнер шеберлігін тегін оқыту семинары ұйымдастырылды. Күні кеше ғана істерін дөңгелету үшін оларға  50 тігін машинасы сыйға тартылды.

Осы көктемде қала әкімдігі көпбалалы отбасыларға арналған "Нұрлы Ертіс" бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарламаға сәйкес оларға Екібастұз қаласынан өте тиімді шарттармен 122 пәтер ұсынылды. Осы уақытқа дейін де аталған қалаға елордадан 54 отбасы көшіп барды. Бас қала әкімдігі көші-қон кезінде бұл отбасыларды көлікпен қамтамасыз етті. Екібастұзға көшкендер жұмыспен қамтылып, олардың балалары балабақшаға тегін орналастырылды.

Елорда халқының өсу қарқынына байланысты орта мектептер мен балабақшалардан тапшылық сезіліп жатқаны жасырын емес. Осы тұрғыдан Бақыт Сұлтановтың кезінде олардың құрылысының нақты жоспары жасалды. Жастар жылының аясында да студенттерді жатақханамен қамту, басқа да өзекті мәселелер қолға алынды.

Бұдан бөлек, Елбасының тапсырмасына сәйкес, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету бойынша 13 қадамнан тұратын нақты шара қолданылды. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен қосымша 1,3 миллиард теңге, ал атаулы әлеуметтік көмек пен 966 пәтермен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен қосымша 8,6 млрд теңге қаржы қарастырылған.

Сондай-ақ үйде оқытылатын мүгедек балаларға берілетін әлеуметтік төлемді арттыру, жоғары оқу орындарында білім алатын көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына грантты көбейту, тұрмысы төмен отбасыларды қатты отынмен қамтамасыз ету, көпбалалы аналарға тіс дәрігеріне қаралуға жеңілдік пен тұрғын үй сертификатын беру, қоғамдық көліктерде тегін жол жүруге мүмкіндік жасалған. Сол сияқты көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балаларын тегін тамақпен, тегін мектеп формасымен қамтамасыз ету, сауықтыру лагерьлеріне жолдама беру, балабақшаларда тегін қызмет көрсету сияқты жұмыстар жүргізілді.

Мәдениет пен спорт та назардан тыс қалмады

Әсіресе, көп жылдан бері күн тәртібінен түспеген қазақ театры құрылысының мәселесі шешілді. Оған жер бөлініп, құрылыс жұмыстары басталып та кетті. Бақыт Сұлтанов Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына арнайы барып, "Отелло" спектаклін тамашалады. Шыны керек, осы күндері билік өкілдерін театрдан көрмейміз. Соңғы жылдары қаланы басқарған әкімдер осынау мәдени ошаққа барғанын көрмедік те, естімеген де едік. Сондықтан Бақыт Сұлтановтың театрға бас сұққанына риза болдық.

Кенттер тұрғындары салауатты өмір салтымен айналысу үшін төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына қаржы бөлінді.

Елордада бірқатар жаңашыл жобалар енгізіліп, осы жағынан өңірлерге үлгі көрсетті. Атап айтқанда, тұрғындарға бюджет қаражатын бақылауға мүмкіндік беретін "Астанадағы интерактивті қоғамдық бақылау картасы" және жемқорлықты ауыздықтауға бағытталған "Астана - адалдық алаңы" жобалары тиімділігін көрсетті.

Газдандыру үш кезең бойынша жүзеге асады

Бірнеше жылдан бері қыстың тымық күндері қаланы түтін басады. Осы мәселені шешу үшін елорданы газдандыру жобасы әзірленді. Бұл жоба үш кезең бойынша жүзеге асады. Газдандырудың игілігін де алдымен "Көктал-1", "Көктал-2", "Железнодорожный" тұрғын алаптары мен Оңтүстік-шығыс ауданы көреді.

Газ тарату желісінің жалпы ұзындығы 957 шақырымды құрайды. Құны - 50,8 миллиард теңге. Бірінші кезең 9 іске қосу кешенін қамтиды. Осының ішіндегі 1 және 2-іске қосу кешендерінің жобалық-сметалық құжаттамасы мақұлданды.

Бірінші кезеңде газ ЖЭО-1, "Оңтүстік-шығыс" және "Железнодорожный" тұрғын алаптарына тартылады. Бұл жұмысқа биыл 3,0 млрд бөлінді. Осы қаржы 13,8 шақырымды құрайтын газ тарату желілерінің құрылысына жұмсалады. Алғашқы кезең жұмыстарының жалпы құны - 26,8 млрд теңге. Тиісті жұмыстар 2023 жылы аяқталып, аталған тұрғын алаптарға газ келуі керек. Сол кезде зиянды қалдықтардың ауаға таралуы 30 пайызға азаймақ. Бірінші кезеңнің газ тарату желілерінің жалпы ұзындығы - 486,47 шақырым.

Екінші және үшінші кезеңдерде көгілдір отын "Шұбар", "Өндіріс", "Агрогородок", "Пригородный", "Мичурино", "Интернациональный", "Күйгенжар", "Тельман", "Промышленный", Family Village, Garden Village тұрғын алаптарына тартылады. Бұл кезеңдердің жұмыстары 2024-2030 жылдары жүруі тиіс.

Нұр-Сұлтан қаласының 2019-2023 жылдарға арналған ықшамды құрылысы жөніндегі кешенді жос­парына сәйкес елорданы газдандыруға 5 жылдық мерзімге 31,5 миллиард теңге (республикалық бюджеттен - 13 миллиард, жергілікті бюджеттен - 18,5 миллиард теңге) қарастырылған.

Шеткі аймақтар шетін қалмайды

Бақыт Сұлтанов қала іргесіндегі елді мекендер астана мәртебесіне сай болып, кенттер тұрғындары барлық игіліктерден шет қалмау керектігін тапсырған болатын. Шеткі аймақтарды да­мытуға үш жылдық мер­зімге республикалық бюджет­тен бөлінген 7,5 миллиард теңге "Көктал-1" және "Көктал-2", "Железнодорожный", "Өндіріс", "Ильинка", "Пригородный", "Үркер" сынды жеті тұрғын алаптың әлеу­меттік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталады. Атап айтқанда, шеткі аймақтарда 13 жоба жүзеге асырылады. Соның ішінде екі мектеп, бес дене шынық­тыру-сауықтыру кешені, 100 орынға арналған жатақхана, т.б. халыққа керек әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілер, жолдар салынады.

Биыл "Қазаэронавигация" РМК-мен бірге бюджет қаржысынан тыс жалпы құны 4,5 миллиард теңге болатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Тағы осындай төрт спорттық нысанның құрылысына осы жылы 2,7 млрд теңге бөлінді. Оларды 2021 жылы тапсыру жоспарланды.

Баршын, №11, №20-2 кө­шелері шекарасындағы және Н.Тілендиев даң­ғы­лынан оңтүстікке қарай тұрғындарды сумен, кәріз жүйесімен, электрэнергиясымен қамту үшін құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл оны аяқтауға 218 млн теңге бөлінді. 

Н.Тілендиев даңғылы бойындағы "Жеті жол", "Ұлытау", "Көктал-2", "Ақ тілек" тұрғын үй кешендерін орталықтандырылған жылумен қамтуға 1,6 миллиард теңге қарастырылды.

"Агрогородок", "Железнодорожный", "Өндіріс" тұрғын алаптарын электр­энергиясы желілерін жөн­деу­ге 5,8 миллиард теңге бөлінді. 2017 жылы басталған жөн­деу жұмыстары келесі жылы аяқталады.

Цифрландыру - заман талабы

Цифрландыру бағытында көп жұмыс істеліп, өткен жылы қала әкімдігі көрсеткен мемлекеттік қызметтердің 73 пайызы электронды форматта атқарылды. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер саны да өсіп, цифрландыру деңгейі 43,6 пайыздан 48 пайызға артты. Қырық шақты көрсетілетін мемлекеттік қызмет автоматтандырылып, орталық мемлекеттік органдардың 14 ақпараттық жүйесімен біріктірілді. Халықпен алшақтықты қысқарту мақсатында "Ашық әкімдік" тұжырымдамасы жүзеге асырылып, кедергісіз қызмет көрсетіле бастады. Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін әкімдіктің бірінші қабатында 15 құрылымдық бөлімшенің "бір терезе" қағидатымен жұмыс істейтін кабинеттері орналасты. iKomek қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының халыққа берген кеңестері бір жылдың ішінде 4 есеге өсті. Дамудың қалалық акселераторы іске қосылып, туындаған мәселелерді шешуге мемлекеттік органдардан бастап, қоғамдық бірлестіктер, қаланың белсенді тұрғындары, ғалымдар, кәсіпкерлер және мәселені шешуге мүдделі барша адам тартылды.    

Сарыарқа ауданы әкімдігінің Open space форматында фронт кеңсесі ашылып, нәтиже берді. Соның үлгісімен елорданың өзге де мемлекеттік органдары трансформациялану жолына түсті.

Қаланың емханаларында халықаралық стандарттар талаптарына сай келетін цифрлы ақпараттық киоскілер орналастырылып, балалар алаңдары салынып, Ахуалдық орталық құрылды.  

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Нұр-Сұлтан "ақылды" қалалардың халықаралық рейтингіне енгізіліп, елорданың даму деңгейі 2,48 баллды құрады. Бас қаламыз - Орталық Азиядағы осы үлгі бойынша "Смарт Сити" бағасын алған алғашқы қала.  

Әкімшілік-басқару жүйесі жаңарды

Әкімдікте трансформация жүргізіліп, әкімшілік-басқару персоналын екі есеге қысқарту есебінен бейіндік лауазымдар көбейіп, аз адам жұмыс істейтін құрылымдар 30-дан 22-ге азайды. Бүгінде негізгі функцияларды атқарумен персоналдың 80 пайызы және әкімшілік қызметкерлердің 20 пайызы айналысып жатыр. Бұрын бұл көрсеткіш сәйкесінше 68 және 32 пайыз болған. Еңбекақы төлеудің факторлық-балдық моделі қанатқақты жобасының арқасында мемлекеттік қызметкерлердің табысы өсіп, жұмыс нәтижелігі де артты.

Инфрақұрылымға келгенде, кейде құрылыс пен коммуникация тең дәрежеде жүргізілмейтіні байқалады. Бақыт Сұлтанов жауапты органдарға осы жағын ретке келтіруге тапсырма берді. Инфрақұрылым демекші, Бақыт Сұлтанов өткен жылдың соңында Үкіметте елорданың 2019-2023 жылдарға арналған ықшамды құрылысы жөніндегі кешенді жоспарын таныстырды. Соған сәйкес, жерді игеру аумағының шекаралары 25,7 мың гектардан 15,4 мың гектарға дейін оңтайландырылды. Бұған қоса, Нұр-Сұлтан қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы мен мастер-жоспары әзірленді.

Экономикалық өсім артты

Қаланың экономикасы тек көрсеткіштермен ғана емес, жыл санап тұрақты және инновациялық тұрғыдан дамып келеді. Ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша елордадағы әлеуметтік тұрақтылық сақталып, экономикалық өсім арта түскен. Мәселен, қаладағы өндірістің көлемі жыл басынан бері 261,1 миллиард теңге болды.

Еңбек нарығында да жағдай тұрақты. Ресми мәліметке сүйенсек, елордадағы жұмыссыздық еліміз бойынша ең төменгі көрсеткішке ие болыпты (4,5 пайыз). Осы уақытқа дейін экономика секторында 7560 жаңа жұмыс орны құрылған (7136-сы - тұрақты, 424-і - уақытша). Оның 94 пайызы шағын және орта кәсіпкерлік саласының еншісінде. Ал орташа жалақы мөлшері 4,4 пайызға өсіп, 233,5 мың теңгені құрап отыр. Сол сияқты жан басына шаққандағы табыс 0,8 пайызға артып, 155,5 мың теңгені құраған.

Сол сияқты бас қаладағы сауда-саттықтың да дамып, оның өсімі 3 пайызға, яғни 465 млрд теңгеге артқанын айта кеткен жөн.

Нұр-Сұлтан - кәсіпкерлер қаласы

Жалпы, Нұр-Сұлтанды кәсіпкерлер қаласы деп айтуға болады. Мұнда өзін-өзі жұмыспен қамтушы кәсіпкерлер саны 23,3 пайызға артты. Яғни қаладағы әр үшінші азамат - жеке кәсіпкер. Олардың саны 363,2 мыңнан асады. Қала қазынасын толықтырған салық көлемінің 48 пайызы да - осы шағын және орта кәсіпкерліктің еншісі. Жыл басынан бері олар 233 млрд теңге салық төлеген. Осыған орай елорданы шағын және орта кәсіпкерлік бойынша еліміздің өзге қалаларымен салыстырғанда көш басында тұр деуге болады.

Жол картасы бағдарламасы бойынша 183 миллиард теңгенің 1142 кәсіпкерлік нысаны пайдалануға берілді. Сондай-ақ шағын және орта кәсіп субъектілеріне 1 миллиард теңгенің көлемінде микрокредит бөлінді. Соның нәтижесінде 9 мыңнан аса адам жұмыс орнын сақтап қалды және 5600 жаңа жұмыс орны ашылды.

Стартапшыларға зор қолдау көрсетілді

Бақыт Сұлтановтың әкім болып тұрған кезінде елордада кәсіпкерлер мен стартапшыларға арналған заманауи инновациялық алаң жұмысын бастады. Стартапшылар тәжірибе алмасып, жобаларды талқылайтын кеңістік құру мақсатында ТМД аумағындағы алғашқы болып ашылған Seedspace Nur-Sultan атты халықаралық инновациялық жаңа алаңда менторлардың, кеңесшілер мен техникалық мамандардың ауқымды желісі жұмыс жасайды. Қала әкімдігі, Astana Innovations, Seedstars және BI Group компаниясының бірлесуімен жүзеге асырылған Seedspace Nur-Sultan алаңы 96 адамға арналған 7 кабинеттен тұрады. Оның ішінде коуоркинг кеңселері, конференция залы және демалыс бөлмесі бар. Бас қаладағы Hilton қонақүйінің жанынан ашылған орталық жыл бойы және 24 сағат бойы жұмыс істейді.

Елорда тарихындағы жетінші басшы

Бақыт Сұлтанов қала әкімі болған кезінде атқарған осындай ілкімді істерінің арқасында Нұр-Сұлтан қаласы сол кезде дамудың жаңа сатысына аяқ басты. Қазақ "жеті" санын қасиет тұтады. Бас қаланың жетінші әкімі Бақыт Сұлтанов қала атауы Нұр-Сұлтан болып өзгергенде осы шаһардың тізгінін ұстаған алғашқы басшы ретінде де тарихта қалады. Ол елорданы тоғыз ай басқарды. Сол кезең туралы Фейсбуктегі жеке парақшасында жазба қалдырып, қала халқына жылы лебізін білдірді.

"Көзді ашып-жұмғанша тоғыз ай өте шықты. Тоғыз айда сәби де дүниеге келеді. Осы уақыт ішінде мен мұнда өмір сүріп, жұмыс істеп жақсы өмір табуға тырысқан адамдардың тағдырлары мен ұмтылыстарының алуан түрлілігін және өзім 21 жылдан астам уақыт өмір сүрген қаланың шаруашылығы қаншалықты күрделі екенін түсіндім.

Бірақ балаларым мен немерелерім өсіп жатқан қалаға деген сезімім күшейе түсті. Сондықтан қайда, қандай лауазымда болсам да, мен өзімнің сүйікті қаламның мәселелерін шешуге және қарқынды дамуына әрқашан көмектесуге тырысамын.

Елорда басшысы қызметінде болған кезде маған қолдау көреткен, алдыма күрмеулі мәселені айтып, шешімін талап еткен баршаңызға зор алғысымды білдіремін! Бұл мен үшін асқан жауапкершілікке толы тәжірибе болды. Сенім артқан Елбасыға, мемлекет басшылығына алғысымды айтамын! Жаңа белестерде кездескенше!", - деп жазды онда Бақыт Сұлтанов.

Получить короткую ссылку

Тегтер:

  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай