03 қазан 2018 15:50

Ермегияевке колонияда кездесулердің қалай ұйымдастырылғаны айтылды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Астананың №2 Байқоңыр аудандық сотында "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының сотталған экс-басшысы Талғат Ермегияевке қорғаншылық жасау ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Астананың №2 Байқоңыр аудандық сотында "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының сотталған экс-басшысы Талғат Ермегияевке қорғаншылық жасау ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Сот алдына Ермегияев осыған дейін жазасын өтеген колонияда қызмет еткен Ақмарал Мырзағалиева келді. Ол сотта ұлттық компанияның экс-басшысына кездесулерді қашан және қалай ұйымдастырғандарын айтып берді.

Мырзағалиева Ермегияевке оның отбасы мүшелерінен бөлек, басқа да адамдардың келіп жүргенін айтты.

"Белгілі бір сотталушымен кездесемін деп, бірақ расында басқа адаммен кездесетін жағдайлар болуы мүмкін бе? Осындай жағдайлар қанша рет болды?" - деп сұрады мемлекеттік айыптаушы колония қызметкерінен.

"Сотталушының аты-жөні есімде жоқ, бірақ бір азаматша келетін. Ол Ермегияевпен арнайы бөлмеде кездесетін. Ол бөлме біздің ғимаратта орналасқан. (….) Маған қоңырау соғып, ол әйелді сол бөлмеге өткізу керектігін айтты", - деп жауап берді Мырзағалиева.

"Сіздің берген жауабыңыздан расында кездесудің сотталушы Раковпен болу керектігін түсіндім. Бірақ сонда сізге Мұсаев хабарласады да, Майновская Ермегиявпен кездеседі. Дұрыс түсіндім бе?", - деп нақтылады судья.

"Иә", - деп жауап берді Мырзағалиева. Прокурор ол азаматшаның сотталушымен 2017 жылдың шілдесінде кездескенін айтып өтті.

Сондай-ақ, сот барысында жексенбі күніне қарамастан, Талғат Ермегияевке ол күндері өзінің туыстарымен кездесуге рұқсат берілгені белгілі болды.

"Сіз сонда жексенбі күні жұмысқа тек сотталушы Ермегияевке әйелдерімен кездесу ұйымдастыру үшін шығып жүрдіңіз бе? Сіз "әйелдерімен" деп айтып өттіңіз - сонда екі жексенбі қатарынан солай болды ма? Алғашқы жексенбіде кіммен кездесу ұйымдастырдыңыз?", - деп сұрады судья.

"Бірінші жексенбіде - заңды әйелімен. Ал екінші жексенбіде азаматтық әйелімен", - деп жауап берді Мырзағалиева.

"Ал негізі сіздер жексенбі күні жұмыс істейсіздер ме? Сотталушылар ол күні туыстарымен кездесе ала ма?", - деп нақтылады судья.

"Жоқ. (...) ", - деді Мырзағалиева.

Сондай-ақ, сот барысында Мырзағалиеваның сотқа дейінгі тергеу барысында берген жауаптары келтірілді. Ол осыған дейін сотталушыға азық-түлік салынған сөмкеде тыйым салынған заттардың да болғанын айтқан болатын.

Еске салайық, 2017 жылдың желтоқсанында ҚР ІІМ өкілдері Астана бойынша ҚАЖД ЕЦ 166/10 мекемесі лауазымды қызмет иелеріне қатысты "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының сотталған бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевке жағымды жағдай жасады және қорғаншылық көрсету дерегі бойынша қызметтік тексеріс басталғанын хабарлаған еді. Осыдан кейін ЕЦ-166/10 түзету мекемесінің басшысы мен оның орынбасары ұсталып, қамауға алынған.

Ал мұның алдында Алматының экс-прокуроры Ғабит Миразов сотталған Талғат Ермегияевпен заңсыз байланыста болғаны үшін қызметінен босатылғаны анықталған. 

"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ерменияев 2016 жылдың маусымында 14 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.44   490.7   4.77 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети