23 шілде 2016 17:01

Жер реформасы жөніндегі комиссия Атырау облысы халқының ұсынысын тыңдады

ПОДЕЛИТЬСЯ

© ҚР АШМ баспасөз қызметі © ҚР АШМ баспасөз қызметі

Бүгін Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ҚР премьер-министрінің орынбасары - ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен Жер реформасы бойынша комиссия мүшелерінің Атырау облысы халқымен кездесуі болып өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Бүгін Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ҚР премьер-министрінің орынбасары - ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен Жер реформасы бойынша комиссия мүшелерінің Атырау облысы халқымен кездесуі болып өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінге дейін Комиссия Астанада төрт отырыс және Ақмола, Алматы, Қызылорда облыстарының халқымен кездесулер өткізді. 

Кездесуге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кәсіпкерлер, салалық одақтар мен қауымдастықтар, барлық деңгейдегі қоғамдық кеңес мүшелері, партиялық және кәсіподақ ұйымдары, орталық және жергілікті атқарушы органдар қатысып, өңір аудандарының тұрғындары селекторлық режимде байланысқа шықты. 

ҚР премьер-министрінің орынбасары - ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Комиссияның өңірлердегі жұмысында белгілі бір принциптердің қалыптасқанын, яғни, ашық түрде ешқандай шектеусіз нақты көтеріліп отырған мәселеге байланысты пікір айтам дегендерге шектеу жоқтығын атап өтті.

"Біз бұл жерге дауласу үшін емес, жер мен ел тағдырын ақылдасу үшін жиналып отырмыз. Жер мәселесін ақылмен, сабырмен, жан-жақты талқылау арқылы қарап, шоғырланған түйінді мәселелерді шешудің жақсы үлгісін көрсетуіміз қажет", - деді Комиссия төрағасы.

Күн тәртібінде алдыңғы қозғалған тармақтардың заңды жалғасы ретінде үш мәселе қаралды:

Біріншіден, ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру институтын жетілдіру. Оның ішінде, жерді ұтымды пайдалануға бақылауды күшейту, жерді жалға беру рәсімдерінің ашықтығын, тиімділігін арттыру, бір қолға жалға берілетін жерлердің шекті (ең жоғары) мөлшерін белгілеу, Қазақстан Республикасының шекаралас аумақтарынан берілетін ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану тәртібін күшейту.

Екіншіден, елді мекен маңайынан жергілікті тұрғындарды қажетті жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыру

Үшіншіден, мораторий жарияланған 2 мәселеге (қазақстандықтарға жеке меншікке және шетелдіктерге жалға беру) байланысты пікір алмасу.

Ең алдымен, экономикалық топтың жетекшісі Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы сөз алып, Қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру институтын жетілдіру, сондай-ақ оған мониторинг жүргізу бойынша ұсыныстарын баяндады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға дейін жалға беру институтын сақтап, оған мониторинг жүргізу, қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерін тарта отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін жалға берудің жеке тәртібін және конкурстар өткізудің тәртібін белгілеу, республика және әр әкімшілік аудан бойынша ауыл шаруашылығы жерлерінің алқап түрлері бойынша шекті (ең жоғары) мөлшерін бекіту, жерді ұтымды пайдалану бойынша жер пайдаланушылардың міндеттері мен жауапкершілігін күшейтетін жалға берудің үлгілік шартын бекіту.

Ал, құқықтық топтың жетекшісі Тайжан Мұхтар Болатханұлы топ жұмыстарының нәтижелері бойынша елді мекен маңындағы жергілікті тұрғындар үшін қажетті жайылымдарға байланысты баяндама жасады.

Одан соң штаб жетекшісі, Ауыл шаруашылығы министрлігінің вице-министрі Нысанбаев Ерлан Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы жұмыс тобының, сонымен бірге өңірлердегі қоғамдық кеңестердің атқарған жұмыстарының есебін берді.

Соңғы баяндамамен Атырау облысының қоғамдық кеңесінің басшысы - Атырау облысының құрметті азаматы, еңбек ардагері Өтешов Мұрат қоғамдық кеңестің жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, қоғамдық кеңес мүшелері әрбір аудан мен ауылды аралап, жер мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді және де алғашқы нәтижелер де жоқ емес.

Бұдан әріде сұрақ-жауап кезеңіне жол беріліп, бұқараны толғандырған түйткілдердің айналасында, соның ішінде мораторий жарияланған тармақтар бойынша пікір алмасулар өрбіді.

Комиссия мүшелері өз жұмыс топтарының аясында, уақыты келісілген шешімдер бойынша ұсынымдар әзірлеп, ортақ пікірлерді тұжырымдайтын кездің келгендігіне кеңінен тоқталды.

"Айта кетейік, өңірлерде халықпен кездесулер өз дәрежесінде жалғасатын болады. Мұндағы түпкі нәтиже - халықты толғандырып жүрген жер тағдыры бойынша мәселені әбден саралап, салмақтап, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдармен бірігіп, Парламентке нақты ұсыныстар беру", - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.

Еске салайық, кеше, 22 шілдеде Елбасы жуық арада Жер реформасы жөніндегі комиссияның жұмыс нәтижелерін ұсынуды тапсырған еді. "Тамыз айының соңында біз Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, алдын-ала қорытындыларын жасау және ары қарайғы іс-қимылды айқындау үшін барлық аталған мәселелердің шешімін әзірлеуді сұраймын", - деген еді Мемлекет басшысы ҚР Үкімет басшысымен кездесуінде.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.77   490.7   4.81 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети