Алматы облысының спортшылары кәсіби мерекелерінде Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында бас қосты. Ел намысын қорғап жүрген жеңімпаздарды облыс әкімі Амандық Баталов арнайы құттықтады, – деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Алматы облысының спортшылары кәсіби мерекелерінде Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында бас қосты. Ел намысын қорғап жүрген жеңімпаздарды облыс әкімі Амандық Баталов арнайы құттықтады, – деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Мәдениет сарайында ұйымдастырылған жиын шағын бейне ролик көрсетуден басталды. Салтанатты шараға келген жұрт лэд экранда қойылған Жетісу жетістіктері деп аталатын шағын деректі фильмді тамашалады. Онда соңғы жылда жерлестеріміздің жеткен жетістіктері сараланып, жағымды жаңалықтар көрсетілді. Расында да, Алматы облысында спорт саласы бойынша ауыз толтырып айтатын жаңалықтар өте көп. Әр салада, спорттың бірнеше түрінен жиған жүлделер саны естіген жұрттың көңілін марқайтады. Аталмыш фильм аяқталысымен облыс әкімі Амандық Баталов Елбасы саясатын жүзеге асыруда, облыста бұқаралық спортты дамытуда көптеген игі істердің қолға алынып жатқанын тілге тиек етіп, спорт мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады.
"Биыл спорт саласына облыстық бюджеттен 6 млрд. теңге бөлініп, спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Расында да, басқа облыстармен салыстырғанда Алматы облысы спортқа үлкен қолдау білдіруде. Облыста мықтылығымен ерекше көзге түскен 72 талантты спортшыға жалпы соммада 76 миллион теңге көлемінде степендия төленеді. Ал ұлттық спорт түрлерінен де бағындырған белесіміз биік. Шашасына шаң жұқпаған сәйгүліктеріміз бәйгенің алдын бермейді. Өткен жылы Астана қаласында ұйымдастырылған "Алтын тұлпар" бәйгесінде Алматы облысының жүйрігі жеңіске жеткен еді. Ал төл өнеріміз қазақ күресінен қоржынымыз молайып жүр. Республикалық "Қазақстан барысы" турнирінде жерлесіміз Ұлан Рысқұл күміс белбеуге қол жеткізіп, мерейімізді асырған еді. Міне, осындай жемісті әрі жеңісті жетістіктерімізді зор мақтанышпен айтуға болады. Алдағы уақытта да жеңістің тұғырынан ғана көрінуге күш салуымыз керек", - деді облыс әкімі.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов алдағы уақытта Талдықорған қаласында олимпадалық стандарта сай жүзу бассейні, биіктіктен суға секіру және жабық жеңіл атлетика манежі бой көтеретінін айтып, спорт әлемінде еліміздің көк Туын биікке көтеруге атсалысып жүрген майталман спортшыларды марапаттады. Рио-де Жанейрода өткен жазғы Паралимпиадалық ойындарда күміс медальді жеңіп алғаны үшін пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Раушан Қойшыбаеваға және Рио Олимпиадасында күміс медальді жеңіп алған зілтемірші Карина Горичеваға екі бөлмелі пәтер кілті табысталды. Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің "Құрметті спорт қызметкері" төс белгісімен облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің еркін күрестен жаттықтырушысы Аман Бұғыбаев, дзюдо күресінен жаттықтырушы Тимур Абыханов марапатталды. "Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін" төс белгісін Жамбыл ауданы балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Бақберген Қайырлыбаев пен Қарасай ауданы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Валери Хациевтің кеудесіне тақты. Одан бөлек министрдің, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары да өз иелерін тауып, қуанышты еселей түсті.
Жиынның соңында барлық спорт мамандары мен спортшылардың атынан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР спорт қайраткері Әкешай Жайлаубеков сөз сөйлеп, спортқа үнемі қолдау білдіріп отырған облыс басшысына алғысын айтты. Жас спортшылардың атынан Ауыр атлетикадан әлем чемпионы Анатоли Савельев, көгалдағы хоккейден Азияның үш дүркін чемпионы Нұржан Бейбітов та жүрек жарды тілектерін жеткізді. Мерекелік кеш көңілді концертке ұласты.