1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Қарағанды облысында қасқырлар 50-ден аса жылқыны жайратып кеткен24 желтоқсан 2019, 09:37

видеодан үзінді видеодан үзінді

Қарағанды облысында қасқыр құтырды. Түз тағылары күзден бері Бұқар жырау ауданына қарасты үш ауылдың жылқысына қырғидай тиіп жатыр. Ал соңғы аяз көтерілгелі ит-құс ауылды айнала жортатын болған. Осы күнге дейін 50-ден аса жылқыны жайратқан жыртқыштар адамнан қорқуды қойыпты. Сондықтан олар аңшылық инспекциясынан малды жайпап бара жатқан жыртқышты жоюға рұқсат беруін талап етіп отыр. Бірақ қасқырды қыруға болмайды екен, - деп хабарлайды КТК арнасы. 

Ақжар ауылының тұрғыны Мереке Дүйсембаев үш күн бұрын қасқыр тартқан екі жабағысын қораға алған. Сандарынан кесек ет жұлынған жануарлар жасып қалғандай. Қайта бұлар аман құтылған. Әйтпесе күзден бері үйірде жүрген 15 шақты Қамбар ата тұқымы далада жайрап қалыпты.

"Күнітүні жылқының соңында жүре алмаймыз ғой. Ол жарықтық түнде жайылады. Таңертең барсақ, жайрап жатады, желінген, не тартылған. Таңертең естідік, көрші ауылдан кәдімгі грейдердің қасында жеп жатыр дейді. Осының алдында үш-төрт жыл бұрын мұндай болған жоқ. Тіпті 10-15 жыл. Болды ғой енді, бірақ дәл мұндай қатты болған жоқ", - дейді Ақжар ауылының тұрғыны Мереке Дүйсембаев.

Ауыл тұрғындары иен далада өлекселерді күн ара табады. Әсіресе боранды күні құтыратын қасқырлар жылқының кеңірдегін қиып, жарып кете береді екен. Ал азу тістен сытылып шыққандарды иелері қораға қамап, ем-домын жасап жүр. Олардың айтуынша, маңайдағы қасқыр азаймай, мәселе түбегейлі шешілмейді. Өздері қырып салайын десе, мұрсаттары да, рұқсаттары да жоқ. Сондықтан өңірге кәсіби аңшылар тартылса екен дейді.

"Келсін, көмек керек, аңшыларды жіберсін. Рұқсатын берсін. Халық боп атпен шығамыз. Біз осы малға қарап отырмыз. Бірекі малымызды жеп қояды. Кішкене, бір екеуін болсын атып, азайту керек, - дейді Ақжар ауылының тұрғыны Баткен Сейітов.

Орман шаруашылығы испекциясындағылар қасқырға аңшылық жасау заңға қайшы дейді. Өйткені жыртқыштың саны жыл сайын азайып жатыр екен. Тек қана саны артып, малға шауып жатқан өңірлерда қанша қасқырды атуға болатынын айтады. Биыл Қарағанды облысына 39, оның ішінде Бұқар жырау ауданында 16 қасқырдың көзін жоюға рұқсат берілген.

"Қасқырды жаппай қыра берсек, жақын болашақта экологиялық апатқа ұшырауымыз мүмкін. Сондықтан оның санын сәл азайтып отыруға ғана рұқсат етіледі. Биылдыққа 16 қасқырға ғана рұқсат болды. Сондықтан ауыл тұрғындары малына сақ боп, келесі жылды күтуіне тура келеді. Көзі құртылатын қасқыр саны анықталғанда кәсіби аңшыларға рұқсат қағаздары беріледі", - дейді Қарағанды облыстық орман шаруашылығы және хайуанаттар әлемін қорғау испекциясының бөлім бастығы Евгений Протас.

Тұрғындардың айтуынша, қасқырлар жазда Баянауыл және Қарқаралы аудандарында болған дала өртінен ауып келген. Қазір жыртқыштар жайлаған өңір осы екі өрттің ортасында орналасқан. Бұл болжамды мамандар да жоққа шығармайды. Десе де, құзырлы органдар ауыл тұрғындарын қасқырдан арашалауға қауқарымыз жетпейді деп отыр.

Қыс түссе, ақжарлықтар қоршауда қалғандай күй кешеді. Осы мезгілде ауылда жарық жиі сөніп жолдарын қар алады. Салдарынан негізгі жолдан ауылға дейінгі бес шақырым жерді жаяу жүріп өтуге тура келеді екен. Сондықтан аш қасқырлар "адамға да шаба ма?" деген қауіп төнді дейді тұрғындар.