ПОДЕЛИТЬСЯ
03 шілде 2019 | 21:25
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада бірқатар кездесулер өткізді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада бірқатар кездесулер өткізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада бірқатар кездесулер өткізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті Citigroup банкінің үкіметтер мен мемлекеттік сектор жөніндегі жаһандық блогының басшысы Джули Монакомен кездесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев EXPO-2017 көрмесіне және АХҚО басқару жөніндегі кеңестің жұмысына белсенді қатысқаны үшін Citigroup басшылығына ризашылық білдірді. Қазақстан Президенті банктің Қазақстанға инвестиция тарту және инновациялық жобаларды жүзеге асыру ісіндегі үлесін жоғары бағалады.
"Біз еліміздің орнықты экономикалық дамуын қамтамасыз етуді қалаймыз және экономиканы әртараптандырып жатырмыз. Бұл оңай міндет емес. Оның барлық қиындығын түсінеміз. Citigroup компаниясымен осы бағыттағы тығыз ынтымақтастығымызды жалғастыра бергіміз келеді", - деді Мемлекет басшысы.
Джули Монако Қасым-Жомарт Тоқаевты Президент лауазымына сайлануымен құттықтап, Қазақстан Citigroup компаниясының маңызды серіктесі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Polpharma компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы Ежи Старакпен кездесті.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстандағы дәрі-дәрмек шығару жөніндегі бірлескен жобалардың іске асырылуы туралы ақпарат берілді. Қазақстан Президенті Polpharma компаниясының фармацевтика саласында ғасырға жуық тәжірибесін атап өтіп, оның Польша нарығындағы көшбасшылардың бірі екенін және еліміздегі осы саланың дамуына ерекше үлес қосып отырғанын айтты.
"Шетелдік инвесторлар кеңесінің жұмысына қосқан үлесіңіз бен Арыс қаласына гуманитарлық көмек бергеніңіз үшін айрықша ризашылық білдіремін", - деді Мемлекет басшысы.
Ежи Старак Қазақстанда өте жақсы инфрақұрылым қалыптасқанын және оны дамытуға көп күш-жігер жұмсалғанын айтып, компанияның қазақстандық серіктестермен тиімді әрі табысты ынтымақтастығы тың серпін алатынына сенім білдірді.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті ExxonMobil Production Company президенті Нил Даффинмен кездесті.
Мемлекет басшысы жемісті ынтымақтастық үшін ризашылық білдіріп, Қазақстанның ExxonMobil Production Companyмен бірқатар ірі көмірсутек жобалары бойынша тығыз жұмыс істеп жатқанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі тиімді шараларды әзірлеуге бүгінгі кездесудің жақсы мүмкіндік беретінін айтып, туындаған мәселелерді келісіп шешудің маңыздылығына назар аударды.
Нил Даффин Шетелдік инвесторлар кеңесі Қазақстанның шетелдің бизнес өкілдерімен диалог орнату үшін маңызды алаң екенін айтты.
Показать комментарии
Читайте также