09 ақпан 2016 15:15

Қазақ баласы америкалық миллиардердің грантын жеңіп алды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Əлібек Нұркеш. © zhasorken.kz Əлібек Нұркеш. © zhasorken.kz

Назарбаев университетінің 4-курс студенті Əлібек Нұркеш америкалық миллиардер Стивен Шварцманның Schwarzman Scholars атты грантын жеңіп алды. Экономика жəне халықаралық қатынастар мамандығы бойынша оқитын Әлібек "Ұлан" газетіне берген сұхбатында дүниежүзі бойынша 3 мыңнан аса үміткердің ішінде грантқа қалай іліккені жайлы әңгімеледі.


Назарбаев университетінің 4-курс студенті Əлібек Нұркеш америкалық миллиардер Стивен Шварцманның Schwarzman Scholars атты грантын жеңіп алды. Экономика жəне халықаралық қатынастар мамандығы бойынша оқитын Әлібек "Ұлан" газетіне берген сұхбатында дүниежүзі бойынша 3 мыңнан аса үміткердің ішінде грантқа қалай іліккені жайлы әңгімеледі.

Газет тілшілерінің мәліметінше, Әлібек Алматы облысы, Панфилов ауданы, Жаркент қаласындағы Шоқан Уəлиханов атындағы орта мектептің түлегі. "Алтын белгі" иегері. Мектептен кейін бір жыл Қазақ-Британ техникалық университетінде оқыған. Ал 2011 жылы Назарбаев университетіне оқуға ауысқан. 

Әлібектің айтуынша, ол Шварцман грантының алғашқы иегерлерінің бірі. "Биылғы жылдың жазынан бастап, Қытайдың Бейжің қаласындағы Цин-хуа университетіне магистратураға оқуға барамын. Бұл оқу гранты америкалық филантроп Стивен Шварцманның ұйымдастыруымен дүниеге келген. Бұл грантқа тапсыру жолдары өзге гранттарға қарағанда өзгерек. Себебі, тек өз мамандығың мен ағылшын тілін жетік білуің аздық етеді. Осы уақытқа дейінгі барлық жетістігің мен нəтижеңе де баса көңіл бөлінеді. Алғашқы айналымда төрт эссе жаздық. Біреуінде дəл қазіргі əлемде болып жатқан бір оқиғаға тоқталып, соған өз ойың мен шешу жолдарына ұсыныс-ойыңды жазасың. Екінші эсседе өміріңде болған қандай да бір көшбасшылық оқиғаны əңгімелейсің. Яғни, талапкердің көшбасшылық қасиеті де ескеріледі деген сөз. Үшіншісінде талапкер бұл грантқа не мақсатпен тапсырып жатқаны жөнінде мотивациялық эссе жазады. Болашақта қандай жоспарлары бар, соған тоқталады. Төртіншісінде еркін тақырыпта жазасың. Талапкерлер үшін екінші айналым Лондонда ұйымдастырылды. Ол жерде дүниежүзіне беделді кəсіпкерлер мен саясаткерлер алдында сынақ тапсырдық. Олар бізден жүзбе-жүз отырып, 40 минуттық сұхбат алды. Сұхбат барысында мамандығыма қатысты жəне психологиялық сұрақтар қойылды. Бұл гранттың мақсаты - əлемдік деңгейдегі көшбасшыларды дайындау. Осылайша, бір жыл Қытайда оқып, ары қарай Лондонда тағы бір оқу орнында біліміңді жетілдіруге мүмкіндік беріледі", - деді ол.


© zhasorken.kz

Әлібек Нұркештің айтуынша, сұхбат алушылар қатарында Исландия президенті Оуловюр Рагнар Гримссон, Британияның Морган Стэнли (Morgan Stanley) жəне Барклиз (Barclays) банктерінің төрағасы болған Дэвид Уолкер, Катар университетінің басшылары жəне Стивен Шварцманның өзі болды. Олардан бөлек өзге де бақылаушылар қатысыпты.

Осылайша, білімгер осы грант арқылы оқуды Қытайда жалғастыруды таңдап отыр екен. "Əлемнің экономикалық алпауытына айналған Қытай елін түсіну, онымен байланыс орната білу кез келген болашақ көшбасшыға керек деп ойлаймын. Бұл Цинхуа университеті Қытайдың ең беделді үш университетінің қатарына кіреді. Қытай елінің соңғы екі басшысы - осы университеттің түлектері", - деп еске салды Әлібек.

Әлібек ауыл мектебінде оқыған. Мектепте оқып жүрген кезінде қосымша тіл үйрену курстарына да бармаған екен. "Өз бетімше оқып, дайындалдым. Анам - ағылшын тілі пəнінің мұғалімі. Содан кейін де болар, кішкентайымнан осы тілді оқуға ерекше қызықтым", - деді ол. Сұхбатты мына жерден оқи аласыздар.

(Дереккөз: "Ұлан" газеті)

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.44   490.7   4.77 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети