Tengri FM Радиосы Радио Жұлдыз FM Қазақстан заңдары Экономика сабақтары
KZ RU EN
Бізге жазба жолдау +7 (727) 388 8124
искать через Tengrinews.kz
искать через Google
искать через Yandex
USD / KZT - 333.08
EUR / KZT - 391.50
CNY / KZT - 50.00
RUB / KZT - 5.64

Қазақ жігіті Facebook компаниясында Цукербергпен бір кеңседе жұмыс істейді

26 Ақпан 2016, 13:31
5
Асхат Ахметжанов
Асхат Ахметжанов

Қазақстандық Асхат Ахметжанов Facebook компаниясында Марк Цукербергпен бір кеңседе жұмыс істейді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

ҚБТУ-ды бітірген 24 жастағы қазақ жігітінің айтуынша, ірі корпорацияда ол 2015 жылдың 12 қазанынан бастап жұмыс істеп келеді екен. Оның қызметі Software Engineer at Facebook. Ол - бағдарлама жасаушы. Қазіргі уақытта ол АҚШ-тағы Калифорния штатында Менло-парк қаласындағы корпорацияның бас кеңсесінде жұмыс істейді. 


Жеке архивтегі суреті. Марк Цукербергтің жұмыс орнының қасында.

"Мен Марк Цукерберг отыратын кеңседе жұмыс істеймін. Ол кеңсеге сирек келеді, қазір мәселен Берлинде жүр. Онымен кездесіп қалу қиын, себебі ол қонақтармен жүреді, кездесулері болады. Бірақ әр жұмада Марк Цукербергпен сұрақ-жауабымыз өтіп тұрады. Бұл жиналысқа ұқсайды. Ол бізге қандай жаңалықтардың барын айтады, одан кейін сұрақ қоя беруге болады. (...) Мен бірақ оған сұрақ қойып көрмеппін. Ағылшыным ондай деңгейге жеткен жоқ", - деп мойындады ол.

"Қазіргі уақытта ол Facebook желісінің жаңалықтар лентасымен жұмыс істейі. "Осы команданың сервер бөлігінде істеймін. Командада адам көп, олар тағы бір өз ішінен бөлінеді. Біздің командада мені қосқанда 5 адам бар. Қазіргі таңда сервер бөлігінде жұмыс істейтін инженерлерге көмектесетін ішкі пулдармен жұмыс істеудемін. Бұған дейін комментарийлермен айналысқанмын", - деп түсіндірді ол өз жұмысын. 

Асхат үш жыл бойында Facebook корпорациясына мың түйіндеме жіберіпті. ҚБТУ-да бакалаврды аяқтап, магистратураға түседі, кейін Chocomart компаниясында жұмыс істеген. Магистратураны аяқтағаннан кейін Facebook-ке тағы бір рет онлайн түрде түйіндеме жолдапты.

"Бұған дейін мен мың түйіндеме жібердім. Мені ешкім байқамады. Бірақ ресейлік рекрутерге жолықтым, ол Қазақстан мен Ресей өңірлеріне жауапты еді. Ол маған әңгімелесудің бірінші кезеңінен өтуді ұсынды. Бірінзі кешең ең мағыздысы болды. Бірінші әңгімелесуден оңай өттім, сосын мені АҚШ-қа бас кеңсеге шақырды. Бірақ мен сол жаққа баратын күні таксиде куәлігімді тастап кетіппін. Сөйтіп, бетпе-бет әңгімелесуге бара алмай қалдым. Сосын олар тағы хабарласып, видеоконференция өткізуді ұсынды. Осылайша мен барлық үш сұхбаттан өттім", - деді Ахметжанов.

Ол жалпы бес әңгімелесуден өткенін айтты, сонымен қатар жұмыс берушісі жоғары оқу орнының екі профессор мұғалімінен мінездеме алдыртыпты. Ол ең сәтті әңгімелесулердің бірі жайлы баяндады. 

"Бұл әңгімелесу ұзаққа созылды. Топ-тех. компанияларға өтетіндер осы сұхбаттан өтуі тиіс. Алдыңа интернеті жақсы компьютер қояды да, тапсырма береді. Сосын сен оны барынша тиімді жолмен шешуің керек. (...) Олар сенің ойларыңның ретіне қарайды. Қалайша бағдарлайсың, қай бағытта ойлайсың, талқылауларың - барлығын бақылайды. Сұхбат барысында саған толық сипаттама жасайды. Бес сұхбаттасудан кейін поштама жұмысқа шақыратынын айтып, хат жазды. Бұл хат арқылы маған көшуім, жол жүруім, визам, тұратын үйімнің бір айғы ақысы, жалақым төленетін болды", - деді қазақ жігіт.

Ол бірінші түйіндемесінің дұрыс толтырылмағандықтан мүмкіндігінің аз болғанын айтып берді. Кейін ол оны басқаша жазады. Асхаттың айтуынша, түйіндемені онлайн түрде жолдасаң, жауап алу өте қиын. Ал егер компанияда таныстарың болса мұны оңай жасай аласың. Олар ұсынысхат жазып, келесі күні-ақ корпорациядан қоңырау түсуі мүмкін екен. 

"Жұмысқа тұрудың екі жолы бар. Онлайн түрде түйіндеме жазу, сонымен қатар компания қызметкерлерінен ұсынысхат жазуын өтіну. Бұл ең дұрыс әрі жылдам нұсқасы. Оларға ұсынысхат келіп түссе, бірден хабарласады. Бірақ менде Facebook-те істейтін танысым болмады. Сол кезде маған ешкім ұсынысхат жазып бермеді, сәттілікке сеніп тапсырдым", - деп еске алады өз тәжірибесін Ахметжанов.

Асхаттың айтуынша, ол Google мен Amazon компанияларына да түйіндеме жолдапты. Facebook-ке шақырту келіп түсуден бір жыл бұрын оған Google компаниясынан әңгімелесуге шақырту келіпті. Бірақ ол бұл сұхбатты ойдағыдай өте алмапты. 

Жас маман Facebook компаниясында жұмыс істеудің ерекшеліктері мен артықшылықтары жайлы айып берді. Айтуынша, ең ерекше артықшылығы - тегін тамақ екен.

"Кеңсеге кіресіз, микрокичендер мен снектер толып тұрады. Бұл бір дүкен сияқты, бірақ барлығы да тегін. Тамақ жаңа пісірілген, экологиялық таза, барлығы - органикалық өнімдер. Асханалары да бар. Түскі ас пен кешкі ас кезінде қайсысына баруды өзің таңдайсың. Күн сайын тематикалық түскі ас, тематикалық кешкі ас. Мәселен, бүгін ағылшындардың түскі асын іштік, қазір басқа мейрамханаға барсақ, мексикалық кешкі ас болуы мүмкін", - деді Ахметжанов.

Екінші артықшылығы - жалақы. "Шынымды айтайын, жалақысының сомасы үлкен. Мен тұратын қаладағы орташа жалақыдан жоғары", - деді Асхат. Тағы бір артықшылығы - бонустар. Оларды жарты жылда бір беріп тұрады екен. "Сенімен бірге жұмыс істейтіндер саған сипаттама беріп шығады. Қалайша жұмыс істедің, нормаңды атқардың ба, онда саған бонустар түседі. Бонус та аз емес. Ал егер тапсырманы артығымен орындадың ба, онда керемет бонустар түседі. Facebook-тегі акцияларды да береді. Мен командада үш ай болдым. Маған азғантай акциясын берді", - деді Ахметжанов.

Сонымен қатар, айтуынша, компанияның ішінде өз стоатологиясы, шаштаразы, кір жууы және үлкен финтес-залы бар. Оның үстіне, компания қызметкерлерінің белсенді демалысына да ақша төлеп береді екен. 

"Олар сенің салауатты өмір салтыңа белгілі бір сома төлейді. Шаңғы тептің бе, 100 бакс жұмсадың ба, онда спортпен айналысқаныңды айтып, оның есебін Facebook-ке төлете аласың. Сосын саған ақшаңды қайтарып береді", - деп түсіндірді ол. Сонымен қатар, жігіттің айтуынша, кеңселерде вендер машиналарының барын айтты, онда пернетақта, құлаққап, қуаттағыш болады. "Егер бірдеңе керең болса аласың да қолдана бересің. Вендер машинасындағы заттардың ішінде керегі болмаса, қажеттісіне тапсырыс бере аласың, мәселен пернетақта жеткізіп береді", - деді Асхат.

Корпорацияда тегін курстар да көп екен. Тіл курстары, бағдарлау курстары, оригами және тағы да басқа курстарының барын айтқан Асхат тіпті көлік қоятын орында да автожөндеушілердің болатынын жеткізді. "Бірақ олардың қызметі тегін емес, әрине. Бұл корпорация ішіндегі автожөндеу орталығы", - деді қызметкер.

Жас маманның айтуынша, компанияда жұмыс кестесі жоқ. Қалаған кезіңде келесің, қалаған кезіңде кетесің. Тіпті кездесуің болмаса үйде де жұмыс істей аласың. Ал егер митингің болса, кездесуді өткізіп алмағаның жөн. Жылына 21 күн еңбек демалысын береді. Бірақ онда тек жұмыс күндері саналады екен. 

"Енді мен Google компаниясына барғым келмейді. Мұндай компанияларды "алтын кісендер" деп атайды. Осылайша олар осы артықшылықтарымен байлап тастайды. Бірақ мен әйтеуір соңында тәжірибе алып, еліме оралуды ойлаймын. Бірақ бұл жайлы ойланбаймын, себебі басты назарым - тәжірибеде. Ары кетсе 3-4 жылда Отанға ораламын", - деді ол.

Ірі компанияның жас маманының айтуынша, еркін жұмыс кестесіне қарамастан, жұмыс өте көп. 

"Мен тырысып жатырмын, өзімді көрсеткім келеді. Мұндағының 99 пайызы супер-ақылдылар. Менімен бірге бастағандардың барлығы да сондай. Олардың жұмыс істегенін көргенде таңғалдым. Олардан қалмау керек, тіпті бәсекелесу керек, тіпті көп жұмыс істеп, көп тырысу керек. Егер Қазақстанда жұмыс істесем, бір кеңседе отырар ма едім. Жарты сағат жұмыс істеп, қалған уақытымда әлеуметтік желілерде отырып немесе ойындар ойнайтын ба едім. Ал мұнда жұмыс істеп жатқанда мұрын сіңбіруге уақыт жоқ. Барынша өзіңді осы іске арнауың керек. Әрине, ешкім сені міндеттемейді. Бірақ сен жұмысыңды атқаруың керек", - дейді Асхат.

"Оның үстіне, егер футболсүйер болсаң, күні бойына үлкен экранда футбол көрсең ешкім "қой" демейді. Ал егер "Фейсбукте" отырсаң, керісінше, мақтайды", - деп қорытты өз ойын қазақстандық маман.


Нравится
Поделиться
Пікірлерді көру (5)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай