"Қазақстан халқы Джордж Бушты білікті саясаткер ретінде есте сақтайтын болады" - Назарбаев

02 Желтоқсан 2018, 16:07
0
"Қазақстан халқы Джордж Бушты білікті саясаткер ретінде есте сақтайтын болады" - Назарбаев -

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың 43-ші Президенті Джордж Уокер Буштың отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарының 41-ші Президенті Джордж Герберт Уокер Буштың қайтыс болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағаны айтылады. 

"Сіздің әкеңіз өз елінің нағыз патриоты болды әрі Американың өркендеуіне адал қызмет етті. Ол қырғи-қабақ соғыстың аяқталуына және жаһандық қауіпсіздікті сақтауға зор үлес қосқан аса көрнекті мемлекет қайраткері ретінде әлем тарихында өшпес із қалдырды. Қазақстан халқы Джордж Бушты екі жақты достық қарым-қатынасты орнатуға және оны нығайтуға көп күш жұмсаған дана саясаткер ретінде әрдайым есте сақтайтын болады. Ол – біздің тәуелсіздігімізді алғаш мойындаған көшбасшылардың бірі.

Біз Джордж Буш екеуіміз жақсы дос болдық және жиі кездесіп тұрдық. Оның Техастағы резиденциясында, әсіресе 2006 жылы Кеннебанкпорттағы үйінде маған көрсеткен қонақжайлығын әрқашан жылы сезіммен еске аламын.

Барша Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан Сізге және бүкіл Америка халқына көңіл айтамын, – делінген жеделхатта.

Джордж Герберт Уокер Буш 94 жасында қайтыс болды. Ол 1989-1993 жылдары АҚШ президенті болды, ал 1981-1989 жылдары аралығында Рональд Рейган басқарған жылдары вице-президент болды. Оның бес баласы, 17 немересі және 8 шөбересі қалды. 

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай