Қазақстан тасжолдарында қойылған барлық шектеу алып тасталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Қазақавтожол" РМҚ өкілдеріне сілтеме жасап.
Қазақстан тасжолдарында қойылған барлық шектеу алып тасталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Қазақавтожол" РМҚ өкілдеріне сілтеме жасап.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты ҚР-ның кей облыстарында қойылған шектеулер 22 желтоқсанда 10.00-де алып тасталды.
Еске салайық, Қазақстанның бес облысында тасжолдар жабылған болатын. Ақмола облысында желге байланысты "Астана-Щучинск" (18-230 шақырым) тасжолы мен "Астана - Теміртау" автожолы жабылған.
Қарағанды облысында "Алматы-Екатеринбург" (1051-1142 шақырым, Теміртау-Ақмола облысының шекарасы) барлық көлік түріне жолдар жабылған. Сондай-ақ "Жезқазған-Петропавл" (130-240 шақырым, Қарағанды облысының Ұлытау ауылының шекарасы) автожолы жабылды.
Солтүстік Қазақстан облысында аязға байланысты барлық өңірге шығатын дизельмен жүретін қоғамдық және жүк көліктері үшін жолдар жабылды.
Алматы облысында қатты желдің, боранның және көру мүмкіндігінің нашар болуына байланысты "Үшарал-Достық" (83-184 шақырым) автожолында барлық көлік түрі үшін жолдар жабылды.
Қостанай облысында аязға байланысты кей жолдарда көлік қозғалысына шектеу қойылды: "Мамлютка-Қостанай"(180-252 шақырым, Ұзынкөл ауылы), "Екатеринбург-Алматы" (686-729 шақырым, Сарыкөл ауылы СҚО шекарасы) дизельмен жүретін қоғамдық және жүк көліктері үшін жолдар жабылды.
Айта кетейік, осыған дейін Астанада 33 градусқа дейін аяз болатыны хабарланған болатын. Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, желдің күшеюіне және жолдың нашар көрінуіне байланысты халықаралық тасжолдар мен республикалық маңыздағы магистральдарда енгізілген шектеу сақталуда.