28 наурыз 2014 17:27

Қазақстан Украинаны текетіресті жалғастырмауға шақырды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Юрий Лазебник. ©Тengrinews.kz/tv Юрий Лазебник. ©Тengrinews.kz/tv

Украинаның Қазақстан Республикасындағы уақытша сенімді өкілі Юрий Лазебник Tengrinews.kz тілшісіне ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовпен кездесуі туралы айтып берді, онда Киевтің Астанаға жолдаған нотасы талқыланған. 


Украинаның Қазақстан Республикасындағы уақытша сенімді өкілі Юрий Лазебник Tengrinews.kz тілшісіне ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовпен кездесуі туралы айтып берді, онда Киевтің Астанаға жолдаған нотасы талқыланған. 

"Құрметті министр Қазақстан тарапы атынан бұл мәселе бойынша текетіресті жалғастырмау жөніндегі ұстанымын білдірді. Мен өз атымнан елшіліктің қазіргі жетекшісі ретінде украиналық дипломаттардың да, қазақстандық дипломаттардың да барлық, соның ішінде, мемлекеттеріміз арасында туындап жатқан сезімтал мәселелерді де қалыпты дипломатиялық жолмен шешуге ниетті екенін айтқым келеді. Қос тараптың арасында осындай ниет бар, бұл нотаға да қатысты. Бүгін министрлікте айтылған алға жылжу керектігі туралы ұсыныс, менің ойымша, Киевтен қолдау табады", - дейді Лазебник. 

Еске салайық, бүгін Украинаның Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі ҚР Сыртқы істер министрлігіне еліміздің украин дағдарысы жөніндегі ресми ұстанымын қайта түсіндіруге шақырылған болатын. "Ыдырысов мырзаның тарапынан біз үшін маңызды жайттар айтылды. Қазақстан біздің халықтар арасындағы тату байланыстарды, өзара қарым-қатынастардың арғы тарихы мен экономикалық және гуманитарлық саладағы нақты мүдделердің барын ескере отырып, екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға ниетті. Қазақстанның Украинаның егемен, тәуелсіз мемлекет болып қалуына мүдделі екені атап өтілді. Қазақстандық дипломат Қазақстанның БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясы бойынша дауыс берудегі ұстанымын да түсіндірді. Қазақстанның дауыс беруде қалыс қалғаны белгілі, бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінде де айтылды, Қазақстан осылайша өзінің сыртқы саяси бағытының тәуелсіз екенін және ең бастысы, өзінің халықаралық бітімшілік күш салуларға жәрдемдесуге дайын екенін атап өткісі келеді", - деді Лазебник.

Оның айтуынша, қазақстандық тарап Украинада жұмыс істеуге қамданып жатқан ЕҚЫҰ мониторинг миссиясына өз өкілдерін бағыттауға дайын. Сонымен бірге, қазақстандық бақылаушылардың 25 мамырда өтетін Украинадағы кезектен тыс президент сайлауын бақылауға қатысатыны белгілі болды. Лазебниктің айтуынша, Ыдырысов Қазақстанның Астана мен Алматыда сайлау учаскелерін ашуға ықпал ететінін айтқан.  

"Біз қазақстандық тарапқа мұндай жәрдем үшін ризамыз. Бұл Қазақстан тарапының Украина президентінің кезектен тыс сайлауын Украина Жоғарғы Радасы қабылдаған шындық, легитимді акт деп түсінетінін және Қазақстанның Украинаның жаңа билігімен жұмыс істеуге дайын екенін көрсетеді. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі екі ел сыртқы істер министрліктерінің экономикалық және гуманитарлық деңгейде жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады. Биылғы және келесі жылға арналған жоспарлардың бәрінің орындалатыны мақұлданды және қазақстандық тарап Украинамен одан әрі жұмыс істеуге дайын", - деді уақытша сенімді өкіл. Ол Қазақстан тарапының Украинаның Астанадағы елшілігінің толыққанды режимде жұмыс істейтініне, өзіне жүктелген барлық міндетті атқаратынына үміт артып отырғанын айтты. 

Бұған дейін 26 наурызда Украина СІМ-нің Нұрсұлтан Назарбаевтың Гаагада жасаған Украинаға қатысты мәлімдемесіне алаңдаушылық білдіріп, Қазақстанға нота тапсырғаны хабарланған болатын. Онда Назарбаев мәлімдемесінің халықаралық құқықтың жалпы қалыптасқан нормалары мен көп елдің позициясына қайшы келетіні, оның екі ел арасындағы серіктестік қатынастарға кереғар және украин тарапы үшін қабылданбайтын жайт екені айтылды.

Еске салайық, 25 наурыз күні Гаагада өткен брифингте Назарбаев Украинадағы ахуалға қатысты пікірін білдіріп, "Украина үшін сайлау өткізу керек, ол жағдайды құқықтық алаңға қайта әкелуге септігін тигізеді. Заңды президентті, парламент пен легитимді үкіметті сайлау керек. Содан кейін осы негізде бейбіт келіссөздер жүргізіп, қалыптасқан ахуалдан бірлесіп шығу қажет", - деген еді.

Бүгін, 28 наурызда Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов "Украина Сыртқы істер министрлігінің нотасын біз түсіне алмадық. Ол парасатты мағынада емес, негізінен, эмоциямен жазылған секілді болып көрінді", - деп мәлімдеді. Үсенов Украинаның нотасына жауап жазылмайтынын айтты.



Подробнее:https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/kazahstan-prizval-ukrainu-ne-prodoljat-konfrontatsiyu-252652/
Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на Tengrinews.kz

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 448.12   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети