1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Қазақстанда жарияланған барлық аза тұту күндері

28 желтоқсан жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы сегізінші жағдай. Tengrinews.kz редакциясы ел тарихындағы қаралы күндерді тізіп шықты.

2006 жыл, 22 қыркүйек. Ленин (Шахтинск) атындағы шахтадағы қайғылы жағдай

2006 жылдың 20 қыркүйегінде Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада болған техноген апаты. Метанның жарылуынан 41 кенші қаза тапты, жеті жұмысшы зардап шекті.

8:56-да шахтада 368 адам болған кезде жарылыс болған. Жарылыс толқыны төрт жарым шақырымды қамтыды. Бір тәулік ішінде қаза тапқандар мен зардап шеккендердің денесін жер бетіне көтерді. Кейінірек қаралы күн жарияланды.

Шахтаның сегіз қызметкеріне айып тағылды. Кейін кінәлілер жазаланған.

2008 жыл, 14-16 қаңтар. "Абай" шахтасындағы метан жарылысы

Метан жарылысы 400 метр тереңдікте болды. Осы уақытта шахтада 191 адам болған. Жарылыстан кейін Лавада өрт шықты. Қайғылы оқиға 30 адамның өмірін қиды. 161 шахтер жер бетіне шығарылды, оның ішінде 14 адам түрлі дәрежедегі күйік алып, жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды.

Кінәлілердің қатарында үш инженер-техникалық қызметкер болған. Үш күн аза тұту жарияланды.

2010 жыл, 16 наурыз. Қызылағаштағы су тасқыны

Қазіргі Қазақстан тарихындағы ең жойқын су тасқындарының бірі. Алматы облысының Қызылағаш ауылынан наурыздың 11-нен 12-не қараған түні болған оқиға. 

Қайғылы оқиғадан 43 адам қаза тапты, оның ішінде сегіз бала бар. 300 адам түрлі дәрежедегі жарақат алып, 1000-ға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. 146 үй толығымен бұзылды, 251 үй қирап, 42 үй зақымдалды. Аза тұту 16 наурызда жарияланды.

2012 жыл, 5 маусым. Арқанкергендегі қанды оқиға

28 мамырда "Арқанкерген" шекара қызметінде 14 шекарашы мен қорықшы қаза тапты. Қылмыстың жасалуына жалғыз тірі қалған сарбаз - Владислав Челах кінәлі деп танылды. Қайғылы оқиғадан кейін Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылдың 5 маусымында жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады.

2012 жылдың желтоқсанында Челах өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол Қостанай облысы Жітіқара қаласының маңындағы "Қара бүркіт" ерекше режимдегі колониясында жазасын өтеп жатыр.

2012 жыл, 27 желтоқсан. Шымкентте ұшақтың құлауы

2012 жылы 25 желтоқсанда Шымкент маңында Ан-72 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Оның бортында 27 адам болған, барлығы қаза тапты. Қаза болғандардың ішінде ҰҚК Шекара қызметінің басшысы Тұрғанбек Стамбеков болды.

Әуе апатына Шымкент әуежайының диспетчері кінәлі деп танылды. Ол төрт жылға бас бостандығынан айырылды.

2013 жыл, 31 қаңтар. SCAT компаниясының ұшағы апатқа ұшырады

Әуе апаты салдарынан бортта отырған барлығы - 21 адам қаза тапты. 16 жолаушы және экипаждың 5 мүшесі. 2013 жылы 29 қаңтарда SCAT компаниясының Canadair CL-600-2B19 әуелайнері Көкшетау - Алматы бағытымен DV760 жоспарлы ішкі рейсін орындаған. Алайда Алматы әуежайына жақындаған тұста құлаған. 

Апатқа ұшқыштардың қателігі себеп деп аталды. 

2016 жыл 9 маусым. Ақтөбедегі лаңкестік

Террорлық акт салдарынан лаңкестердің қолынан 8 адам қаза тапты. Антитеррорлық операция кезінде 18 қылмыскердің көзі жойылды. 

25 адамнан тұратын содырлар тобы "Паллада" және "Пантера" қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасап, одан әрі ҚР Ұлттық ұланының №6655 әскери бөліміне шабуыл жасады.

Құқық қорғау органдары лаңкестікке тікелей қатысы бар тоғыз адамды және дайындалып жатқан қылмысты хабарламағаны үшін тағы 18 адамды, сондай-ақ екі адам жасырғаны үшін ұсталды.

Террорлық актіге қатысушы жеті адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Екі адам 25 жыл және 22 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімімен 29 сотталушының барлығы ауыр, аса ауыр құқық бұзушылық жасағаны үшін, жеке адамға, меншікке қарсы, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке қарсы кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырудың әр түрлі мерзіміне сотталды.

2019 жыл, 28 желтоқсан. BekAir ұшағының апатқа ұшырауы

2019 жылы 27 желтоқсанда таңғы уақытта Bek Air әуекомпаниясының ұшағы Алматы маңына құлады. ІІМ 12 адамның қаза тапқанын хабарлады. 

Әуе апатынан қаза тапқандардың отбасына төрт миллион теңге беріледі. Басқа да зардап шеккендерге көмек берілетіні де айтылды. 

Бас прокуратура мен ІІМ әуе апатының себептерін анықтау, кінәлілерді жауапқа тарту мәселесімен айналысып жатыр. Қазақстан тарихында сегізінші жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.