10 қазан 2014 15:10

Қазақстанда өлім жазасынан түгел бас тарту ұсынылды

ПОДЕЛИТЬСЯ

©РИА Новости ©РИА Новости

Қазақстан өлім жазасынан толық бас тартуы керек, бұл - PRI (Халықаралық түрме реформасы) Орталық Азиядағы өкілдігінің өңірлік директоры Сәуле Мектепбаеваның пікірі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Қазақстан өлім жазасынан толық бас тартуы керек, бұл - PRI (Халықаралық түрме реформасы) Орталық Азиядағы өкілдігінің өңірлік директоры Сәуле Мектепбаеваның пікірі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Конституцияда, қылмыстық заңнамада өлім жазасы жазалау шарасы ретінде әлі күнге дейін бар. Құқыққорғаушылардың көбі жаңа кодекс қабылданған кезде бұл мәселе шешіледі деп үміттенген, бірақ, өкінішке қарай, ол Қылмыстық кодексте жаза түрі ретінде сақталып қалды, тек оны қолдану саны ғана азайды - 18-ден 17 жағдайға дейін, жасалған жалғыз өзгеріс - осы", - деді Мектепбаева Қазақ гуманитарлық заң университетінде өткен Өлім жазасына қарсы бүкіләлемдік күн шеңберіндегі пікірталас сыртында Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатта. 

"Өлім жазасы мәселесі адам құқығының барлық жүйесінде тұрлаулы мәнге ие, сондықтан ол әрқашан назарда болады. Қолданылу-қолданылмау жағдайларына қарамастан, оның Конституцияда көрсетілуінің өзі - ерекше назар аударуды қажет ететін өте үлкен мәселе", - деді Мектепбаева.

Дегенмен оның айтуынша, Қазақстан біртіндеп әрі жедел түрде өлім жазасынан бас тарту жолында келе жатыр. "Әуелі бұл мәселе төңірегінде талқылаулар болды, кейін мораторий жарияланды, қазір оны қолдану саны азайды. Бірақ енді түбінде өлім жазасының біржола алынып тасталуынан үміттенгіміз келеді, өйткені, шын мәнінде, ең жоғарғы жаза өлім жазасы болмаса, жазаның одан кейінгі сатыларының бәрі ізгілене түседі, жазалар дәрежесі ауырынан жеңіліне қарай белгіленеді", - деді PRI-дың Орталық Азиядағы өкілдігінің өңірлік директоры.

Ол өлім жазасы қылмыстық ахуалды жақсартуға септігін тигізбейді деп есептейді. "Өлім жазасы мен оның қолданылуы, өкінішке немесе қуанышқа орай, қылмыстық ахуалға үрейлі эффект туғызбайтынын зерттеулер дәлелдеп береді. Қазақстан да бұған дәлел: Қазақстанда 10 жылдан артық уақыт бойы өлім жазасы қолданылмайды - ол елдегі қылмыстық ахуалға әсер етпеді", - дейді Мектепбаева.

Ол өлім жазасы балаларға қатысты жасалып, қоғамды дүрліктірген қылмыстарға қатысты қолданылуы керек деген пікірге қатысты ойын білдірді. "Мен өмір бойына бас бостандығынан айыру ең қатал жаза деп есептеймін, көптеген зерттеулер оның өлім жазасынан да қаталырақ екенін көрсетіп отыр. Сондықтан балаларға қатысты жасалған ауыр қылмыстар үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы сәйкес шара деп есептеймін, бұл - белгілі бір мерзімге емес, өмір бойына бас бостандығынан айыру", - деді ол.

Айта кетейік, қазіргі кезде Қазақстанда өлім жазасына мораторий енгізілген. Бұған дейін мораторий енгізілместен бұрын елімізде өлім жазасы туралы 536 үкімнің орындалғаны хабарланған еді. Соңғы өлім жазасы 2003 жылы Президент мораторий туралы жарлыққа қол қойғанға дейін орындалды. 

Мұның алдында Сәуле Мектепбаева Қазақстан Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркельден өлім жазасынан түгел бас тартуға не кедергі екенін сұраған болатын. "Бізге өлім жазасын алып тастауға Конституция кедергі. Конституция өзгермейінше, бәрі сол күйінде қалады", - деп жауап берді Меркель. 

Дегенмен Меркельдің өзі өлім жазасынан біржола бас тартуға қарсы болып шықты. 

"Неге екені белгісіз, біз жәбірленушілердің құқы туралы ұмытып кете береміз. Олар адам емес пе? Ешқашан мұны жасауға болмайды. Өлім жазасы туралы шығарылған үкімдердің санына келсек, олар небәрі - 5. Бұл нені білдіреді? Соттар бұл жазаға аса сақ қарайды, оны, тіпті, адамның шашын тік тұрғызатын қылмыстар жасалса да белгілей бермейді. Сондықтан өлім жазасынан түгел бас тартуға біз заңды жасаушылар ретінде келіспейміз. Ал баптардың саны жөнінде біз жұмыс жүргізетін боламыз - ол 100 пайыз", - деді Меркель осы жылдың қаңтар айында. 

Конституцияға сәйкес және жаңа Қылмыстық кодекс талаптары бойынша өлім жазасы адамдардың өліміне себеп болған террористік қылмыстар мен соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстар үшін қолданыла беретіні де бұрын хабарланған еді. Сонымен бірге, өлім жазасы, яғни ату Тұңғыш Президенттің, басқа да президенттің өміріне қол сұғу мен соған жалдану, диверсия және терроризм актісі үшін де қолданылады.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.77   490.7   4.81 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети