22 қазан 2014 11:37

Қазақстандық бітімгершілер Батыс Сахарадағы қызметі туралы айтты

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстандық бітімгершілер Батыс Сахарадағы қызметі туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.


Қазақстандық бітімгершілер Батыс Сахарадағы қызметі туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Қазіргі уақытта Біріккен ұлттар ұйымының Батыс Сахарадағы бітімгершілік миссиясына Қазақстанның екі әскериі бақылаушы ретінде қатысып жатыр - капитан Бақтияр Ақбалаев пен капитан Темірлан Мүсәпіров. Tengrinews.kz-тің өтініші бойынша олар өз қызметтерінің қалай өтіп жатқаны туралы әңгімелеп берді.

Күн қауырт тапсырмаларға толы болғандықтан, әрі ауа температурасы күндіз 35 градустан төмендемейтіндіктен, әскерилердің жұмыс күні 06.00-де дене жаттығуымен басталады екен. Содан кейін әскерилер өзін-өзі және көліктерін тексеруге арналған таңғы шараларды атқарады, өйткені БҰҰ әскери бақылаушысының негізгі міндеті - жауапкершілік аймағын патрульдеу және бақылау.

Дайындық аяқталысымен бүкіл база БҰҰ туын көтеру үшін сапқа тұрады, бұл шара 07.30-да басталады. Содан соң патруль командирі нұсқаулық үшін өз экипажын жинайды, әдетте патруль 4 адамнан, екі машинадан тұрады. Нұсқаулық алу кезінде патруль командирі қозғалу бағыттарын, патрульдеу аймақтарын хабарлайды, бейбіт тұрғындармен және әскери контингентпен кездескен кезде өзін-өзі қалай ұстау керектігін түсіндіреді. 

Патрульдеу екі сағаттан бес күнге дейін созылуы мүмкін. Базаға оралған кезде командир қорытынды шығару және штабқа бірлескен баяндама жазу үшін экипажды тағы да жинайды. Кейін экипаждар патруль көліктеріне қызмет көрсетеді, олардың келесі күні тапсырмаларды орындауға дайындығын тексереді. Патруль көлігінің техникалық жағдайына ерекше мән беріледі, себебі жауапкершілік аймағында бақылау жасаудың сапасы машинаның жол талғамауы мен жылдамдығына тікелей байланысты.

Бақтияр Ақбалаев 1982 жылы 25 қыркүйекте Алматыда дүниеге келген. Ол - Құрлық әскерлері әскери институтының әуе-десанттық және жасақтық барлау факультетінің 2006 жылғы түлегі. Офицер қызметін барлау взводының, барлау ротасының командирі болып бастаған. Кейін барлау қызметінің офицері ретінде жоғарылатылып, штабқа ауыстырылды. Содан кейін штаб бастығының орынбасары - қазақстандық "Қазбриг" бітімгершілік бригадасының барлау қызметінің бастығы болды. Бұдан соң ҚР Қарулы Күштерінің Аэроұтқыр жасақтар қолбасшысы басқармасының офицері болып қызмет етті. 2006 жылдан бастап, "Дала қыраны" бітімгершілік оқу-жаттығу шараларына қатысты. 

Темірлан Мүсәпіров Алматы облысы Кербұлақ ауданындағы Талдыбұлақ ауылында 1984 жылы туған. Құрлық әскерлері әскери институтының командалық-тактикалық жасақтар факультетінің 2006 жылғы түлегі. Штаб бастығының орынбасары - "Қазбат-2" аудармашысы болып қызмет етеді.

БҰҰ миссиясындағы жұмысқа патрульдеу, бөлімшелерді тексеру, аралық аймақты тексеру, жауапкершілік аймағында жасақтардың қозғалысы мен қорғаныс құрылыстарына мониторинг жүргізу кіреді.

Бұған дейін БҰҰ миссиясы бақылаушысы ретінде екі қазақстандықтың Батыс Сахараға 12 ай мерзімге жіберілгені хабарланған еді. Ал наурыз айында Қазақстан Қорғаныс министрлігінің БҰҰ бітімгершілік миссиясына бақылаушы ретінде 20 әскериді іріктегені жария болды.

Капитаннан подполковник шеніне дейінгі әскерилер БҰҰ курстарында арнайы дайындықтан өтуі, ағылшын тілін жетік білуі, автокөлік пен арнайы техниканы жүргізе алуы керек болды.

Өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстан Парламенті Президенттің ҚР Қарулы Күштері офицерлерін бақылаушы ретінде БҰҰ-ның Гаитидегі, Батыс Сахарадағы, Кот-д`Ивуардағы және Либериядағы миссияларына жіберу туралы ұсынысын мақұлдады. Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі міндеттемелерді орындау миссияларының әрқайсысына бес адамнан алынатын болды.

Бірақ осы жылдың қазан айында Эбола вирусының таралуына байланысты қазақстандық әскерилердің Либериядағы бітімгершілік миссиясына қатыспайтыны хабарланды. Ал Гаити мен в Кот-д'Ивуардағы миссияларға бақылаушылар БҰҰ-ның тиісті вакансиялары ашылғаннан кейін қабылданатын болды.

БҰҰ Бас хатшысының бұрынғы орынбасары, қазіргі Қазақстан Парламенті жоғарғы палатасының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысуы ел беделін нығайтатынын айтты.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.78   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети