Бүгін Мәжілісте сталкингтің алдын алу және некеге мәжбүрлеу мәселелері талқыланды. Депутат Снежанна Имашева қандай әрекеттер мазаны алу болып саналатынын және оларға қалай жауап беру керек екенін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Журналистер депутаттан сталкинг деп нақты нені түсінуге болатынын сұрады: әлеуметтік желідегі хабарламалар ма, әлде адам полицияға жүгіну керек екенін түсінуі үшін қанша қоңырау немесе хабарлама келуі тиіс?
"Егер бір немесе екі хабарламаның өзі сізді қорқынышқа бой алдырса, дереу полицияға хабарласу қажет. Ал бұл сталкинг пе, әлде жай ғана оғаш қылық па, оны полиция анықтайды", - деп жауап берді Имашева.
Оның айтуынша, тек хабарлама немесе қоңыраудың өзі емес, араласудан бас тартқаннан кейінгі мазаны алу әрекеті маңызды.
"Егер адам бір-екі рет сөйлесуді ұсынып, сіз "жоқ" десеңіз, бірақ ол соған қарамастан жалғастыра берсе, мұны да сталкинг деп санауға болады. Мұндай жағдайда полицияға жүгінуге болады", - деп түсіндірді депутат.
Парламент мүшесінің сөзінше, құқық қорғау органдары мұндай әрекеттерден зиян келген-келмегенін анықтауы тиіс. Осыған байланысты істің квалификациясы туралы мәселе шешіледі.
"Кез келген сіздің қалауыңызсыз болған қарым-қатынас, егер оны тоқтату туралы өтініштен кейін де жалғаса берсе, сталкингтің белгісі болуы мүмкін", - деді Снежанна Имашева.
Сонымен қатар депутаттан сырттай қарағанда романтикалық көңіл білдіру сияқты көрінетін жағдайлар - сыйлықтар, гүлдер туралы сұралды. Бұл ретте адам қыздың үйінің мекенжайын біліп алуы мүмкін, ал қыз үшін бұл үрей туғызатын жағдайға айналады.
"Егер сіз осындай мазасыз әрекеттен қорқа бастасаңыз, бұл сізге ыңғайсыздық тудырса, полицияға жүгіну керек. Егер бұл еркізіден тыс болса, сізге ұнамаса, ең алдымен адамға "жоқ" деп тіке айту маңызды. Егер бұдан кейін де бәрі жалғаса берсе, бұған реакция білдіру қажет", - деді ол.
Мұндай жағдайларда өз түйсігіңе сүйену керек пе деген нақтылаушы сұраққа депутат мақұлдап жауап берді.
"Иә, өз түйсігіңізге. Егер сізге жағымсыз болса - әрине", - деп түйіндеді Имашева.
Мән-жайы
Бүгін Мәжілісте жай қарым-қатынас пен сталкингтің аражігі қайда екені талқыланды. Депутат Наталья Дементьева бір қоңырау немесе бір хабарлама мардымсыз көрінуі мүмкін екенін, бірақ әрекеттер жүйелі, мазасыз және қайталана беретін сипатта болса қауіп төнетінін атап өтті.
Сондай-ақ, қоғамның әлі күнге дейін сталкингті "ол жай ғана уайымдап жүр" немесе "ол жай ғана қызғанады" деген сөздермен ақтап алатыны туралы мәселе көтерілді. Дементьеваның айтуынша, тек заңды ғана емес, жеке шекараға деген көзқарасты да өзгерту маңызды.
Депутат Бақытжан Базарбек сталкингті дәлелдеудің қиындығына тоқталды. Оның айтуынша, хат-хабарлар өшірілуі мүмкін, камералар болмауы мүмкін, ал куәгерлер әрдайым айғақ беруге дайын емес.
Еске сала кетейік: Қазақстанда 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Сөз адамның еркіне қарсы оның соңына заңсыз түсу, байланыс орнатуға тырысу немесе аңду туралы болып отыр.