1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Коронавирустың екінші толқыны: 24 миллиард теңгеге дәрі сатып алынбақ05 тамыз 2020, 14:07

Фото: primeminister.kz Фото: primeminister.kz

Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин Нұр-Сұлтандағы "СҚ-Фармация" логистикалық хабына барды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Асқар Мамин COVID-19-дан емдеуге арналған дәрілердің бар-жоғымен және денсаулық сақтау мекемелерін медициналық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен "СҚ-Фармация" басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев ауруханалар мен провизорлық орталықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін дәрілік препараттардың 91 атауы жеткізілетінін баяндады.

Өткен айда медициналық препараттар өңірлер бойынша 8,7 миллиард теңге бөлінді. Ауруханалардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жедел түрде қосымша дәрі-дәрмектер сатып алынды, емделушілер амбулаториялық деңгейде тегін ала алатын дәрі-дәрмектер тізімі кеңейтілді (парацетамол, ибупрофен, ривароксабан, дабигатран және апиксабан енгізілді).

COVID-19-дың екінші толқыны басталса, компанияда 24 миллиард теңге сомасына екі айлық дәрі-дәрмек қоры құрылуда, сондай-ақ карантин кезеңінде жекеменшік дәріханаларды нарық өз бетінше толықтыра алмайтын 19 тапшы дәрі-дәрмекпен жабдықтау мәселесі пысықталып жатыр. "СҚ-Фармация" оларды қалалар мен ауылдық елді мекендердегі әр дәріханаға дейін толық жеткізеді.

Үкімет басшысына компанияның логистикасын жақсарту шаралары туралы баяндалды: жоспарлы рейстер саны 1,7 есеге артты, тиеу мерзімі 2 аптадан 1 аптаға дейін қысқартылды, тауарларды хабтардан өңірлерге бөлу Cross-docking қағидаты бойынша жүзеге асырылады, ал қоймалардың жұмысы 24/7 режиміне көшірілді.

Премьер-министр өңірлерге дәрі-дәрмектердің тиелуін ерекше бақылауға алуды, күзгі-қысқы маусымда COVID-19-дан емдеу үшін барлық қажетті медициналық препараттың болуын қамтамасыз етуді, дәрі-дәрмектерге қажеттілік артқан жағдайда шұғыл әрекет етуді, сондай-ақ бөлшек сауда секторын тапшы дәрі-дәрмекпен толықтыру бойынша тапсырманы орындауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Медициналық өнімдер мен дәрілік препараттарды отандық өндірушілерді қолдау бойынша жүйелі шараларды қабылдау қажеттігіне ерекше назар аударылды. 

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!