Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева Қазақстанда әлі күнге дейін сталкингтің не екені және оның адамға қандай зиян келтіретіні туралы ортақ қоғамдық түсінік қалыптаспағанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұл туралы ол Мәжілісте өткен "Сталкингтің және некеге тұруға мәжбүрлеудің алдын алу: заңнама, қорғау және ведомствоаралық өзара іс-қимыл" тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында айтты.
Депутаттың айтуынша, мемлекет сталкингті қылмыс және қоғамдық жауапкершілік мәселесі ретінде мойындап отыр. Алайда қоғамда бұл мәселеге қатысты әртүрлі көзқарас әлі де сақталған.
"Егер ұрып-соғу деректері болмаса, көзге көрінетін физикалық зиян келмесе, өкінішке қарай, көбісі ешқандай нақты зиян жоқ деп есептейді. Дегенмен, мұндай әрекеттердің заң шеңберінен шығып кетуі мүмкін екенін түсінеміз", - деді Дементьева.
Ол сталкингтің күрделігі екі конституциялық құндылықтың түйісуінде екенін айтты. Бір жағынан - адамның араласуға, сезімін білдіруге және байланыс орнатуға тырысу еркіндігі болса, екінші жағынан - басқа адамның жеке өміріне қол сұғылмаушылыққа, жеке қауіпсіздігіне және негізсіз психологиялық қысымнан ада болуға құқығы бар.
"Сондықтан біздің алдымызда өте күрделі міндет тұр - жол берілетін әлеуметтік өзара іс-қимыл мен заңсыз қудалаудың арасына нақты шекара жүргізу керек. Меніңше, қоғамдағы бұл пікірталас әлі аяқталған жоқ", - деді депутат.
Оның сөзінше, құқық қолдану практикасындағы негізгі сұрақтардың бірі қарапайым: табандылық қай жерде аяқталып, қуғындау қай жерде басталады.
"Қанша қоңыраудан кейін? Қанша хабарламадан кейін? Нақты бас тартқаннан кейін қанша рет байланысуға тырысқан кезде? Бұл сұрақтардың жауабын заңда толық жазып шығу мүмкін емес", - деді Дементьева.
Ол осы себепті құқық қолдану практикасы, сот түсіндірмесі және құқық қорғау органдарының бірыңғай тәсілдері ерекше рөлге ие болатынын баса айтты.
Сондай-ақ депутат сталкингтің басқа да көптеген қылмыстық құқық бұзушылықтардан айырмашылығына назар аударды. Әдеттегі қылмыста нақты бір әрекет пен оның жасалған сәті болса, сталкингтің табиғаты басқаша.
"Өз табиғаты бойынша бұл - процесс-қылмыс. Қуғындаушының әрбір әрекеті жеке алғанда маңызсыз болып көрінуі мүмкін: бір қоңырау, бір хабарлама, бір рет келу, әлеуметтік желідегі бір пікір. Алайда қауіп дәл осындай әрекеттердің жүйелілігінен, мазасыздығынан және қайталануынан туындайды", - деді ол.
Дементьева мұндай әрекеттердің жиынтығы адамды біртіндеп қауіпсіздік сезімінен айыратынын атап өтті.
"Шын мәнінде, құрбан өз өмірін қуғындаушының мінез-құлқына бейімдей бастайды: жүретін жолдарын өзгертеді, телефон нөмірін ауыстырады, аккаунттарын өшіреді, үйреншікті өмір салтынан бас тартады. Адам формальды түрде еркін болғанымен, іс жүзінде тұрақты психологиялық қысым жағдайында өмір сүре бастайды", - деді депутат.
Оның айтуынша, бұл мәселе цифрлық дәуірде ерекше маңызға ие болып отыр. Егер бұрын қуғындау көбінесе физикалық аңду немесе жеке байланысқа қатысты болса, қазір мұндай әрекеттердің едәуір бөлігі цифрлық кеңістікке ауысты.
Әңгіме мессенджерлер, әлеуметтік желілер, жалған аккаунттар, геолокацияны бақылау, дербес деректерді тарату және цифрлық бақылау туралы болып отыр.
"Қазіргі заман адамы қуғындаушыдан жүздеген шақырым жерде болса да, күн сайын оның өз өміріндегі қатысын сезінуі мүмкін", - деді Дементьева.
Сондай-ақ ол сталкингтің жасырын құқық бұзушылықтар санатына жататынын мәлімдеді. Бұл мемлекет пен құқық қорғау органдары нақты көріністің бір бөлігін ғана көреді дегенді білдіреді.
"Жәбірленушілердің едәуір бөлігі ешқашан көмек сұрап жүгінбейді. Ол қорықпағандықтан емес, өзін түсінбейді деп қорыққандықтан болады", - деді Наталья Дементьева.
Мән-жайы
2025 жылы Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Қылмыстық кодексте 115-1-бап - "Сталкинг" пайда болды.
Сталкинг үшін 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.
Сондай-ақ Қылмыстық кодекске 125-1-бап - "Некеге тұруға мәжбүрлеу" енгізілді. Ол тек некеге тұру мақсатында адам ұрлау үшін ғана емес, сонымен қатар қысым көрсетудің басқа да түрлері, соның ішінде қорқыту мен психологиялық мәжбүрлеу үшін жауапкершілікті қарастырады.