29 тамыз 2018 11:22

Қыздар университетінің өкілдері жатақханадағы ұзын-сонар кезектің себебін түсіндірді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттері жылдағы қалыптасқан тәртіпке сәйкес жатақханаға орналаспас бұрын алдымен медициналық тексеруден өтуі керек. Алайда, кезекте тұрғандар дәрігерлердің баяу қимылдайтынын айтып шағымданған болатын. Бұған қатысты оқу орнының ресми өкілі Жандар Асан түсініктеме берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттері жылдағы қалыптасқан тәртіпке сәйкес жатақханаға орналаспас бұрын алдымен медициналық тексеруден өтуі керек. Алайда, кезекте тұрғандар дәрігерлердің баяу қимылдайтынын айтып шағымданған болатын. Бұған қатысты оқу орнының ресми өкілі Жандар Асан түсініктеме берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Оның айтуынша, бекітілген ережеге сәйкес жаңа оқу жылы басталарда, яғни, Қыздар Университетінің студенттерін жатақханаға орналастырудың алдында білімгерлер толықтай медициналық тексеруден өтіп, уақытша тіркеуге тұруы міндетті. Сәйкесінше, бұл жұмыстар 20 тамыздан бастау алған.

"27 тамыз күні қалыптасқан жағдайға басты себеп - еліміздің әр аймағынан келген студенттер легінің басым көпшілігі жол жүру билеттерінің ыңғайына сәйкес ерте келіп алуы, бірінші курсқа түскен студент санының жылдағыдан бірнеше есе көп болуы және медициналық тексеру өткізетін дәрігерлер мен уақытша тіркеуге тұрғызатын қызметкерлердің жеткіліксіздігі", - деп атап өтті Жандар Асан.

Мәселен бір қызды толықтай медициналық тексеруден өткізу мен уақытша тіркеуге тұрғызу уақыты - 40-45 минут екен. Сонымен қатар, студенттер толық гинекологиялық тексерулерден өтеді. Өйткені, бойжеткен университет студенті болғандықтан оның денсаулығына жауапкершілік толық оқу орнына жүктеледі. Қазіргі күнде 1500-ге жуық студентке медициналық тексерулер жүргізілді.

"Медициналық тексерулер ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 18 сәуірдегі санитариялық қағидаларын бекіту туралы № 175 бұйрығы бойынша және университет ректорының 01.03.2018 жылғы №95 бұйрығымен бекітілген "Жатақханаға студенттерді орналастыру тәртібі туралы" ереженің "Тұрғын үй келісім-шартын, үлгі бойынша бекітілген рұқсат қағазын, дәрігерлік қараудан және төлем өткізгеннен кейін студент бұйрық бойынша бекітілген жатақханасына барып орналасады" атты 3.3 тармағымен жүргізіледі", - дейді ЖОО өкілі. 

"Бүгінде жағдай бірқалыпқа түсті. Ол университет басшылығының тікелей бақылауында тұр. Жатақхана қажеттілігі бар 1080 студент медициналық тексеруден өтіп, жатақханаларға орналастырылды. Қалған студенттер 31 тамызға дейін жатақханамен толықтай қамтамасыз етілмек", - деді өз сөзінде Жандар Асан.

Айта кетейік, университетте жалпы орын саны 2954 болатын жеті жатақханасы бар. Мемлекеттік грантта оқитын студенттер үш мезгіл тегін тамақпен және жатақханамен қамтамасыз етіледі. 

Еске сала кетейік, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттері бөлмелерге жайғаспас бұрын тәртіп бойынша алдымен медициналық тексеруден өтуі керек. Алайда, кезекте тұрғандар дәрігерлердің баяу қимылдайтынын айтып шағымданған болатын.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.26   490.7   4.83 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети