Бүгін Үкімет отырысында Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілету мәселесі қаралып жатыр. Бұл тақырып бойынша туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов негізгі баяндама жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Министрдің айтуынша, Қазақстан үшін экспорттық әлеуеті жоғары конгрестік-іскерлік туризм перспективалы бағыттардың бірі болып қала береді. Былтыр елімізде 13 халықаралық іс-шара өткізіліп, олар экономикаға шамамен 18 миллион доллар табыс әкелді.
Сонымен қатар әлемдік нарықтағы позицияны нығайту үшін Қазақстанға қолданыстағы инфрақұрылымдық шектеулерді жою қажет, деп жалғастырды Мырзабосынов.
"Алматы біздің басты іскерлік белсенділік орталығымыз болып қала береді, бірақ қала халықаралық деңгейдегі заманауи конгресс-көрме кешеніне зәру. Мұндай нысанды салу мәселесі шешім қабылдауды қажет етеді", - деді шенеунік.
Бұған дейін Туризм және спорт министрлігінің басшысы премьер-министрге Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілету шаралары туралы баяндаған болатын. Атап айтқанда, ведомство басшысы TikTok-тағы жарнамалық науқандардың нәтижелері туралы айтып берді.