Министрлік араб шейхтеріне елімізде Қызыл кітапқа енген құсты аулауға рұқсат берудің себебін түсіндірді

21 Қазан 2016, 15:43
0
Министрлік араб шейхтеріне елімізде Қызыл кітапқа енген құсты аулауға рұқсат берудің себебін түсіндірді -

Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев Үкіметтің жекдуадақты аулауға рұқсат беру жөніндегі қаулысын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Биыл ҚР Үкіметі қаулысымен 174 дарақ жекдуадақты ғана алуға рұқсат берілген. Сонымен қатар, рұқсат БАӘ мен Катардың белгілі бір тұлғаларына ғана беріледі және бір құс олжалау үшін 265 АЭК көлемінде төлем бекітілген (1 АЭК - 2121 теңге). Тағы бір айта кетерлік жайт, Парсы шығанағының елдері ұзақ мерзімді ынтымақтастық және жекдуадақты дәстүрлі ұлттық қыран құстар салып аулау туралы келісімдерге қол қою жолымен жекдуадақты қорғау және өсімін молайту бойынша іс-шараларды қаржыландыруға бастамашылық білдірді", - делінген хабарламада. 

Сондай-ақ, ынтымақтастық туралы келісімдердің шеңберінде араб инвестицияларының есебінен Оңтүстік Қазақстан облысында кейіннен Қазақстан аумағында табиғи мекендеу ортасына жіберілетін жекдуадақты жасанды жолмен өсіріп-көбейту орталығы салынды және ол ойдағыдай жұмыс істеуде. Орталық жыл сайын 5 000 дарақ құс өсіреді.

Міндеттемелерді орындау шеңберінде араб тарапы 2009-2016 жылдар аралығында Қазақстан табиғатына 7555 дарақ жекдуадақ жіберді. Сонымен бірге, Орталық қызметінің нәтижесінде 200-ге жуық жергілікті тұрғын жұмысқа орналастырылды.


© ҚР АШМ баспасөз қызметі

Тиісінше, араб тарапы аталған құстарды өсіруде және табиғатқа кең көлемде жіберуде. Ал ҚР Үкіметі олардың азғандай ғана бөлігін аулауға рұқсат береді.

"ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жыл сайын жан-жануарлар дүниесінің есебін жүргізеді. Өз кезегінде, устіміздегі жылғы есепке алудың қорытындылары бойынша Қазақстан табиғатында 9500-ден астам жекдуадақ бар. Бұл орайда биыл Үкімет қаулысымен рұқсат етілген аулау шараларының жекдуадақ дарақтарының табиғатта өсіп-көбеюіне зиян келтірмейтінін атап өту керек. Міндеттемелер шеңберінде араб тарапы жекдуадақ мекендейтін жерлерді қорғау үшін 78 инспектордан тұратын жануарлар дүниесін қорғау қызметін құрған. Олар нысандық киіммен, жол талғамайтын автокөлікпен, байланыс құралдарымен, GPS, фото және бейне түсіру аппаратурасымен қамтамасыз етілген", - дейді ведомство өкілдері. 

Сонымен бірге, араб тарапының қаражаты есебінен "Охотзоопром" ӨБ" РМҚК үшін 2014-2016 жылдар аралығында 81 бірлік техника, оның ішінде 62 жол талғамайтын көлік, 9 Камаз базасындағы Кунг, 10 ыңғайлы вагон-үйлер, сондай-ақ, МИ-2 тікұшағы сатып алынды.

Министрліктің анықтамалығына сәйкес, Араб тарапының Қазақстанның жабайы жануарлар дүниесін сақтау жөнінде алған міндеттемелерді орындаудан басқа, ел аймақтарында мынадай тегін әлеуметтік көмек көрсеткен: ОҚО Отырар ауданының Шәуілдір елді мекенінде емхана (отбасы-дәрігерлік амбулатория) салынды; 2003 жылы ОҚО Арыс ауданының Арыс қаласында перзентхана үйі жөндеуден өткізілді, сондай-ақ қажетті медициналық жабдықтар жеткізілді; 2008 жылы Шымкент қаласында жекдуадақтың аналық басын өсіру үшін уақытша тәлімбағы салынды. 50 жұмыс орны ашылды. 2009 жылы Шымкент қаласында, Нұрсат ықшамауданында 120 орындық перзентхана салынды және жабдықталды; 2010 жылы денсаулық сақтау бөлімінің қоры үшін 50 бірлік "жедел жәрдем" автокөлігі сатып алынды және берілді; 2010 жылы ОҚО Отырар ауданында қашықтығы 80 шақырым жол салынды; 2013 жылы ОҚО Төлеби ауданында 100 орындық балалар бақшасы салынды.

Еске салайық, осыған дейін араб шейхтеріне Қазақстан қорықтары аумағында жоғалып кетуі бар дуадақтарды (дрофа-красотка) аулауға рұқсат берілгені хабарланып, бұл жағдай кең талқыланған еді.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай