Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы жаңажылдық қайырымдылық балына қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы жаңажылдық қайырымдылық балына қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы кешке қатысушыларға арнаған сөзінде Жаңа жыл мерекесі әрдайым көтеріңкі көңіл-күй мен бақытты болашаққа деген үміт сыйлайтынын атап өтті.
"Өтіп бара жатқан жыл жарқын және ауқымды оқиғаларымен есте қалады. Қысқы Универсиада мен халықаралық "ЭКСПО-2017" көрмесі қазақстандықтарға және шетелдік қонақтарға спорт пен технологияның тамаша мерекесін тарту етті. Біз Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммитін жоғары деңгейде өткіздік", - деді Қазақстан Президенті.
Елбасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде еліміздің бейбіт бастамаларын ілгерілету мәселелеріне және алдағы жылы Қазақстанның осы халықаралық ұйымға төрағалық етуінің перспективаларына ерекше тоқталды.
"Бұл - әлемнің екі жүзге жуық елінің жас мемлекетке білдірген айрықша сенімі. Келесі жылы Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, сондай-ақ басқа да көптеген маңызды іс-шаралар өтеді. Бұл жеңістердің барлығы - әрқайсымыздың күш-жігеріміз бен қажырлы еңбегіміздің нәтижесі. Әрбір азаматымыз Қазақстанның жетістіктеріне қатысы бар екенін сезінгені маңызды", - деді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев кешке қатысушыларды келе жатқан жаңа 2018 жылмен құттықтап, барша қазақстандықтарға зор денсаулық, қуаныш пен шаттық тіледі.
"Бәріміздің үйіміз мейірім шуағына бөленіп, бақ-берекеге толы болсын!", - деді Қазақстан Президенті.
Жаңажылдық балды өткізуден түскен қаражат қайырымдылық мақсатқа бағытталатын болады.