19 қараша 2018 21:42

Назарбаев полициядағы қысқартулар жайлы айтты

ПОДЕЛИТЬСЯ

Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ішкі істер органы саласын жаңғырту мәселесі бойынша жиналыс өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.


Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ішкі істер органы саласын жаңғырту мәселесі бойынша жиналыс өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жүргізу мәселелерін қатаң бақылауда ұстап отырғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев ішкі істер органдарының күш жұмылдыруының арқасында соңғы үш жылда қылмыс деңгейі 17,5 пайызға азайғанын атап өтті.

"Адамдар қылмыстық әрекеттен қорғану үшін, ең алдымен, полицияға барады. Тәуелсіздік жылдары 779 полиция қызметкері қаза тауып, екі жарым мыңға жуығы жарақат алды. Мұны естен шығармау керек. Сонымен қатар, ішкі істер органдарының қазіргі жағдайы қоғам талабына толық жауап бере алмай отыр", - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы полицейлердің азаматтармен өзара қарым-қатынасының қазіргі стандарттары ескіргенін әрі заман талабына сай келмейтінін атап өтті.

"Ішкі істер органдарының жұмысы қоғам күткен сенімді толық ақтай алмай отыр, азаматтардың көңіл толмастығын туғызуда. Адамдар өздерін қауіпсіз сезіне алмайды. Біз онсыз басты бағдарымыз саналатын қазақстандықтардың жоғары сапалы өмір сүруін қамтамасыз ете алмаймыз. Сондықтан, полицияны реформалау ісіне шұғыл кірісуіміз қажет", - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдаудың бағыттарына сай ішкі істер саласында мазмұнды әрі сапалы өзгерістер жасау қажеттігіне тоқталды.

Отырыс барысында күн тәртібіне сәйкес Президент Әкімшілігінің Басшысы Әсет Исекешев пен Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов баяндама жасады.

Елбасы берілген мәліметтерді назарға алып, жоспарланған барлық іс-шараны мұқият пысықтау қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы жаңғыртудың маңыздылығына тоқталып, ішкі істер органдарының құрылымы мен штатын оңтайландыруды, сондай-ақ өзіне тән емес функцияларды алып тастауды тапсырды.

"Артық нәрсенің бәрінен арылып, қылмыспен күрес жүргізу және құқықтық тәртіпті сақтау ісіне мән беру керек. Құрылымдар оңтайландырылады. Соның нәтижесінде бір басшының қарамағында үшеу емес, бес адам болады.

"Штат саны 10 пайызға қысқарады. Осы шаралар полицейлер санының 100 мың адамға шаққанда 471 полицейден келуін 424-ке дейін төмендетуге жол ашты. Бұл еуропалық орташа деңгейге сәйкес келеді. Осыған орай, 16 миллиард теңге үнемделмек", - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев үнемделген қаражатты қызметкерлердің еңбекақысы мен әлеуметтік қамту жүйесін жақсартуға жұмсауды тапсырды. Елбасы қосымша ішкі резервтерді іздеу және тиімсіз әкімшілік шығындарды болдырмау жөнінде жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін де айтты.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.78   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети