Tengri FM Радиосы Радио Жұлдыз FM Қазақстан заңдары Экономика сабақтары
KZ RU EN
Бізге жазба жолдау +7 (727) 388 8124
искать через Tengrinews.kz
искать через Google
искать через Yandex
USD / KZT - 333.08
EUR / KZT - 391.50
CNY / KZT - 50.00
RUB / KZT - 5.64

Назарбаев "Россия 24" арнасына сұхбат берді

27 Мамыр 2015, 09:23
8
© Akorda.kz
© Akorda.kz

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Россия 24" арнасына сұхбат берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Эвелина Закамскаямен әңгіме барысында Қазақстан Президенті елде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар, ел экономикасын дамытудың негізгі бағыттары, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер ынтымақтастығының келешегі, жаһандық экономика дамуының маңызды жайттары туралы, сондай-ақ шетел мемлекеттерімен өзара іс-қимылды нығайтуға қатысты сұрақтарға жауап берді.

Мемлекет басшысы Астана экономикалық форумында негізгі мәселелердің бірі болған инфрақұрылымдық даму құрлықтың орталығында орналасқан және теңізге тікелей шығатын жолы жоқ Қазақстанның экономикасы үшін маңызды мәнге ие екеніне назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев еліміз әрі қарай өсу үшін жаңа бағыт қажет болатын белгілі бір даму деңгейіне жеткенін атап айтты. "Осы тұрғыдан алғанда, инфрақұрылымды жаңғырту дегеніміз жол құрылысын ғана емес, мультипликативті әсер тудыруды да білдіреді: Кәсіпорындар тапсырыспен қамтамасыз етіледі, жаңа елді мекендер пайда болады, азаматтар жұмысқа және табыс көзіне ие болады, бюджетке түсім түседі. Бұл Қазақстанның экономикалық өсімін сақтауға мүмкіндік береді деп сенеміз", – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті республикамыз көрші елдердің – ҚХР мен Ресей Федерациясының әлеуетін белсенді түрде пайдаланатынын атап өтті. Мәселен, Қазақстан өз аумағында автокөлік және темір жол бағыттарын ашу арқылы Жібек жолы экономикалық белдеуінің конфигурациясына іс жүзінде қосылды. Мемлекет басшысы Жібек жолының экономикалық белдеуі жаңа көлік бағыттары бойында іскерлік белсенділікті дамыту ісін қарастыратынын еске салды. Осыған байланысты Азиялық инфрақұрылымдық даму банкі Қазақстан, Ресей және бүкіл Еуразиялық экономикалық одақ үшін зор мүмкіндіктер ұсынады.

Нұрсұлтан Назарбаев экономикадағы қытай ықпалының артуына байланысты қауіптенуді "фантомдық үрей" деп атады. Ол Қазақстанның бүгінде ҚХР-мен бірқатар кәсіпорынның құрылысын салу туралы шарт жасау қарсаңында тұрғанын айтты. Қазақстан Президенті Ресейдің Қытаймен бірлесіп мұнай-газ саласында, коммуникация құрылысында ірі жобаларды жүзеге асыруы Ресей экономикасына Азия өңірін қатыстыруға мүмкіндік беретінін, мұның да әрі қарай даму үшін оң серпінге ие болып отырғанына тоқталды.

Қазақстан Президенті батыс елдері мен Ресей арасындағы өзара санкциялар саясат пен экономиканың араласып кетуінің нәтижесі екеніне назар аударды. Бұл жағдайдан Ресей ғана емес, өзге елдер де зардап шегіп отырғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Украина төңірегіндегі ахуалды шешу үшін қажетті барлық күш-жігерін жұмсап отырғанын айтты.
"Менен араағайындық етуді өтінгенде уақытты да, күшімді де аямаймын, кездесулер өткізіп, тараптарды келіссөздерге шақырамын. Бұл жағдайда ел басшылары кездесе отырып, ымыраласу арқылы ортақ тіл таба алады. Шешілмейтін мәселе көріп тұрғаным жоқ. Мен қазір ресейлік те, украиналық та тараптың мәселені шешіп, пайда болған қарама-қайшылық түйінін тарқататын кезең жеткенін байқап отырмын. Мұның тезірек болғаны керек, еуропалық көшбасшылар да осыны қалайды. Қазіргі уақыт осындай қадам үшін қолайлы", – деді Қазақстан Президенті.

Қазіргі қаржы жүйесіндегі қиындықтар туралы айтқан Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық валюта архитектурасының ескіргенін атап өтті. Мемлекет басшысы әлемдік резервтік валютаның бір эмитентке ғана тәуелділігі өзге мемлекеттер үшін қатерлі екеніне тоқталды. Қазіргі кезде Латын Америкасы, араб әлемі өздерінің өңірлік валютасын енгізу жөнінде айтуда, бұдан доллардың ықпалын азайтуға ұмтылыс аңғарылып отыр. Сонымен бірге, бүгінгі таңда доллар әлі де қолданыстағы негізгі әлемдік валюта, ал АҚШ әлемдегі экономикасы ірі ел болып саналады.

Осыған байланысты Қазақстан Президенті Астана экономикалық форумы сияқты халықаралық басқосулар әлемдік институттар мен халықаралық ұйымдардың қаржы мәселелері бойынша ортақ тіл табуы үшін жағдай жасайтынын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев елде жүзеге асырылатын маңызды жоба – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне, оның базасында «Астана» қаржы орталығы құрылатынына назар аударды. Жаңа орталықтың қатысушылары үшін ағылшын тілін қолданатын британдық құқық қағидаттарына негізделген сот жүйесін қамтитын ерекше жағдайлар жасалатын болады.

Мемлекет басшысы отандық білім беру ісіндегі үштілділік туралы айта келіп, келешекте Қазақстан мектептің жоғары сыныптары мен университеттерде жаратылыстану ғылымдарын оқытуды ағылшын тілінде жүргізуге көшу ниетінде екенін атап өтті. Жалпы алғанда, білім саласында қабылданып жатқан шаралар Астанадағы қаржы орталығының жұмысына тартылуы мүмкін ағылшын тілінде сөйлейтін жастар қатарын қалыптастыруы тиіс.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті елдің бұдан әрі дамуы үшін бес институционалдық реформаның маңыздылығын, оны нақты әрі жүйелі түрде жүзеге асыру үшін Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылғанын айтты. Мемлекет басшысы бес институционалдық реформа аясында ұсынылған өзгерістер халық тарапынан кеңінен қолдау тапқанын, оны өткен президенттік сайлау қорытындысы көрсеткенін атап өтті.


Нравится
Поделиться
Пікірлерді көру (8)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай