15 желтоқсан 2014 14:39

Назарбаев ШЫҰ-ға мүше елдердің үкімет басшыларын қабылдады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшыларын қабылдады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап. 


Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшыларын қабылдады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап. 

Кездесуге ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян, премьер-министрлер: Қырғыз Республикасынан – Джоомарт Оторбаев, Ресей Федерациясынан – Дмитрий Медведев, Тәжікстан Республикасынан – Кохир Расулзода және Өзбекстан премьер-министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Рустам Азимов, ШЫҰ Бас хатшысы Дмитрий Мезенцев, ШЫҰ Лаңкестікке қарсы өңірлік орталығының атқарушы комитетінің директоры Синьфэн Чжан қатысты.

Қазақстан Президенті ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары отырысының Тәуелсіздік күні қарсаңында өтуінің символдық мәні бар екенін, өйткені ұйымның алғашқы отырысы 2001 жылы Алматыда өткенін айтты. "Үкімет басшыларының отырысы біздің елде осымен үшінші рет өтіп отыр. Ұйым саяси салмақ пен экономикалық қуатқа ие болып келеді. Бүгінде ол баршаға кеңінен танылды. Бұл жолғы кездесудің ерекше мәні бар, біз өзімізде "Шанхай рухы" болуы тиістігін әрдайым айтып жүрміз", – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары кеңесінің Уфадағы отырысында Ұйымның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын бекіту жоспарланып отырғанына назар аударды. "Осыған байланысты үкіметтерге ауқымды жұмыс атқаруға тура келеді. Мемлекет басшыларының соңғы кездесуінде жаңа мүшелер қабылдау тәртібіне қатысты құжаттарға қол қойылған болатын. Бұл мәселеге сындарлы әрі әділ көзқарас керек", – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы сондай-ақ ШЫҰ жалпыазиялық әл-ауқат қоры секілді екенін, оған барлық мүше мемлекеттер толық қатысуы тиістігін айтты. "Ұйым, ең алдымен, тұрақтылық пен елдеріміздің арасында аумақтық даудың болмауы үшін, сондай-ақ бүгінгі заманның үш қатері – сепаратизмге, экстремизм мен лаңкестікке қарсы бірлесіп күресу үшін жұмыс істейді. Бізге азық-түліктік, экологиялық және энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін де шешу керек. ШЫҰ мемлекеттері энергия тасымалдаушылар мен азық-түлікке деген сұранысты қамтамасыз ету мүмкіндіктеріне ие. Бірлескен жұмыс арқылы су тапшылығы мен өзге ресурстарға қолжетімділік мәселелерін де шешуге болады" – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті біздің еліміз Ұйым қызметін әрі қарай кеңейту үшін қажет болатын ШЫҰ даму банкін құру туралы бастаманы қолдайтынына тоқталды. Сонымен қатар, көлік саласындағы ынтымақтастықты дамыту ШЫҰ аясындағы ықпалдастықтың маңызды бағыттарының бірі ретінде аталды. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Қазақстан отандық экономиканы дамытуды ғана емес, бүкіл өңірдегі өзара сауда мен іскерлік байланыстарды жандандыруды көздейтін бірқатар маңызды көлік жобаларын іске асыратын болады.

"Біздің елімізде "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" деп аталатын жаңа экономикалық саясат жарияланды. Соған сәйкес, біз инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталған мемлекеттік инвестицияларды жүзеге асырамыз. Астанадан елдің барлық өңірлеріне қарай автокөлік жолдары мен теміржолдар салынады. Біз Каспийде екі теңіз портын саламыз, оның бірі автомобильдер мен теміржол вагондарын пароммен тасымалдауға арналған. Осы жаңа көліктік мүмкіндіктердің бәрін ШЫҰ-ның барлық мүшелері пайдаланатын болады деп ойлаймын", – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшыларының жұмысына табыс тілей отырып, Қазақстан Ұйымды нығайту ісіне үлес қосуға әрдайым дайын екенін айтты. 

 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 449.57   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети