Нұр-Сұлтанда автобустар соқтығысуынан зардап шеккендер сақтандыру төлемдерін қалай алатыны белгілі болды. Бұл туралы ақпаратты "Астана LRT" компаниясы жариялады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Нұр-Сұлтанда автобустар соқтығысуынан зардап шеккендер сақтандыру төлемдерін қалай алатыны белгілі болды. Бұл туралы ақпаратты "Астана LRT" компаниясы жариялады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Еске салайық, 26 наурызда Қабанбай даңғылы мен Ұлы Дала көшесі қиылысқан тұста жол-көлік оқиғасы болған еді. Онда үш автобус пен жеңіл автокөліктер соқтығысқан. Қала маңынан жүретін № 303 автобус №12 бағыттағы қоғамдық көлікті соққан. Кейінірек № 53 автобусқа және жедел жәрдем каретасына соқтығысқан.
"Астана LRT" ЖШС мен "№1 автобус паркі" АҚ өкілдері ауруханада жатқан зардап шеккендерге барып, төлемдер бойынша қажетті ақпарат берді.
"Астана LRT" компаниясында мәлімдегендей, бұдан бұрын "№1 автобус паркі" АҚ зардап шеккендерге өтемақы төлейтін сақтандыру компаниясымен шарт жасасқан болатын. Алайда төлемдерді алу тек сот шешімінен кейін жүзеге асады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Сот шешімі шыққаннан кейін зардап шеккендерге өтемақы төленеді.
Қазір зардап шеккендер немесе олардың өкілдері құзіретті мамандарға жүгіне алады.
"Егер сіз №53, № 12 маршруттардың жолаушысы немесе ЖКО қатысушылары болған жеңіл автомобильдердің иесі/жолаушысы болсаңыз, онда Сізге Сарайшық көшесі, 5, "Лазурный квартал" ТК мекенжайы бойынша орналасқан Nomad Insurance сақтандыру компаниясына өз бетіңізше хабарласу қажет.
Егер сіз № 301 бағыттағы автобустың жолаушысы болсаңыз, онда сіз №1 Автобус паркінің заң бөліміне xабарласуыңыз қажет. Мекенжайы: Пушкин көшесі, 37/2, 209 каб. Жұмыс кестесі: сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін, түскі үзіліс сағат 13:00-ден 14:00-ге дейін.
Бұл ретте мынадай құжаттарды ұсыну міндет: жеке куәлік, егер зардап шеккен адамның өкілі жүгінген жағдайда, мүдделерді білдіруге сенімхат (нотариалды куәландырылған), билет немесе көлік картасының нөмірі бойынша жол жүруді нақтылау. Нақтыланған ақпаратты "Астана LRТ" ЖШС-де алдын ала алу керек.
"Аталған мекенжай бойынша зардап шеккендер барлық сұрақтар бойынша кеңес ала алады", – делінген компанияның хабарламасында.