Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-та бірнеше кездесу өткізді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-та бірнеше кездесу өткізді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Грузия Президенті Саломе Зурабишвилимен кездесу
Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясы аясында Грузия Президенті Саломе Зурабишвилимен де екіжақты келіссөздер жүргізді.
Мемлекеттер көшбасшылары екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық салаларда өзара іс-қимылдарды кеңейту қажеттігін атап өтті.
"Қазақстан Сіздің еліңізбен достық қарым-қатынасты дамытуға, саяси диалогты тереңдетуге және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге зор мән береді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
© akorda.kz
Мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы бірлескен жұмыстардың, соның ішінде, қазақстандық Ақтау және Құрық порттарын пайдалану арқылы екі ел арасындаға жүк тасымалын жүзеге асырудың маңыздылығын айтты.
Өз кезегінде, Саломе Зурабишвили Грузияның инвестициялық және көлік-логистикалық жобаларына Қазақстан капиталының белсенді қатысып отырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.
Украина Президенті Владимир Зеленскиймен кездесу
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Зеленский бірін-бірі өз мемлекеттеріндегі ең жоғары қызметке сайлануларымен құттықтады.
© akorda.kz
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы тарихи тамырластық пен ортақ болашақ жайын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Украинамен арадағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін, бұл бағыттағы мүмкіндіктеріміз зор екенін айтты.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Зеленский бір-бірін өз мемлекеттеріне сапармен келуге шақырды.
Иордания Королі ІІ Абдалламен кездесу
Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылады.
© akorda.kz
Екі көшбасшы да түрлі салалар бойынша өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екендерін мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Иорданиямен арадағы инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге әзір екенін айтты.
Сондай-ақ, ол ІІ Абдаллаға Қазақстанның дінаралық диалогты нығайтуға қатысты бастамаларын үнемі қолдап келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесу
Бүгін Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-сессиясының жұмысы аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Ұйымның халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдаудағы, халықаралық қақтығыстардың алдын алу мен реттеудегі басшылық рөлін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның қазіргі заман талаптарына сай бейімделуінде Антониу Гутерриштің белсенді қызметін қолдайтынын білдірді.
Президент БҰҰ БА-ның осы сессиясында көтеріліп отырған "Кедейлікпен күресті жан-жақты күшейтуді ынталандыру, сапалы білім беруге, климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі іс-шараларға және инклюзивтілікке ықпал ету" тақырыбы аса өзекті мәселе екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға әзір. Өйткені бұл құжат біздің елдің алдағы экономикалық және әлеуметтік жаңғырту мәселелері бойынша жариялаған жоспарымен үндеседі.
© akorda.kz
Өз кезегінде Антониу Гутерриш Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесімен өзара іс-қимылына оң баға берді. Қазақстанның жаһандық ядролық қаруға қарсы күнтәртібінде жетекші рөл атқаратыны, өңірлік қақтығыстарды реттеу ісінде халықаралық күш жұмылдыруы, соның ішінде Сирия мәселесі бойынша өткен Астана процесі аясындағы қомақты үлесі айтылды. Бас хатшы Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2019 жылдың мамыр айында БҰҰ-ның 16 аймақтық өкілдігін бір шаңырақ астына біріктірген Алматы қаласындағы Халықаралық ұйымдар ғимаратын ашқаны үшін алғыс білдірді.
Кездесу барысында Қазақстан мен БҰҰ-ның алдағы өзара практикалық іс-қимылының перспективалары, оның ішінде еліміздің халықаралық ұйым аясында бітімгершілік операцияларға қатысуды кеңейту мүмкіндігі қаралды. Сонымен қатар, тараптар әлемдік саясаттың бірқатар өзекті мәселелері бойынша да пікір алмасты.