12 шілде 2016 15:23

Прокуратураға қызметке кіру үшін үміткерлердің шығармашылық ойлау қабілеті болуы тиіс - ҚР БП

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Тұрар Қазанғапов © Тұрар Қазанғапов

ҚР Бас прокуратурасы прокуратура органдарына қызметке кіру тәртібі туралы жадынама жария етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ведомствоның сайтына сілтеме жасап.


ҚР Бас прокуратурасы прокуратура органдарына қызметке кіру тәртібі туралы жадынама жария етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ведомствоның сайтына сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, прокуратура органдарына қабылдау 2 кезеңде жүргізіледі: 1) Кандидаттарды іріктеу және алдын ала зерттеу; 2) Конкурс (іріктеуден өткендер үшін).

Бірінші кезең. Кандидаттарды іріктеу мен алдын ала зерттеу бос лауазымдардың болуына және конкурс жариялауға қарамастан прокуратура органдарына қызметке кіруге ниет білдіруші өтініш берген кезден бастап жүргізіледі.     

Кандидат іріктеу кезінде мыналардан өтеді: 1) заңнаманы білуге компьютерлік тестілеу; 2) қызметке жарамдылығын анықтау үшін әскери-дәрігерлік комиссияларда медициналық, психофизиологиялық және полиграфологиялық зерттеу; 3) ұлттық қауіпсіздік органдарының міндетті арнайы тексеруі.

Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокуратуралары, Бас көлік прокуратурасы, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің аймақтық басқармалары, Құқық қорғау органдары академиясының кадр қызметтеріне арыз бере отырып, іріктеуден өтуге болады.

Тестілеуді арыз берген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде, кандидаттың таңдауы бойынша мемлекеттік немесе орыс тілінде онлайн режимінде Бас прокуратурада, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокуратуралары, Бас көлік прокуратурасы, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің аумақтық органдарында, Құқық қорғау органдары академиясында өткізіледі. Тестілеу кезінде бейнеконференцбайланыс және дыбыс, бейнетаспаға жазу жүргізіледі.

Кадр қызметі телефон және электронды пошта бойынша тестілеу күніне дейін 2 жұмыс күнінен кешіктірмей уақыты мен орны туралы кандидатқа хабарлайды. Оған қатысу үшін дербес идентификациялық нөмірі бар жеке куәлік болу қажет. Тестілеу басталғанға дейін кадр қызметі оны өткізудің тәртібін түсіндіреді. Тестілеу кезінде бөлмеден шығуға, әңгімелесуге, материалдармен алмасуға, электронды құрылғыларды (соның ішінде ұялы телефондарды, қалталы дербес компьютерлерді және басқаларын) және қағаз тасымалдағыштарды пайдалануға тыйым салынады.

Бұл талаптарды бұзған кезде тестілеу тоқтатылады, кандидат бөлмеден шығарылады, тест нәтижелері жойылады. 120 тест сұрақтарына 90 минут уақыт беріледі, ол аяқталғаннан кейін бағдарлама автоматты түрде жабылады. Тест бойынша шекті мән жалпы сұрақтар санының кемінде 70 пайызы дұрыс жауаптарды құрайды.

Дұрыс жауаптарды есептеп шығаруды компьютерлік бағдарлама автоматты түрде жүргізеді, тестілеу нәтижесі кандидатқа беріледі және оны өткен сәттен бастап бір жыл ішінде жарамды. Бұл деңгейден өтпегендер тестілеуден 3 айдан кейін қайтадан өте алады. Облыс орталықтарында, Астана, Алматы қалаларында өткізілетін медициналық куәландыруға және міндетті арнайы тексеруге тестілеуден сәтті өткен кандидаттар жіберіледі. Бұл үшін кадр қызметі тестілеу өткеннен кейін 3 жұмыс күні ішінде кандидатқа жолдама береді. Медкомиссияны уақтылы өтпеген кезде, қайта жолдама берілмейді. Ұлттық қауіпсіздік органдарының міндетті арнайы тексеруін өткізу үшін кандидат тестілеуден кейін 3 жұмыс күні ішінде кадр қызметіне мыналарды ұсынады:

1) анкета;

2) өмірбаян;

3) жеке куәліктің көшірмесі;

4) білім туралы дипломның көшірмесі;

5) 3х4 мөлшеріндегі сурет (2 дана);

6) кірістері мен мүліктері туралы декларация тапсырғаны туралы анықтама.

Егер кандидат денсаулық жағдайы бойынша қызметке жарамсыз деп танылған немесе міндетті арнайы тексерудің теріс нәтижесін алған жағдайда, кадр қызметі тиісті қорытындыларды алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде бұл туралы хабарлайды. Тестілеуді өткізу орнына бару мен кері қайту жолы, мекен-жайлық тұру және басқа шығындарды кандидат өз қаражаты есебінен төлейді.

Іріктеуден өткеннен кейін кандидат нақты бос лауазымға конкурстың жариялануын күтеді. 

Екінші кезең - конкурс. Конкурс өткізу туралы хабарлама республикалық және өңірлік БАҚ-та, соның ішінде Бас прокуратураның және конкурс жариялаған прокуратура органының интернет-ресурстарында жарияланады. Конкурстық комиссия құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде кандидаттардың құжаттарын алдын ала қарауды жүргізеді. Алдын ала қараудың қорытындысы бойынша конкурстық комиссия жарияланған лауазымға белгіленген талаптарға кандидаттың сәйкес келетіні туралы немесе әрі қарай конкурсқа кандидатты қатыстырудан дәлелді бас тарту туралы шешім қабылдайды. Жарияланған лауазымның талаптарына сәйкес келген кезде конкурстық комиссия кандидатты әңгімелесу өткізуге  жіберу туралы шешім қабылдайды. Хабарландыру телефон және электронды пошта бойынша жүзеге асырылады. Кандидатпен әңгімелесу оны әңгімелесуге жіберу туралы оған хабарлаған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Әңгімелесу әрбір кандидатпен жеке түрде жүргізіледі және техникалық құралдардың көмегімен жазылады, бұл туралы кандидат ескертіледі. Әңгімелесудің нәтижесі бойынша конкурстық комиссия кандидатты тағылымдамадан өткізуге жіберу туралы шешім қабылдайды. Тағылымдама мерзімі - 10 жұмыс күні.

Тағылымдамадан өту кезінде кандидатты толық және жан-жақты зерттеу үшін ол мынадай төрт тапсырманы орындауы тиіс:

1. Өмірлік тәжірибесі туралы жазу;

2. Берілген тақырыпта эссе жазу;

3. Кейстік сұрақтарды шешу;

4. Психологиялық зерттеуден өту.

Бірінші тапсырма - өмірлік тәжірибесі туралы жазу.

Кандидат өзі туралы, өзінің жетістіктері туралы, дағдылары мен тәжірибесі туралы анық, нақты  және жеткілікті етіп жазуы тиіс. Оның потенциалын, өмірлік ұстанымын,  әлеуметтік белсенділігін, қағидаларының орнықты екенін, адалдығын, борыштық сезімін, патриотизмін бағалау осыған байланысты болады. Сонымен бірге, кандидат қоғам үшін, айналасындағы адамдар үшін не істегенін, қандай жобаларға қатысқанын көрсете алады. Ол өзінің шындығында қабілетті екенін, прокуратураға кіру мақсатын және лайықты екенін барлығына дәлелдей білуі тиіс. Осылайша ол өзінің іскерлік, кәсіби және адамгершілік қасиеттерін көрсетеді. Бұл үшін оған 60 минут және 500 сөз беріледі. Екінші - берілген тақырыпта эссе жазу. Бұл эссе кандидаттың шығармашылық ойлау деңгейін және өз ойын түсінікті түрде жеткізе білу қабілетін анықтайды. Бұл екі қасиет прокурордың жұмысында өте қажет. Пайдаланатын сөздердің саны мен сапасы оның шешендік қабілетін анықтауға мүмкіндік береді.

"Қысқаша айтқанда, стандартты сөздермен қызметкерде идеялар туындамайды. Дәлелдеп жаза білу - мұның да маңызы зор, себебі жұмыста ұсыныстар енгізу, хаттарға жауап беру, адамдармен кездесу, оларға заңдарды түсіндіру қажет. Кандидаттың өз ойын нақты және сауатты түрде жеткізу қабілетін, ақпараттың құрылымын жасай білуін, басты мәселені басқаларынан бөліп, ашып көрсете алуын, өзінің уәждерін дәлелдей алуын және басқаларын анықтаймыз", - делінген жадынамада. Бұған да 500 сөз және 120 минут беріледі.

Үшінші тапсырма - кейстер. Кейс дегеніміз - нақты бір проблемалық жағдай түрінде берілетін тапсырма. Кандидат осы проблеманың мәнін түсініп, шешімін таба білуі тиіс. Сосын оны шешудің жолдарын ұсынып, ішінен ең дұрысын таңдайды. Оған столына қойылған заңдарды пайдалануға рұқсат етіледі. Бұл дербес жұмыс. Кеңес беруге рұқсат жоқ. Ахуалдық 3 тапсырма және 90 минут уақыт болады. Осылайша біз кандидаттың тәжірибеде заңдарды қолдана білу қабілетін, ақпараттарды талдау, шолу жасау, логикалық ойлау қабілетін тексереміз. Төртінші тапсырма - психологиялық зерттеу. Бұл сатыда алдыңғы барлық тапсырмалардың қорытындысы шығарылады.

Психологиялық тест өткізіледі. 1,5 сағаттың ішінде 186 сұрақ болады. Кандидаттың интеллект деңгейі (IQ) шығарылады, сонымен бірге іс жүзінде пайда әкелуге тырысады ма, не болмаса жеке бас пайдасының қамын ойлайды ма, сол анықталады. Нәтижеге жұмыс істей алады ма немесе жұмысқа қабілетсіз бе. Стреске орнықты ма немесе ашуланшақ па. Командалық жұмыскер ме немесе өз бетінше жұмыс істей ме. Басқалармен қатынаста ашық адам ба немесе тұйық адам ба. Осылардың бәрі анықталатын болады. Тестілеуден өткеннен кейін - психолог маманмен әңгімелесу болады, яғни, бағалау үшін сұхбаттасу. Психолог әртүрлі сұрақтар қояды және кандидаттың өзіне тән айрықша қасиеттерін анықтайды. Тестілеу мен әңгімелесудің нәтижесінде кандидаттың психологиялық портреті белгілі болады.

Тапсырмаларды орындау келесідей жүзеге асады. Тапсырмалар облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокуратураларында, Бас көлік прокуратурасында, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетте арнайы бөлінген бөлмелерде орындалады. Ол жерде бейнекамера орнатылған, аудио және бейнетаспаға жазылатын болады. Кандидаттың атын жамылып, басқа адам кірмес үшін кіреберісте әрбір кандидат тексеріледі.  Телефон, планшет және басқа гаджеттерге тыйым салынады. Интернет те болмайды. Барлық жұмыстар плагиат жолымен тексеріледі. Барлық тапсырмаларды орындау барысы қатаң түрде техникамен және кадр қызметкерімен бақыланады. Белгіленген тәртіпті бұзған адам - дереу бөлмеден шығарылып, конкурстан алынып тасталады.

Өмірлік тәжірибе, эссені жазу мен кейстік тапсырмаларды орындауды Бас прокуратура тартқан тәуелсіз сарапшылар бағалайтын болады. Оларға кандидаттың психологиялық портреті қоса беріледі. Сарапшылар кандидаттың жұмысы бойынша ұсыным берген кезде оны ескеретін болады. Барлық жұмыстар құпияланатын болады. Кандидат өзін кімнің бағалағанын білмейді, ал сарапшы кімнің жұмысын бағалап отырғанын білмейді. Сарапшылардың бағалары тағылымдама аяқталғанға дейін ұсынылатын болады.

Тағылымдаманың қорытындысы бойынша кандидат есеп жазады, онда жеке жоспарды қалай орындағанын ашып жазуы қажет. Тағылымдамадан өту кезіндегі кандидаттың теориялық білімін және тәжірибелік жұмысын бағалау тағылымдама жетекшісі берген мінездемеде жазылады. Тағылымдамадан кейін конкурстық комиссия мыналарды қарайды:

1) тағылымдаманың жеке жоспарының орындалуы;

2) тағылымдама жетекшісі берген мінездеме;

3) психолог жасаған психологиялық портрет;

4) тәуелсіз сарапшылардың бағалары.

Конкурстық комиссия мына шешімдердің бірін қабылдайды:

1) лауазымға тағайындауға ұсыну;

2) резервке енгізуге ұсыну;

3) бос лауазымға тағайындаудан бас тарту.

Сарапшылар жоғары балл берген және тағылымдаманың қорытындысы бойынша үздік мінездеме алған кандидат бос лауазымға тағайындалады. Резервке енгізуге ұсынылған кандидаттар конкурс өткізілген лауазымның санаты бойынша резервке енгізіледі. Резервке енгізу туралы конкурстық комиссияның ұсынымдары әрбір бос лауазым бойынша 3 кандидаттан аспайтын адамдарға қатысты шығарылады. Резервке енгізу конкурстық комиссия шешім қабылдаған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізіледі. Резервте болу мерзімі оны енгізген күннен бастап бір жылды құрайды. Прокуратура органының кадр жұмысы бөлімшесі конкурстық комиссия қабылдаған шешімдер туралы оның қорытынды отырысы өткен күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде кандидаттарды хабарлайды.

Прокуратура органдары жүйесіне қызметке қабылдау тәртібі, мерзімі және рәсімдері туралы толық ақпарат тиісті ережеде жазылған, олардың мәтіні www.prokuror.gov.kz сайтында орналастырылған. "Барлық ниет білдірушілерді біздің конкурсқа қатысуға шақырамыз және прокурорлық қызметте биік жетістіктерге жетуге тілектеспіз", - делінген жадынамада.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.77   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети