Кәмелетке толмағандар арасында "өлім ойындары" таралып жатыр. Балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік желілер арқылы "Синий кит" немесе "Тихий дом" ойынына қосылуға шақыру жағдайлары да жиілеп кетті. Ойын шарты бойынша әрбір қатысушы 50 тапсырма орындауы керек. Алғашқы тапсырма қолыңды тіле отырып, киттің суретін салу, ал соңғы тапсырма өзіңе қол салу.
Кәмелетке толмағандар арасында "өлім ойындары" таралып жатыр. Балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік желілер арқылы "Синий кит" немесе "Тихий дом" ойынына қосылуға шақыру жағдайлары да жиілеп кетті. Ойын шарты бойынша әрбір қатысушы 50 тапсырма орындауы керек. Алғашқы тапсырма қолыңды тіле отырып, киттің суретін салу, ал соңғы тапсырма өзіңе қол салу.
ҚР ІІМ мәліметі бойынша 2016 жылы елімізде кәмелетке толмағандардың өзіне қол салуға дейін жеткізу бойынша тоғыз қылмыстық іс тергелген. Алайда олардың әрекетіне әлеуметтік желілер мен ондағы топтардың әсері себеп болғандығы туралы ақпарат жоқ.
Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында қазақстандық психолог Оксана Гулак балаларды өздігінен жеңе алмайтын кері әсерден қалай қорғап қалуға болатындығын және балаңыздың түңіліп жүргенін неден анықтауға болатыны туралы кеңес айтты.
"Біріншіден, баланың не айтқанына ден қою керек. Егер ол бір нәрсеге шағымданса, оның көңіліне не әсер еткенін білген жөн. Өйткені ересек адамдар жасөспірімдер ойдан шығара салады деген пікірді көп ұстанамыз. Ата-аналар бірінші кезекте назар салуы керек дүниелер: балаңыз достарымен бетпе-бет араласпаса немесе араласуы барынша қысқарып, ол компьютер мен телефонға ғана әуестенсе, баланың өмірі виртуал әлемде өтіп жатқанын білдіреді", - дейді психолог.
"Осындай оғаштану, шынайы өмірден жырақтау бар болса, жеткіншектің көңілі түнерген болуы мүмкін. Өйткені жеткіншектер үшін біреумен қатынаста болу маңызды. Сыныптастары, қыз немесе жігітпен қарым-қатынасы олар үшін басты орында. Егер мұндай байланыс болмаса, жеткіншек өзін оғаш, шеттетілген адам ретінде сезінеді. Егер шынайы өмірде байланысқа түсетін тобы, адамдары болмаса, мұндай қарым-қатынасты, өкінішке қарай, ол виртуал әлемнен, осындай топтардан іздейтін болады", - деп есептейді Оксана Гулак.
Сонымен қатар, баланың ата-анасы үшін барынша жайлы болуға тырысуы да күдік туғызатынын айтады. "Олар қарсы шығып, өз пікірін айтуға тырыспаса, бұған да көңіл аударған дұрыс. Өйткені жеткіншектер үшін өз пікірін айтып, ата-анасының пікірімен келіспей қалатын жайлар қалыпты болып келеді. Осылайша, олар өздерін қалыптастырады. Бұл оның өмірге құлшынысы үлкен екенін білдіреді. Ал тыныш, бөлектеніп жүру, толығымен компьютер әлеміне еніп кетіп, достарымен араласпау - жасөспірім үшін дұрыс деп айта алмаймын", - дейді ол.
Психологтың пікірінше, жасөспірімдер үшін отбасында жетіспейтін сезімдер болса, бұл - қауіпті.
"Ойын туралы мұндай хабарламалар отбасылық қатынастардан қашу сәтінде санаға қатты әсер етеді. Ересектердің көбі жұмысқа қашып, қандай да бір әрекеттер, шопинг, ішімдік арқылы көңілін жұбатады. Көңіліңізге бір нәрсе ауыр тигенде, ренжулі немесе ашулы жүру, махаббат сезіміне бөленгеніңізді көрген бала да осы сезімдерді сезінгісі келеді. Ересектің әрекетін қайталағысы келіп, өзі де ересек көрінгісі келеді. Ал енді айтып отырған ойындар баланың сезімін аулап, түрлі көңіл-күй сыйлайды", - деп атап өтті психолог.
Дегенмен, маманның сөзінше, ата-ана бала өмірін қадағалау мен баланың жеке өміріне араласудың ара-қатынасын сақтау керек.
"Кей отбасыларда осы ара-қатынас сақталмай жатады. Кейде оның өмірін толық қадағалауға тырысып, оның есейіп келе жатқанын мойындағымыз келмейді. Осыдан барып баланың психикасында бейсаналы түрде өлім ата-ананың, мектеп бақылауынан құтылу жолы сияқты елестейді. Дегенмен әр кезде жағдай әртүрлі. Қазір жасөспірімдердің өтпелі кезеңі ауысып жатыр. Ертерек болады. Бұл кезеңде жасөспірімдер көңілі өте нәзік", - деп аяқтады сөзін маман.
Айта кетейік, мұның алдында ҚР ІІМ ата-аналарды балаларының виртуал өмірін қадағалауға, әлеуметтік желідегі суицидке шақыратын топтарға тарту декеректері туралы хабарлауға шақырған.
Ресейде "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі "өлім ойындарының" авторы мен бастамашысы Филипп Будейкиннің ұсталғаны да айта кеткен жөн. Оған "Өзіне қол салуға дейін жеткізу" айыбы тағылып, тергеу жүргізіліп жатыр.