24 қараша 2017 14:55

Сапарбаев халықтың билікке деген сенімі неге төмендейтінін айтты

ПОДЕЛИТЬСЯ

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қарғалы ауданының әкімін халықпен кездесу кезінде мемлекеттік қызметкерлердің басым болғаны үшін сөкті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қарғалы ауданының әкімін халықпен кездесу кезінде мемлекеттік қызметкерлердің басым болғаны үшін сөкті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

22 қараша, сәрсенбі күні Сапарбаев Қарғалы ауданында болды. Өңір басшысы жұмыс сапары кезінде бірнеше өндірістік нысандардың қызметімен танысып, Кемпірсай ауылдық округінің Жосалы және Ащылысай ауылдарының, сонымен қатар, Бадамша, Степной ауылдық округтеріне қарасты ауылдардың халқымен үш кездесу өткізді.

Кездесулер облыстық сот төрағасы Мұратғали Әкетай, облыс прокуроры Марат Қайыбжанов, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің басшысы Қайрат Сөнтаев, ҰҚК –нің облыс бойынша департаментінің басшысы міндетін атқарушы Рүстем Неталиев, облыстық ІІД басшысы Махамбет Әбисатов, мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Айбек Паяев, әділет департаментінің басшысы Мақсат Сатыбалдин сынды құзырлы тұлғаларға жеке өтініштерін айтып, сауалдарын қойып, сол жерде жауаптарын алу үшін ұйымдастырылған болатын.

Кемпірсай және Степной ауылдық округтерінде Бердібек Сапарбаев ауыл тұрғындарын мемлекет басшысының облысты әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту бойынша тапсырмаларының орындалуымен таныстырып, оларды кәсіпкерлікпен белсендірек айналысуға, ауылшаруашылығының дәстүрлі және дәстүрлі емес түрлерін дамытуға, пайдаланылмаған жер телімдерін тиімді айналымға енгізуге шақырды.

"Қолда бар қолайлы географиялық, табиғи жағдайларды ескере отыра, Қарғалы ауданы дамуы жағынан облыстың өзге аудандарына жол бермеуі керек. Алайда, соңғы уақытта осындай беталыс байқалады. Аудан әкімшілігінің қызметінен селқостық көрініп тұр. Бюджеттен тыс қаражатты іздестіру жұмыстары іс жүзінде жүргізілмейді: екі жылдың ішінде ешқандай нысан демеуші қаржысына салынбаған, жүзеге асырылған МЖС жобалары жоқтың қасы. Қос Естектегі ауыл клубының құрылысы әлі бітпеген, халық алдында ұят", - деді өңір басшысы аудан әкіміне қарата айтқан сөзінде.

Қарғалы ауданы тұрғындарымен бетпе бет әңгімелесу кезінде жол құрылысы, елді мекендерді газбен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандар салу сұрақтары талқыланды.

"Ауданның негізгі мәселесі - жол. Бұл облыс тұрғындарының барлығы үшін өзекті сауал, бірақ оны бірден шешу қиын. Өңірдің елді мекендері арасындағы жолдарды қаржылық мүмкіндіктерге қарай қалпына келтіретін боламыз", -деп сендірді Сапарбаев.

Бадамша ауылындағы кездесу бұдан бұрын жоспарланғандай ауылдық клубта емес, жергілікті әкімдік ғимаратында өтіп, осындай іс-шараға тән емес қысқа уақытта аяқталды. Өйткені зал әкімдік қызметкерлері мен жергілікті кәсіпкерлерге толы болды. Аймақ басшысының мемлекеттік қызметке немесе бизнеске қатысы жоқ адам бар ма деген сұрағына тек бір ғана адам қолын көтерді.

"Әкімдік қызметкерлерімен біз апта сайын бейнеселекторлық жиналыстарда кездесеміз. Сіздердің ешқандай сұрақтарыңыздың жоқ екенін білемін! Облыстық сот төрағасы, облыс прокуроры, өзге де құқыққорғау органдарының басшылары  мұнда не үшін келді? Біз мұнда қарапайым халық сұрақтарын қойып, мәселелерін шешу үшін келдік! Өткен жылы да осындай жағдай болып, сын айтылған. Ешқандай нәтиже шықпағаны ма? Мұндай кездесулерді әкімдікте өткізбеңдер деп айттым ғой. Әкімдікке кірудің өзі оңай емес! Бұл жерде ауыл клубы жоқ па?", - деді көңілі толмағандығын жасырмаған облыс әкімі, айтқандай, мемлекеттік қызметкерлердің қояр сұрақтары расында да болмады.

Өңір басшысы осындай кездесулердің негізгі мақсаты халықтың атқарушы және мемлекеттік биліктің жергілікті органдарымен арадағы қарым-қатынас пен сенімділік деңгейін арттыру болып табылатынын атап өтті.

"Кейбір басшылардың жұмысқа осылай қарауы салдарынан халықтың билікке деген сенімі төмендейді. Қарапайым халық: басшылар жиналып, өздері кездесу өткізді де кетіп қалды деп айтатын болады. Біз бұл жерге не үшін келдік, формальдылық үшін бе Рахат Мәжитұлы? Маған да осында келген өзге басшыларға секілді мұндай немқұрайлылықтың қажеті жоқ", - деді Сапарбаев кездесуді ұйымдастырғандарға келесіде осындай қателікке жол бермеулерін тапсырып. 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.44   490.7   4.77 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети